Вернуться к списку статей

Армандауға болмай ма немесе "Астана" қандай жағдайда топтан шығады

Футбол
2K
Еуропа лигасының «В» тобында көш соңыңда тұрғанымен елорданың «Астанасы» плей-офф кезеңінен әлі де үмітті. Алда екі тур бар. Екінші орын алып, көктемгі кезеңнен бір-ақ шығуы мүмкін. Бірақ, қандай жағдайда «Астана» топтан шығады? Осы жағын талқылап көрсек.

Екі ойыннан алты ұпай

Өткен турда өз алаңында «Олимпиакосты» жеңе алмағаннан кейін «Астана» топты бірінші орынмен аяқтау мүмкіндігінен біржола айрылған. Алайда, әлі плей-офф кезеңінен дәмелі. Рас, клуб басшылығы команда алдына мұндай тапсырма қойып отырған жоқ. Десек те, егер екі ойында да жеңіске жеткен жағдайда елордалықтар 8 ұпаймен топтық кезеңді 2-ші орынмен аяқтауы әбден мүмкін. Бірақ ол үшін басты бәсекелесіміз гректер де екі матчында да жеңілуі тиіс. Бүгін олар Пирейде «Янг Бойзды» қабылдаса, соңғы турда Кипрге қонаққа барады.

Мұндай жағдайда «Апоэл» 12 ұпаймен «В» тобында бірінші орынды иемденбек. Еншісіне 8 ұпай жазатын «Астана» екінші орынмен плей-офф кезеңіне шығады. «Олимпиакос» 7 ұпаймен үздік үштікті қорытындыласа, дәл осынша ұпаймен «Янг Бойз» көш соңында қалып қоймақ. Ал егер бүгін гректерді ойсырата жеңер болса, онда үшінші орынды швейцариялықтар иемденеді. Бірақ бұл – утопия. Біздің қиялымыздағы ғажайып қана.

Екі ойыннан төрт ұпай

Енді қиялды қойып, мүмкіндігімізді реалистік көзбен бағамдап көрейік. Рас, біздің бүгін өз алаңымызда «Апоэлді» жеңуге шамамыз жетеді. Сондай-ақ, түзде «Янг Бойзбен» тең ойнай алатын әлеуетіміз бар. Немесе керісінше, «Астана-Аренада» ұпай бөлісіп, Швейцариядан жеңіспен орала аламыз. Яғни, екі кездесуден төрт ұпай еншілеу қолдан келетін шаруа.

Мұндай жағдайда біз «В» тобын үшінші орынмен аяқтауымыз мүмкін. Бірақ ол үшін бүгін «Янг Бойз» да Пирейде сүрінуі тиіс. Ал «Олимпиакосты» ұтып кетіп жатса, онда швейцариялықтарды қуып жете алмаймыз. Тіпті, «сапалы сағат» пен «тәтті шоколад» елінің командасы плей-офф кезеңіне де шығып кетуі мүмкін. Бірінші орынды «Апоэл» алса, қоржындағы 6 ұпаймен «Астана» көш соңында қалып қояды.

Екі ойыннан үш ұпай

Бүгін «Апоэлді» ұтып, соңғы турда «Янг Бойздан» ұтылып қалсақ, осылайша қоржынымызға екі ойыннан үш, жалпы барлығы бес ұпай салар болсақ, онда турнир кестесіндегі жағдайымыз өзгермейді. Рас, 5 ұпаймен «В» тобында 3-орын алатын мүмкіндігіміз бар. Ол үшін «Астана» жеңіске бүгін емес, 8 желтоқсан күні Бернде жетуі тиіс. Өз кезегінде швейцариялықтар да бүгін «Олимпиакостан» ұтылғаны абзал.

Екі ойыннан екі немесе одан кем ұпай

«Астана» еурокубок додасында қатарынан 11 ойын бойы өз алаңында жеңіліп көрмепті. Бүгін де сол дәстүрді жалғастыратын мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ, 8 желтоқсанда Берннен де бір ұпай алып қайтуға шамамыз жетеді. Яғни, Еуропа лигасының топтық кезеңін төрт ұпаймен қорытындылауымыз мүмкін. Бірақ бәрібір «В» тобында 3-ші орын алуға аздық етеді. Рас, ұпай саны бойынша «Янг Бойзды» қуып жетеміз. Дегенмен, УЕФА ережесі бойынша мұндай жағдайда гол айырмашылығына емес, өзара кездесудің қорытындысынан кейін командалардың жеңіс санына қарайды. Ал швейцариялықтар бұған дейін бір рет «Апоэлді» тізе бүктірген. Яғни, «Астана» соңғы екі ойыннан екі немесе одан кем ұпай еншілейтін болса, онда турнир кестесіндегі жағдайымыз өзгеріссіз қалады.

5-тур (24 қараша)

Астана – Апоэл

Олимпиакос – Янг Бойз

6-тур (8 желтоқсан)

Янг Бойз – Астана

Апоэл – Олимпиакос

«В» тобының 4-ші турдан кейінгі турнир кестесі

Орын

Команда

Ойын

Жеңіс

Тең ойын

Ұтылыс

Доптар

Ұпай

1

Апоэл

4

3

0

1

5–4

9

2

Олимпиакос

4

2

1

1

6–3

7

3

Янг Бойз

4

1

1

2

3–3

4

4

Астана

4

0

2

2

3–7

2

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика