Вернуться к списку статей

Иосси Бенаюн және басқалар немесе "Маккаби" тарихындағы таңдаулы 10 ойыншы

Футбол
1K
Йосси Бенаюн бүгін де
Бүгін түнде Астана уақытымен сағат 23:00-де Алматының «Қайраты» Израильдің Нетания қаласында Тель-Авивтің «Маккаби» командасын жеңуге тырысады. Осы ойынның қарсаңында «Маккаби» футбол клубының соңғы жылдардағы ең үздік 10 ойыншының рейтингін жасап көрген едік.

Әлбетте, тарихқа терең үңілуді жөн көрген жоқпыз. Егер команданың дамуына үлес қосқан Иегошуа Глазер, Йоссеф Меримович, Авраам Бендори, Йосеф Гольдштейн, Эли Фукс, Итцик Шниор, Цвика Стодински, Рафи Леви, Мейр Нимни, Менахем Белло, Хаим Левин, Моше Асис, Гиора Шпигель, Дрор Бар Нур, Бенни Табак, Ави Коэн, Вики Перец, Моти Иванир, Алон Натан, Бонни Гинзбург, Эли Дрикс, Ури Малмилиан, Ави Нимни, Ицик Зохар, Нир Клингер сынды 1950-1980 жылдар аралығындағы барлық футболшыны тізіп шығар болсақ, онда израильдік футболшылардың басым бөлігін атап өтуіміз қажет болар еді. Сондықтан, соңғы жылдардағы саңлақтарына тоқталдық.  

10. Эран Захави (25.07.1987 ж.т., Израиль) жартылай қорғаушы – 2013-2016 ж.


Тель-Авивте «Маккаби» мен «Хапоэль» Италиядағы «Интер» мен «Милан» сияқты. Бір-бірімен алыс-берістері көп. Футбол мектебін «Хапоэльде» бастағанымен кейін Италияның «Палермосына» ауысты. Бірақ ең сәтті кезеңін «Маккабиде» өткізді. Бұл 2013-2016 жылдар аралығы болатын. Бапкерлер алқасы капитандық міндетті де Эранға сеніп тапсырған. Осы клубта ойнап, 2014 және 2015 жылдары Израильдің үздік ойыншысы болды. Алайда, биылғы осыдан екі ай бұрын Қытайдың «Гуаньжоу» 12,5 млн. еуроға ауысып кетті. Бұл Израиль чемпионатының тарихындағы рекордтық трансфер. Әзірге бағасын ақтап жатыр. Қытайға бара салып, бірінші ойында-ақ гол соққан ол 2010 жылдан бері ұлттық құраманың да негізгі футболшысы.

9. Винсент Эньеама (29.08.1982 ж.т., Нигерия) қақпашы – 2012-2013 ж.

Винсент Эньеама

Нигерия ұлттық құрамасының тарихындағы ең үздік қақпашылардың бірі Винсент Эньеама «Маккабиде» бір-ақ маусым өткізді. 27 кездесуде 23 гол соғып, команданың ішкі чемпионатта топ жаруына көп көмектесті. Бірақ, кипер Францияның «Лилль» клубына тиесілі болатын. Келесі жылы-ақ француздар Винсентті өздеріне қайтарып алды. Ал оның алдында қақпашы Тель-Авивтің екінші клубы «Хапоэльде» ойнаған.

Жалпы, Эньеаманың Нигерияның үш дүркін және Израильдің екі дүркін чемпионы деген атағы бар. Одан бөлек, Израиль кубогын жеңіп алған. 2013 жылы Африка кубогын иемденген. Бірақ, өткен жылдан бері ұлттық құрама сапында алаңға шығуды қойды.

8. Мени Леви (06.08.1980 ж.т., Израиль) қорғаушы – 2000-2002 ж.

Мени Леви Маккаби

Мени Левидің кәсіпқой футболдағы ғұмыры ұзақ болмады. 2002 26 қаңтары болатын. «Маккаби» Иерусалимде жергілікті «Бейтармен» кездескен. 10 минут. Әуелете ұшқан допты кеудесімен тоқтатқан Мени алға теуіп жіберді де, кенет естен танып құлады. Әріптестері жүгіріп келді, дәрігерлер тез жетті. Ойын кейінге шегерілді. Бір кезде қорғаушы есін жиғандай болған. Бірақ үйіне барып, сол күйі төсек таңып жатып қалды. Тұра алған жоқ. Содан бері Леви үнемі дәрігерлер қарауында. Ал «Маккаби» 12-ші нөмірді Менидің құрметіне орай, қолданыстан алып тастап, мәңгілікке қорғаушыға арнады.

7. Таль Бен-Хаим (31.03.1982 ж.т., Израиль) қорғаушы – 1998-2004 ж., 2015-бүгінге дейін.

Таль Бен-Хаим Маккаби 

«Маккаби» құрамында екі Таль Бен-Хаим бар. Біріншісі 34 жастағы қорғаушы болса, екіншісі 26-дағы жартылай қорғаушы. Рейтингке алғашқысын қосып отырмыз. Кәсіпқой футболдағы карьерасын сонау 1998 жылы «Маккабиде» бастаған Бен-Хаим израильдік клубта алты жыл доп теуіп, 2004 және 2015 жылдар аралығында Англияның «Болтон», «Челси», «Манчестер Сити», «Сандерленд», «Портсмут», «Вест Хэм», «Куинз Парк Рейнджерс», «Чарльтон» сынды клубтарында ойнаған. Израиль чемпионы, «Челси» сапында Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен. Өткен маусымда «Маккабиге» қайта оралды. Ұлттық құрама сапында 2002 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.

6. Алексей Косолапов (17.03.1971 ж.т., Ресей) жартылай қорғаушы – 1998-2000 ж.

Алексей Косолапов Маккаби 

Қазақстан футболсүйер қауымына жақсы таныс, еліміздің «Тобыл», «Жеңіс», «Ақтөбе» футбол клубтарында доп теуіп, бүгінде «ақтөбеліктердің» жастарын жаттықтыратын «Алексей Косолапов та бір кездері «Маккабиде» ойнаған. Екі маусымда 54 рет алаңға шығып, 11 гол соққан. 1999 жылы Израильдің вице-чемпионы атанған.

5. Георгий Деметрадзе (26.09.1976 ж.т., Грузия) шабуылшы – 2005-2006 ж.

Георгий Деметрадзе Маккаби 

Георгий Деметрадзе де қазақстандық жанкүйерлер есінде шығар. 2005 жылы жазда Алматыда өткен әлем чемпионатының іріктеу додасы аясындағы Қазақстан – Грузия кездесуінде қақпамызға екі гол соғып, сан соқтырып кеткен жоқ па еді?! Сол кезде Деметрадзе Ресейдің «Аланиясынан» Тель-Авивтің «Маккабиіне» ауысайын деп жүрген. Бірақ Израиль чемпионатына судай сіңіп кете алмады. 13 ойында үш-ақ гол соғып, Донецкінің «Металлургіне» қайта оралды. Футболдағы ғұмырын аяқтаған соң қылмыскерлермен байланысы бар деп, алты жылға абақтыға жабылды. Кейін рақымшылық жасалды. Бүгінде шенеунікке айналған ол «Торпедо Кутаиси» футбол клубының президенті.

4. Мехо Кодро (12.01.1967 ж.т., Босния және Герцеговина) шабуылшы – 2000-2001 ж.

Мехо Кодро Маккаби 

Әлемдегі ең әйгілі клубтардың бірі – «Барселона» сапында ойнаған футболшылар да «Маккабидің» намысын қорғаған. Ол босниялық шабуылшы – Мехо Кодро. 1995-96 жылдары каталониялық клубтың намысын қорғаған шабуылшы 32 кездесуде 9 гол соққан. Алайда, Израиль чемпионатында мергендігімен көзге түсе алмады. Пиренейдің «Реал Сосьедад», «Тенерифе», «Депортиво Алавес» клубтарында ойнап, Испания Ла-лигасынан кейін Соңғы маусымын Израиль чемпионатына арнаған босниялық шабуылшы «Маккаби» сапында 6-ақ рет алаңға шығып, бір ғана гол соққан.

3. Андрей Тихонов (16.10.1976 ж.т., Ресей) жартылай қорғаушы – 2000 ж.

Андрей Тихонов Маккаби

2000 жылдың жазында Андрей Тихонов «Спартактағы» сегіз жылдық қызметінен кейін Самараның «Крылья Советов» клубына ауысады деген хабар шықты. Бірақ, көп өтпей Тихоновтың Израиль чемпионатына ауысқаны белгілі болды. Әу баста келісілгендей екі ай Израильде доп тепті. Келісім бойынша, осы аралықта Андрей өзін көрсете алса, ұзақ мерзімге келісімшартқа отырулары тиіс болатын. Алайда, екі айда сегіз матч өткізіп, бір гол соққан ойыншыны тель-авивтіктер керек қылмады. Кейін Тихоновтың Қазақстанның «Локомотивінде» доп тепкенін білесіздер. Бірақ, бұл енді басқа әңгіме.

2. Ави Нимни (26.04.1972 ж.т., Израиль) шабуылшы – 1990-1997 ж., 1998-2003 ж., 2005-2008 ж.,

Ави Нимни Маккаби 

«Маккаби» футбол клубына үш рет оралған ойыншы. Осы аралықта израильдің клубтың сапында 400-ден астам ойында алаңға шыққан. Ал кәсіпқой футболдағы ғұмырын аяқтаған соң клуб басшылығы Ави Нимни ойнаған 8-ші нөмірді қолданыстан мәңгілікке алып тастап, соның құрметіне берілген. Иә, 15 жылын «Маккабиге» арнаған ойыншының қанша рет Израиль чемпионы атанғанын тізіп жатудың өзі артық шығар. Ал бұдан басқа Ави Мадридтің «Атлетикосы» мен Англияның «Дерби Каунти» клубтарында доп тепкен. 1992 жыл мен 2006 жыл аралығында ұлттық құрама намысын 80 матчта қорғап, 17 гол соққан.

1. Йосси Бенаюн (05.05.1980 ж.т., Израиль) жартылай қорғаушы – 1998-2002 ж, 2016-бүгінге дейін.

Йосси Бенаюн Маккаби

Рейтингіміздің көшін Йосси Бенаюн бастап тұр. «Аякс» футбол мектебінен бір жыл болса да тәлім алған жартылай қорғаушы «Маккаби» сапында 150-ге жуық ойын өткізіпті. «Ливерпуль», «Челси», «Арсенал» сынды Англияның алпауыт клубтарында ойнаған оның арманы жоқ шығар. Еуропа лигасының жеңімпазы. Өткенде Алматыда «Қайраттың» қақпасына гол соғып, есепті теңестіріп кеткен де осы.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика