Вернуться к списку статей

Шотландия баспасөзі: Қазақстанды "Борат елімен" салыстыруға болмайды

Футбол
1K
Шотландиялық баспасөз бұл жанкүйерді қырғыз деді
Ертең «Астана-Арена» стадионында өтетін «Астана» – «Селтик» кездесуінің қарсаңында Шотландияның баспасөзін бір шолып шыққан едік.

Қазір Қазақстанның ғана емес, Шотландияның да футбол жанкүйерлері ертең елордамызда өтетін «Астана» – «Селтик» кездесуін тағатсыздана күтіп жүр. Ал кельттер елінің баспасөзі матч жайлы жарыса жазып, Станимир Стойлов командасын қалай ұтуға болатыны жөнінде «Селтиктің» бас бапкері Брендан Роджерске ақыл-кеңес беруде.

«Селтик» 3-5-2 жүйесімен ойнауы мүмкін

Мәселен, scotsman.com сайты ертеңгі матчта шотландиялықтар 3-5-2 тактикасын ұстанып шығуы тиіс дейді. Сондай-ақ, аталмыш сайт «Селтиктің» сенбі күні өткен Англия чемпионы «Лестерге» қарсы кездесуіне де тоқталған.  

– «Лестерге» қарсы шотландиялықтар тәп-тәуір ойнады. Еган О’Коннэл мен Саиди Янконың қорғаныстағы сауатты ойыны қазақстандықтарға қарсы командаға жаңа ғана қосылған Коло Туресіз-ақ ойнауға болатынын көрсетті. Жалпы, «Астанамен» болатын текетіресте Брендан Роджерс алаңға 3-5-2 жүйесін ұстанып шығуы тиіс. Бұл шотландиялықтар үшін ең сенімді тактика. Дәл осындай өрнекпен «Селтик» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз алаңында «Линкольнді» жеңген, - деп келтіреді scotsman.com.

Коло Туре «Астанаға» қарсы ойнамайды

– Өзінің жасыл алаңдағы карьерасында «Ливерпуль», «Арсенал», «Манчестер Сити» сынды клубтарда ойнап, осы жексенбі күні «Селтикпен» бір жылдық келісімшартқа отырған Коло Туре «Астанамен» болатын кездесу үшін Қазақстанға бармайды, - деп жазады bbc.com сайты.

Артынша ивуарлық қорғаушының да пікірін келтірген. Әлбетте, онда Коло «Жаңа командама көмектесуге дайынмын. Физикалық тұрғыда да, психологиялық тұрғыда да алаңға шығуға әзірмін» деп жауап берген.

Қазақстан – Борат елі емес

Ал heraldscotland.com сайты Қазақстанның алыстығын алға тартқанымен олар да кельттердің «Астананы» жеңетініне сенімді секілді.

– Қазақстанға бару үшін «Селтикке» 3000 мильді артқа қалдыруға тура келеді. Уақыт аралығы бар, оған күннің ыстық болатынын қосыңыз, қапырық және ылғал араласқан ауа-райында жанкүйерлер де алаң иелерін толассыз қолдайтын болады. Алаң да ол жақта жасанды. Дегенмен, бұл Брендан Роджерс командасына кедергі туғызбауы тиіс. Соңғы екі маусымда Астанадан «Марибор», ХИК, «Апоэль», «Бенфика», «Атлетико», «Галатасарай», «Жальгирис» сынды командалар жеңіс әкете алмаған. Ал «Селтикке» не кедергі болуы мүмкін?, - дейді heraldscotland.com.

Бұдан бөлек, бұл сайт еліміздің экономикалық және әлеуметтік жағдайына да тоқталып, Қазақстанды Орталық Азиядағы ең дамыған ел деп атады.

– Көпшілік Қазақстанды Саша Барон Коэн, яғни Борат Сагдиевтің комедиялық туындысымен байланыстырып, кедейлік жайлаған ел ретінде таниды. Рас, Астанадан тысқары шықсаңыз, бұл қаламен басқа қалалардың айырмашылығы жер мен көктей екенін байқайсыз. Бірақ Қазақстан Орталық Азиядағы ең дамушы мемлекет, - деп бағасын берді heraldscotland.com.

«Селтик» бес қорғаушысынан айрылды

dailyrecord.co.uk сайты «Селтиктің» бес қорғаушысынан айрылғанын жазады. Осындай ақпарат таратқан аталмыш сайт Қазақстанға даниялық қорғаушы Эрик Святченконың да бара алмай қалғанын атап өткен.

– «Астанамен» болатын ойынның алдында Брендан Роджерс осылайша бес орталық қорғаушысынан айрылып отыр. Үш аптаға қатардан шығып қалған Святченко Глазгода өтетін жауапты кездесуге де қатыса алмайды. Одан бөлек, Йозо Шимунович пен Дедрик Байота және Кристофер Айер де жарақаттарын әлі күнге емдеуде, - деген ақпарат таратты dailyrecord.co.uk

«Селтиктің» Қазақстандағы жанкүйерін қырғыз деп шығарды

Айтпақшы, eveningtimes.co.uk сайты «Селтиктің» Қазақстандағы жанкүйері «Джон Каршалов» туралы біраз зерттеп, одан Астана қаласы туралы сұхбат алыпты. Естеріңізде шығар, осыдан үш жыл бұрын Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясында өткен «Астана-Аренадағы» «Шахтер» – «Селтик» кездесуінен кейін шотландиялық клубтың мойынорамалын жамылып, жылап тұрған жанкүйер жігіттің суреті бүкіл қазақстандық сайттарға тарап, біразының жындарын қоздырған еді ғой.

Еveningtimes.co.uk сайты осы жанкүйер жігіт туралы өз беттерінше біраз зерттеп, оны Қырғызстан азаматы, Бишкек қаласының тұрғыны. Қазақстан астанасында жұмыс жасайды деп жазыпты. Тіпті, одан сұхбат та алған-мыс. Сөйтіп, «Джон Каршалов» сол «сұхбатында» шотландиялық жанкүйерлерге елордамыздың көрнекті жерлері туралы айтып, түнгі клубтарынан хабардар еткен. Сондай-ақ, қарны ашқандарға палау жеп көруді ұсынған.

Алайда, артынша «Джон Каршаловтың» өзінен сұрағанымызда ол шотландиялық баспасөзге ешқандай сұхбат бермегеніне ант ішіп, ойдан құрастырылған мақала екенін айтты. Ал өзі шынымен де «Селтиктің» жанкүйері және Көкшетау қаласының тумасы.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика