Вернуться к списку статей

"Астана" мен "Селтиктегі" ескі таныстар

Футбол
1K
Рохер Каньяс
Бүгін «Астана» Шотландия астанасы Глазгода жергілікті «Селтикпен» Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінің жауапты ойынын өткізеді.

Осыдан үш жұл бұрын «Селтик» Қазақстанның тағы бір командасы Қарағандының «Шахтерімен» текетірескен. Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі болатын. Екі команданың қатарында ойнаған «ескі таныстардың» кейбірі бүгін де бір-біріне қарсы шығады. Олар кімдер?

«Астана» – Александр Мокин, Сергей Малый, Рохер Каньяс

Қақпашы Александр Мокин 2011-2015 жылдар аралығында қарағандылықтардың негізгі қақпашысы болатын. 2013 жылы «Шахтер» сапында «Селтикке» қарсы екі кездесуде де 90 минуттан ойнады. Бірінші ойында да, екінші ойында да тамаша сейвтерімен көзге түскенімен жауапты матчта қақпасына үш доп жіберіп алды. Қазір ол «Астана» сапында Ненад Эричтің дублері. Бүгін де қосалқы құрамда отырары анық.

Жазғы трансфер кезінде «Ертістен» «Астанаға» ауысқан Сергей Малый бірден негізгі құрамнан орын алатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, Аничич пен Логвиненко тұрғанда Малыйға алаңға шығу қиын болып тұр. Егер Астана» – «Селтик» арасындағы бірінші ойын қазақстандықтардың пайдасына шешілгенде, онда бүгін бұл қорғаушыны да негізгі құрамнан күтуге болар еді. Ал осыдан үш жыл бұрын Сергей «Шахтер» сапында Алдин Джидичпен бірге керемет тандем құрап, шотландиялықтарға қарсы екі кездесуде де 90 минуттан ойнаған болатын.

Колумбиялық Рохер Каньяс 2013 жылы «Шахтер» сапында «Селтикке» қарсы екі кездесуде де 90 минуттан ойнап, сол маусымнан кейін «Астанаға» ауысып кетті. Қазір елордалықтардың айнымас бөлшегі. Өткен матчта алаңға шықты, бүгін де негізгі құрамнан орын алуы тиіс.

«Селтик» – Леандро Фасан, Эмилио Исагирре, Эфетоборе Эмброуз, Чарли Малгрю, Микаэль Лустиг, Дарнелл Фишер, Скотт Браун, Крис Коммонс, Томас Рогич, Лиам Хендерсон, Джэймс Форрест

Ол кезде 19 жастағы Леандро Фасан «Селтиктің» небәрі үшінші қақпашысы болатын. Тіпті, хаттамаға да енбеген. Бүгінде негізгі голкипер Крейг Гордонның дублері. Осыдан бір апта бұрынғы ойынды қосалқы құрамда отырып тамашалады.

Эмилио Исагирре «Астанамен» болатын ойынның қарсаңында жарақат алып қалды. Әйтпесе, бір апта бұрынғы ойынға қатысуы мүмкін еді. Ал үш жыл бұрын «Шахтерге» қарсы гондурастық қорғаушы бірінші матчта 82 минут ойнаса, екінші кездесуде қосалқы құрамда қалып қоюға мәжбүр болды.

Нигериялық легионер Эфетоборе Эмброуз немесе жай ғана Эфенің «Селтикте» жүргеніне биыл төртінші жыл. «Шахтерге» қарсы текетірестің біріншісін қосалқы құрамда отырып тамашалағанымен Глазгодағы ойынды бастан-аяқ жасыл алаңда өткізді. «Астанаға» қарсы да 90 минут ойнады. Бірақ, шотландиялық БАҚ кельттердің қақпасына соғылған гол үшін бір жағынан осы қорғаушыны да кінәлап жатқан жайы бар.

Чарли Малгрю да осыдан үш жыл бұрын қарағандылықтарға қарсы екі кездесуде де 90 минуттан ойнаған қорғаушы. Бірақ «Астанаға» қарсы бірінші кездесудің хаттамасына да енген жоқ.

Швеция ұлттық құрамасының қорғаушысы Микаэль Лустиг осыдан үш жыл бұрын да «Селтиктің» басты жұлдыздарының бірі болатын. «Шахтерге» қарсы текетірестің екеуінде де негізгі құрамда алаңға шыққан болатын. Бірақ бірінші кездесуде 67-минутта алмастырылды. Өткен жолы «Астанаға» қарсы да бірінші минуттан ойқастады. Бүгін де кельттердің қорғанысын қымтайтындардың бірі болмақ.

Ағылшын қорғаушысы Дарнелл Фишер 2013 жылы жастығына байланысты хаттамаға енбеген шығар. Ал қазір бәсекелестікке шыдай алмай жүрген секілді. Бір қызығы, оның шотландиялық клубтың сапында жүргеніне бес жылдан асып барады екен.

Жылтыр бас Скотт Браун сол кездің өзінде «Селтиктің» капитаны еді, әлі де сол міндетті атқарып жүр. Шыны керек, кельттердің ойындары көп жағдайда осы жігітке байланысты. Дөрекі ойнайтын Браун «Шахтерге» қарсы ойнап та, «Астанаға» қарсы шығып та ескерту қағаздарын алған.

Осыдан үш жыл бұрын Крис Коммонстың «Селтик» сапындағы орны ерекше еді. Үнемі негізгі құрамнан орын алатын. «Шахтерге» қарсы бірінші матчты толық өткізді, екіншісінде 79 минут ойнады. Соның өзінде қақпамызға бірінші голды соғып үлгерді. Ал қазір хаттамаға енуі де қиындап кетті.

2013 жылы «Селтик» сапына енді ғана қосылған Том Рогичті бапкерлер бірден алаңға шығаруға асыққан жоқ. «Шахтерге» қарсы текетіресті қосалқы құрамда отырып тамашалады. Есесіне, қазір аустралиялық жартылай қорғаушыға Брендан Роджерс үміт арта бастағандай. Бір апта бұрынғы матчта Рогич 77-минутта алаңға шығып, алаң ортасына орналасты.

2008 жылдан бері «Селтик» сапында жүрген Лиам Хендерсон ол кезде небәрі 17 жаста болатын. Сондықтан, шығар екі кездесуде хаттамаға енген жоқ. Алайда, содан бері жағдай аса өзгермеді. Лиам «Астанаға» қарсы ойынды да сырттан тамашалады.

«Селтик» футбол мектебінің түлегі Джеймс Форрест 2011 жылдан бері Шотландия ұлттық құрамасына шақыртылып жүр. Оны мамандар «тума талант» деп бағалаған. «Шахтерге» қарсы матчтарда Форрест грекиялық Георгос Самараспен бірге «Селтик» шабуылының басты жұлдызы болған. Тіпті, Глазгодағы ойынның соңғы минутында гол да соққан. «Астанаға» қарсы өткен ойында да қорғаушыларымызды біраз састырды.

Міне, бүгін осы ескі таныстар тағы да жасыл алаңда кездесіп қалулары ғажап емес. Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те басталады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика