Түнде “B” тобындағы бар мәселе «Олимпиакос» пен «Янг Бойз» арасындағы матчта шешілді. Швейцария клубы жеңіске жеткенде, бұл топта екінші жолдамадан үш команда үмітті болар еді («Олимпиакос», «Янг Бойз», «Астана»). Бірақ бұл ойын тең аяқталды...
Сонымен, “B” тобынан плей-оффқа немесе 1/16 финалына АПОЭЛ мен «Олимпиакос» шығатын болды. Соңғы, алтыншы турда екеуі Никосияда кездесіп, қайсысы бірінші орынды иемденетіндігін екеуара матчта анықтайды.
Ал «Янг Бойз» бен «Астана» Бернде үшінші орынды сарапқа салады. Рас, дәл қазір «Олимпиакостың» еншісінде – 8 ұпай. Егер Грекия клубы соңғы турда ұтылып қалса, ал «Янг Бойз» бен «Астананың» біреуі жеңіске жетсе, қуып жете алады...
Бірақ екеуі де қуып жеткендерімен, Грекия клубының алдын орап кете алмайды. Иә, дәл қазір «Янг Бойз» бен «Астананың» еншісінде – 5 ұпайдан. Соңғы турда біреуі жеңіске жетсе, қоржынында 8 ұпай болады.
Бірақ екеуі де «Олимпиакостан» жоғары орналасып, екінші орынға шыға алмайды. Себебі «Янг Бойз» да, «Астана» да Грекия клубынан өзара қос ойында есе жіберіп алған:
«Олимпиакос» – «Астана» – 4:1 және 1:1,
«Олимпиакос» – «Янг Бойз» – 1:0 және 1:1.
Бәлкім, «Астана» кеш қимылдады дейтіндер табылар. Шынымен де, әу баста қамшыны басқанда, плей-оффқа шығуға да болар ма еді?! Бірақ Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі бастапқы турлар Қазақстан чемпионатының шешуші кезеңімен тұспа-тұс келіп қалды да, елорда клубы көсіле сілтей алмады.
Ойыншыларның біразы жарақат алып қалып, құрамы да селдіреп қалды. «Астана» клубы үшін биыл да чемпион атану маңызды болды. Жасыратыны жоқ, бүгінде Қазақстан чемпионы атанудың – маңызы зор, абыройы асқақ.
Себебі, ел чемпионы алтын медаль жеңіп алып қана қоймайды, сонымен қатар келесі жылы Чемпиондар лигасында бақ сынау құқығына ие болады. Әрі УЕФА-ның деңгейі ең жоғары лигасында «чемпиондар жолымен» додаға түседі. Бұл – Чемпионда лигасының топтық кезеңіне шығудың оңайырақ жолы!
Електік сатыларда, іріктеу ойындарында Испанияның, Англияның, Германияның, Италияның, Францияның азулы командаларына тап болмайды. Әрі Чемпиондар лигасына іліге алмай қалса, Еуропа лигасының електік кезеңінде бақ сынау мүмкіндігі беріледі.
«Астананың» жыл сайын чемпион болуды ойлап, Еурокубоктарға кейде жартылай қосалқы құрамын шығаратыны да осыдан. Ең бастысы, електік сатыларында асқан жауапкершілікпен ойнайды. «Тазы болып шалуды» біледі...
Еуропа лигасы. “B” тобы
15 қыркүйек, бейсенбі:
АПОЭЛ – "Астана" – 2:1
"Янг Бойз" – "Олимпиакос" – 0:1
29 қыркүйек, бейсенбі:
"Астана" – "Янг Бойз" – 0:0
"Олимпиакос" – АПОЭЛ – 0:1
20 қазан, бейсенбі:
"Олимпиакос" – "Астана" – 4:1
"Янг Бойз" – АПОЭЛ – 3:1
3 қараша, бейсенбі:
"Астана" – "Олимпиакос" – 1:1
АПОЭЛ – "Янг Бойз" – 1:0
24 қараша, бейсенбі:
"Астана" – АПОЭЛ – 2:1
"Олимпиакос" – "Янг Бойз" – 1:1
8 желтоқсан, бейсенбі:
"Янг Бойз" – "Астана"
АПОЭЛ – "Олимпиакос"