Вернуться к списку статей

"Селтик" ойыншысы Патрик Робертс – Шотландиядағы ойыннан кейін Шомкоға қарап тағы күлемін

Футбол
1K
Патрик Робертс
Елордамыздың «Астана-Арена» стадионында өткен «Астана» – «Селтик» кездесуінде қорғаушымыз Дмитрий Шомкодан допты балаша алып қойып, әріптесі Ли Гриффитске нәтижелі пас берген 19 жасар Патрик Робертс Шотландияда express.co.uk сайтына сұхбат беріпті.

Сұхбат барысында Англия жасөспірімдер құрамасының жартылай қорғаушысы Қазақстандағы ойында Дмитрий Шомконың өзіне қарсы қасақана дөрекі ойнағанына көбірек тоқталыпты.

– «Селтик» гол соғардың алдында сәл уақыт бұрын Дмитрий Шомко маған қарсы өте дөрекі ойнады. Өзі қатты кеткенін түсініп тұрды. Бірақ маған қарап қулана күліп тұрғанын аңғардым. Бұл менің ызамды келтірді. Өзімді әзер ұстадым. Дәл солай дөрекілікпен жауап бергім келді. Алайда, менің Шомкоға жауабым басқаша болды, - депті Патрик Робертс.
 Сондай-ақ, «Селтик» ойыншысы Глазгодағы жауапты матч туралы өз ойын білдіріп, жасыл алаңдағы кез-келген жағдайға дайын екендігін жеткізген.

– Әрдайым алаңға шыққан кезде өте ауыр жарақат алып қалуға дайын боласың. Психологиялық тұрғыдан да мен мұндайға дайынмын. Дегенмен, біз әр кездесудің қарсаңында қарсылас команданың ойыншылары туралы мәліметтер алып отырамыз. Шыны керек, Шомко маған қарсы осылайша дөрекі ойнайды деп күтпеген едім. Жауапты матчта да қазақстандық тарапынан мұндай оспадар әрекеттерге дайын болуым қажет. Өзіме сенімдімін. Көреміз, Глазгодағы ойынның соңында кімнің күлетінін, - депті Патрик.
 Сөйтсек, Патрик кішкентайынан мұндай нәрселерге дайын болып өсіпті. Өзінің айтуынша, мінезінің қайралуына ағасы Адам көп көмектескен екен.

– Кішкентайымнан өр мінездімін. Мені осылай тәрбиелеген ағам Адамға алғысым шексіз. Ол мені аямайтын. Есесіне, қазір өмірдің қандай қиындығына болмасын, әзірмін, - дейді футболшы.

Айтпақшы, былтыр «Манчестер Сити» құрамында болған Патрик Робертс «Селтик» сапында жалға ойнап жүр. Шотландиялықтар сапындағы алғашқы ресми голын Гибралтардың «Линкольн» командасына соққан.

– Сол гол маған үлкен сенім сыйлады. Оның үстіне, «Селтикте» мен үнемі ойнайтын боламын. Бұл маған өзімді көрсету үшін керемет мүмкіндік. Бас бапкер Брендан Роджерс те мені ойыншы ретінде құрметтейді. Үміттерін ақтай беруге тырысамын, - дейді ол.

Сонымен, Глазгоның «Селтик Парк» стадионында өтетін жауапты ойын тамыздың 3-інен 4-іне қараған түні Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады. Бұл матчты тікелей эфирден «Қазақстан» ұлттық телеарнасы көрсетеді.

– Жауапты ойында өзімізге қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін бар күшімізді саламыз. Бізге стадион толы жанкүйерлер де көмек болады деп ойлаймын. «Селтик» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне лайық, - деп қорытындылады Патрик Робертс.
 Естеріңізге сала кетейік, «Астана» – «Селтик» арасындағы бірінші матч 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Енді жерлестерімізге келесі кезеңге шығу үшін Шотландияда қалайда бір голдан артық соғып, жеңілмеу қажет. Станимир Стойлов бастаған футболшылар Глазгоға бүгін таңертең ұшып кетті. Кешкісін алғашқы жаттығу жұмысын өткізеді. 


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика