Вернуться к списку статей

“Олимпиакос” сапар шекті Астанаға...

Футбол
1K
Астанаға жол жүрер алдындағы жаттығу жұмысы. Фото: olympiacos.org
Грекияның «Олимпиакос» клубы Еуропа лигасындағы төртінші ойынын өткізу үшін Астанаға жол тартты.

«Олимпиакос» клубының әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында өз футболшыларына сәт сапар жолдаған тілектері көбейіп кетті. Ойыншыларының әуежайда, ұшақ ішінде костюммен түскен суреттерінің астында ақ жол тілеген жанкүйерлер пікірі де жыпырлап көбейе бастады.

«Олимпиакос» клубының ресми парақшасында «Келесі... бекет Қазақстан! Үнемі біздің жанкүйерлермен бірге! Келесі аялдама – Қазақстан! Үнемі біздің жанкүйерлерге жақын» деп жазылыпты. Өйткені Эстебан Камбьяссо бастаған «Олимпиакос» футболшылармен әуежайда да суретке (селфиге) түсіп, қолтаңбаларын алған жанкүйерлер қарасы аз болмаған сияқты.

Грекия командасының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, «Олимпиакостың» бас бапкері Паулу Бенту Астанаға мына футболшылары алып кетуге шешім қабылдаған:

Леали, Хутесиотис, Капино, Андруцос, Рецос, Ботия, Фигейраш, Камбьяссо, Мартинш, Эльюнусси, Мантатис, Себа, Кардосо, Браун Идейе, Бухалакис, Домингес, Элабделлауи,  Ромао, Цимикас, Виана, Вурос.


Фото: facebook.com/OlympiacosFC 

«Олимпиакос» сапында кейбір ойыншылар алаңға шықпайтын сияқты. Мысалы, Марко Марин жарақат алып қалған. Сол аяғының тізесі жанына қатты батпаса да, оны дамылдатып алатын болыпты.

Миливоевич және Фортунис сынды белді ойыншыларын да тынықтырып алуды жөн санағандай. Бас бапкері оларды Грекияда қалдырып кеткенге ұқсайды. Сондай-ақ Кошта мен Белья да, тағы да басқа кейбір футболшылары көрінбейді. Тіпті Себа да ауырсынып жүрген сияқты...

«Олимпиакос» елордада «Астанамен» кездескен соң бірден кері ұшады. Өйткені, 6 қараша күні Грекия чемпионатында өздерінің өкшесін басып, екінші орында келе жатқан «Панатинаикос» клубымен кездеседі. Өте маңызды ойын...

Қазір екеуінің арасын төрт-ақ ұпай бөліп тұр. «Олимпиакос» жеті ойыннан 18 ұпай еншілесе, «Панатинаикос» тура осынша жеті матчтан 14 ұпай жинаған. Сондықтан дәл қазір Паулу Бентудің командасына Грекия чемпионатындағы басты бәсекелесімен кездесетін ойын маңыздырақ сияқты...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика