Вернуться к списку статей

“Астана” биыл да қазақ жанкүйерлеріне Еурокубок додасын сыйлады

Футбол
2K
БАТЭ –
Сүйінші! «Астана» Беларусьтің Борисов қаласында жергілікті БАТЭ-мен 2:2 есебімен тең түсіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты.

Бұл ойында да «Астана» жасыл алаңға ең үздік ойыншыларының бәрін шығара алмады. Елордада өткен бірінші матчта Дмитрий Шомко мен Игорь Шитов ойнамаса, Борисовтегі қарымта кездесуде Ненад Эричке сенім арта алмады. Соңғы деректерге сенсек, жарақат алып қалған сияқты. Сондай-ақ Агим Ибраими де қатардан шығып қалыпты.

Жалпы, «Борисов-Аренадағы» қарымта матч шектен тыс шиеленісті өтті. Алаң иелері ысқырық шалынған бетте-ақ алға қарай лап қойды. Басында сол қанатпен шабуылдап, «Астананың» қорғанысын “піспектей” бастады.

Әрі қарқындарын бәсеңдетпей, шабуылды үдете түсті. Ойынның бірінші жартысында гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері болды. Алайда, теңбіл допты қақпаға дөп түсіре алмай, қара терге түсті.

БАТЭ ойыншылары біздің қақпашымызбен бетпе-бет шығып та, мүлт кетті. Алыстан теуіп те, жақыннан ұрып та жаза басты. Әйтсе де, бірінші тайм ортасынан ауа бір гол соғып, есеп ашты.

Бұл голды Қазақстан футболының түлегі, доп тебуді Қарағанды қаласының іргесінде бастаған Михаил Гордейчук соқты. Ол айып алаңының сыртынан шірене теуіп, қақпа торын бүлк еткізді. Рас, зулай ұшқан доп, жол-жөнекей қорғаушыларымыздың біріне тиіп, бағытын сәл өзгертті.

Бұдан кейін де БАТЭ тізгін тартпай, қауіп төндірумен болды. Қарбалас сәттердің бірінде орталық қорғаушымыз Юрий Логвиненко жарақттанып қалды. Бірақ бірінші тайм біткенше шыдады.

Екінші таймда Юраның орнына Сергей Малый шықты. Сондай-ақ Станимир Стойлов жартылай қорғаушыларымыздың бірінің орнына тағы бір қорғаушы шығарды. Атап айтқанда, Азат Нұрғалиевті Абзал Бейсебеков ауыстырды.

Сірә, «Астананың» бас бапкері алаң иелерінің бірінші таймдағы қарқындарын секем алып, қорғанысын күшейтуге бел буғандай. Алайда, Беларусь чемпионы ойынның екінші жартысында матч басындағыдай ширақ қимылдай алмады. Жылдамдықтары бәсеңсіп қалғандай.

«Астана» мұны бос жіберсін бе? Ұрымтал сәтті пайдаланып, таразы басын теңестірді. Ойынға бұрыштан қосылған допты Неманья Максимович басымен ұрып, қақпа ішіне дөп түсірді.

Бұл гол БАТЭ клубының ойыншыларына қатты әсер еткендей болды. Өйткені, енді оларға кемі үш гол соғу керек болатын. Бір голдың өзін 45 минут сабылып жүріп, әзер соққан алаң иелерінің ұнжырғалары түсіп кетті.

Көп ұзамай, «Астана» тағы бір гол соқты. Айып соққысын орындаған Патрик Твумаси теңбіл допты доғаша иіп, қақпа бұрышын дәл көздеді. Қазақстан чемпионы алға шықты!

Енді БАТЭ шындап сасайын деді. Өз жанкүйерлері алдында жеңіліп қалып, ұятқа қалғылары келмегендей. Тайлы-таяғымен атойлап, алға шапты. Кейбір ойыншылары өкініш пен ызаларын баса алар емес. Жүйкелері сыр бере бастады. Ақыры бір ойыншысы алаңнан қуылып тынды.

Десек те, алаң иелері тыраштанып жүріп, есепті теңестірді. Ойынның аяғында пенальти соғу мүмкіндігіне ие болып, Игорь Стасевич доп пен Мокинді қақпаның екі бұрышына жіберді... Есеп – 2:2.

Сөйтіп, «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Өйткені өз алаңындағы бірінші ойында 2:0 есебімен басым түскен. Қарымта матч 2:2 болып аяқталды. Сонда, жалпы есеп – 4:2.

Ал БАТЭ болса, үш жылдың ішінде қазақтың екінші клубынан «таяқ жеп», тауы шағылды. Естеріңізде болар, 2013 жылы «Шахтерге» шамалары жетпей, пұшайман болған... 

БАТЭ – «Астана» – 2:2  

Голдар: Гордейчук, 27 (1:0). Максимович, 50 (1:1). Твумаси, 76 (1:2). Стасевич, 89-пенальтиден (2:2).

82-минутта Риос (БАТЭ) алаңнан қуылды.

БАТЭ: Сороко, Гайдучик, Жавнерчик, Поляков, Риос, Стасевич, Володько (Сигневич, 55), Кендыш, Гордейчук (Мозолевский, 73), Родионов (Пикк, 86), Иванич.

«Астана»: Мокин, Шомко, Логвиненко (Малый, 46), Аничич, Шитов, Каньяс, Максимович, Мұжықов (Тағыберген, 85), Нұрғалиев (Бейсебеков, 46), Твумаси, Кабананга.

Бас төреші: Тони Шапрон (Франция).

Бірінші ойын – 0:2.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 23 – 7

Тура соққы: 7 – 4

Қиыс кеткені: 9 – 1

Тойтарылғаны: 7 – 2

Бұрыштама соққылар: 4 – 4

Оффсайдтар: 2 – 2

Ескерту (сары қағаз): 3 – 4

Аластату (қызыл қағаз) 1 – 0

Ереже бұзу: 12 – 14

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика