Вернуться к списку статей

“Астана” неге “Селтикті” жеңіп кете алмады?

Футбол
2K
Кеше «Астана» Чемпиондар лигасы аясындағы кезекті кездесуін өз алаңында өткізіп, Шотландияның «Селтигімен» тең түсті.

Бұл Чемпиондар лигасының үшінші електік сатысындағы бірінші ойын болатын. Ал қарымта матч 3 тамыз күні Глазгодағы «Селтик Парк» стадионында өтеді. Әзірше, есеп – 1:1.

Негізі, кеше «Астана» басымдық танытып, қарсыласын тықсырып тастаған еді. Бірақ гол соғатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Тіпті ойын аяғында қонақтардың таразы басын теңестіруіне мүмкіндік беріп алды. Енді осы матчты саралап көрейік:

“Селтик” – тәжірибелі, “Астана” – жанкешті команда   

Қалай айтсақ та, «Селтиктің» тәжірибесі молырақ сияқты. Тіпті деңгейі жоғарылау деуге болады. Құрамындағы ойыншылары бәсеке көрігі мейілінше қызған Еуропа додаларында әбден ысылған, шыңдалған. Олардың көргендері «Астананың» кешегі адуынды шабуылы ғана емес.

Сондықтан олар Қазақстан чемпионының пәрменді шабуылдарына төтеп берді. Тіпті ойын аяғына қарай, таразы басын теңестіріп кетті. Жоқтан бар жасап, астаналықтар ойламаған жерде гол соғып кетті.

«Астана» негізінен ойыншыларының жанкештілігі мен қайсарлығының арқасында нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Тіпті дейгейі өзінен төмендеу «Жальгиристің» өзін тістене ойнап, жанкештілік танытудың арқасында ғана жеңді. «Қағаз жүзінде» былтырдан бері азды-көпті жинаған тәжірибесі бар болса керек еді. Бірақ сол тәжірибесін іс жүзінде толық көрсете алмай жүргендей.

Тіпті Қазақстан чемпионатының өзінде «Оқжетпес», «Тобыл», «Ақтөбе», «Жетісу», «Шахтер» командаларын әупірімен, жанкештілік танытуларының арқасында ғана жеңді. Деңгейінің жоғары екендігін тек «Ордабасы» және «Ақжайық» командаларымен өткен ойындарда ғана көрсете алғандай.

“Астана” – тым сақ, бейнетқор команда

Станимир Стойлов кеше өз қақпасына гол жіберіп алмауды көп ойлағадай. Алаңға бес қорғаушы шығаруы осы ойға жетелейді. Әрине, «сақтансаң – сақтаймын» деген аталы сөздегідей, сақ болған дұрыс. Бірақ «Астанаға» биыл ел біріншілігінде де, Чемпиондар лигасында да гол соғу қиямет-қайым болып тұр.

Бейнеті көп. Қаншама шабуылдарын кәдеге асыра алмай, қаншама мүмкіндіктерін мүлт жіберіп жүр. Ойын өрнектері тәп-тәуір, допты дер кезінде бір-біріне бере қойып, кез келген команданы қыспаққа алады-ақ. Бірақ соққан голдарының саны – тым аз.

Әзірше ел біріншілігінде 21 ойын өткізіп, 34 гол соқты (орта есеппен бір ойында – шамамен 1,6 гол). Ал Чемпиондар лигасында үш ойын өткізіп, үш гол соқты. 90 минут бойы тізгіндерін тартпай, айылдарын жимай шабуылдаса да, соның көбісін кәдеге асыра алмай, сан соғып қалып жүр.

Кім біледі, бәлкім жолдарын аштыру керек па? Құрбан шалса да, артық болмас па еді? Күлмеңіздер, мұның бәрі – футболда бар ырымдар. Біздің елдің өзінде футболшыларын мешітке де, шіркеуге де апаратын командалар бар...

  

Команданың төрт құбыласы тең емес...

Кейінгі күндері «Астана» командасының төрт құбыласы тең емес сияқты. Басшылары ауысты. Команданың басшылық тізгінін “көкпарға” салынды. Мұның бәрі ойыншылары мен бапкерлеріне де әсер ететін шығар.

Содан соң кейбір ойыншыларының биыл күзден қалмай “сатылатындықтары” жайлы ақпараттар жиілеп кетті. Мұның да кері әсері болатын сияқты. Мысалы, кеше Неманья Максимович жай оғындай жарқылдап көзге түспеді. Көңіл-ойы «Лионда» немесе басқа командада емес пе екен?.. Рохер Каньяс та бұрынғыдай емес сияқты ма?.. Шомко да жүр шатасып...

Қазақстан чемпионатының деңгейі төмендеп барады         

Шомко демекші, кеше «Селтик» есепті теңестіргенде осы Дима қателесті. Отандық бір сайттағы пікірлерден оқып қалдым, мұны бір жанкүйер Қазақстан чемпионатының деңгейімен ұштастырыпты.

Шынымен де, Шомко кешегідей Қазақстан чемпионатында допты денесімен көлегейлеп, алаң сыртына шығарып жіберуге тырысса, ешкім де соңынан жүгіріп барып, таласа қоймайды. «Е-е, доп бәрібір аутқа кетеді, үлгермеймін» деп тоқтап қалады. Ал Патрик Робертс жан ұшыра жүгіріп, соңына дейін таласты.

Иә, біздің төл чемпионатымыздың деңгейі төмендеп бара жатқандай. Алтынға екі-ақ команда ғана таласады. Үшінші орыннан үш команда дәмелі. Еуропа лигасында бақ сынаған үш командамыздың екеуі бірден жеңілді. Мақтаулы «Қайрат» та алысқа бармады. Енді, «Астананың» плей-оффқа шығуы екіталай болып тұр.

Тұздық

Әйтсе де, үмітімізді үзбейміз. Ел чемпионына сенеміз. «Астана» жанкүйерлерінің жүректерін қобалжытып, қара терге түсіріп барып, жеңіске жеткенді “ұнататын”, соны “дағдыға” айналдырған команда ғой. Бұл жолы да плей-оффта бақ сынау құқығына соңғы сәтте немесе секундтарда қол жеткізіп қалар деген дәмеміз де жоқ емес...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика