Вернуться к списку статей

«Астана» Юрмалаға ұшып барды

Футбол
1K
Бүгін «Астана» футбол клубының ойыншылары мен бапкерлері Чемпиондар лигасының екінші електік кезеңіндегі ойынын өткізу үшін Латвияға ұшып барды.

Өздеріңіз білесіздер, УЕФА Чемпиондар лигасының екінші електік кезеңі аясындағы «Спартак» (Юрмала)  «Астана» кездесуі 12 шілде күні өтеді. Бұл матч сәрсенбі күні кешкісін жергілікті уақытпен 19:00-де (Астана уақытымен 22:00-де) басталады.

«Жалпы жолға 5 сағаттан астам уақыт кетті. Астана – Рига бағытындағы ұшақ 4 сағат 25 минут ұшса, Латвияның халықаралық әуежайынан Юрмаладағы қонақ үйге дейін жарты сағаттай уақытта жеттік», – деп хабарлайды, «Астана» футбол клубының баспасөз қызметі.

Қазақстаннның үш дүркін чемпионы Юрмаладағы ойынға 21 ойыншымен аттанған:

қақпашылар – Александр Мокин, Ненад Эрич, Абылайхан Дүйсен,

қорғаушылар – Абзал Бейсебеков, Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Марин Аничич, Евгений Постников, Игорь Шитов;

жартылай қорғаушылар – Серікжан Мұжықов, Асхат Тағыберген, Иван Маевский, Ласло Кляйнхайслер, Марин Томасов, Срджан Граховац, Мәди Жақыпбаев;

шабуылшылар – Джуниор Кабананга, Патрик Твумаси, Роман Муртазаев, Джордже Деспотович және Владислав Прокопенко.

Бүгін Қазақстан чемпионы жергілікті «Спартак» командасының Юрмаладағы стадионында жабық жаттығу жұмыстарын өткізеді. Ал ертең «Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойловтың қатысуымен баспасөз жиыны және ашық жаттығу жұмысы өтеді. 

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика