Вернуться к списку статей

"Астананың" Чемпиондар лигасындағы жорықтары

Футбол
2K
Астана - Бенфика матчы
Бүгін «Астана» жаңа маусымдағы еурожорығын бастайды. Қарсыласы – Литваның «Жальгирис» футбол клубы.

Аталмыш матчтың қарасаңында Қазақстан футболының тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған командамыздың бұрынғы ұмтылыстарын еске түсіріп көрсек.

Бірінші жорық – Болгарияның «Ботеві» оңдырмады

2009 жылы құрылып, сол жылы-ақ ел чемпионатында 2-орын алған «Астана» еурокубоктық бәсекелерге қатысу құқығына бірден қол жеткізе алған жоқ. УЕФА-ның «құрылғанына кемі үш жыл болған командалар Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасына қатыса алады» деген ережесі кедергі болды. Осылайша алғашқы еурокубогына 2012 жылы ел кубогын жеңіп алып, 2013 жылы ғана қатысты. Алайда, алғашқы жорығы өте сәтсіз болды. Болгарияның «Ботевінен» алдымен өз жерімізде 0:1 есебімен ұтылып, түзде 0:5 нәтижесімен ойсырай жеңілдік. Сол масқарадан кейін бас бапкерлік қызметтен Мирослав Беранек кетіп, орнына румыниялық маман Йоан Андоне келді. Бірақ «Астана» басшылығы «Ботевтің» бас бапкеріне қызығып қалды. Ол кезде болгариялық клубты Станимир Стойлов жаттықтыратын. Маусым аяқталған соң «Астананың» атқамінерлері жабылып жүріп, ақыры Стойловты Қазақстанға шақыртып алды.

Екінші жорық – топтық кезеңге бір қадам

2013 жылы «Астана» ел чемпионатында күміспен күптеліп, тағы да Еуропа лигасында бақ сынауға мүмкіндік алды. Бұл жолы команданы Станимир Стойлов бастаған еді. Алдымен Арменияның «Пюнигін» оңай өтті. Одан кейін Израильдің «Хапоэлін» өз алаңында 3:0 есебімен жеңіп, түзде 0:1 есебімен ұтылғанына қарамастан келесі кезеңге жолдама алды. Швецияның АИК командасы да «астаналықтарға» аса қарсылық көрсете алған жоқ. Тек іріктеу додасының соңғы кезеңінде ғана Испанияның «Вильярреалына» шамалары жетпеді. Құрамында Джовани Дос Сантос, Денис Черышев, Кани сынды саңлақтар ойнаған испандықтар шынымен де мықты еді. Өз жерімізде 0:3 есебімен ұтылып, сыртта тағы бір допқа артық гол жібердік.

Үшінші жорық – тарихи маусым

Былтырғы жыл «Астана» үшін бақ пен бап қатар шапқан маусым болды. Алдымен Словенияда «Марибордан» 0:1 есебімен ұтылып қалды да, «Астана-Аренада» бар күшін салып, 3:1 нәтижесімен жеңіске жетті. Одан кейін Финляндияның ХИК командасы алдымыздан шықты. Шытырманға толы текетірес, әйтеуір жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Әйтпесе, 4:3 есебімен аяқталған сол кездесуде 0:2 есебімен жеңіліп жатқанымызды, 71-минутта Патрик Твумассидің алаңнан қуылғанын, ал жеңіс голы тек 90-минутта соғылғанын әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Суоми футболшыларын тізе бүктірген соң Кипрдің «Апоэлінен» айла асыру аса қиындық тудырған жоқ.

Осылайша, Қазақстан футболының тарихында алғаш болып «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Ары қарай өздеріңіз де білесіздер, өз алаңымызда бірде-бір матчты жеңілген жоқпыз. Түркияның «Галатасарайынан» екі кездесуде де ұпай алдық. Португалияның «Бенфикасы» мен Испанияның «Атлетикосын» да састырдық. Егер соңғы турда түріктермен сәл сәттірек ойнағанымызда Еуропа-лигасының да 1/16-финалына шығар едік. Бірақ қалай десек те, былтырғы маусым елордалықтар үшін өте сәтті болды.

Төртінші жорықта қалай жорғалаймыз?

Биылғы жорығын «Астана» Литваның «Жальгирис» командасына қарсы ойынмен бастайды. Бүгін Вильнюсте бірінші ойынын өткізсе, жауапты кездесуін 20 шілде күні «Астана-Аренада» өткізбек. Мамандар бұл текетіресті Станимир Стойлов шәкірттері еш қиындықсыз өз пайдасына шешуі тиіс деп есептейді. Бірақ бас бапкерлер өз командаларына сенімді.

Станимир Стойлов, «Астана» ФК бас бапкері:


– Жыл сайын өз мықтылығыңды дәлелдей түсуің керек. Иә, біздің тәжірибеміз молырақ деп айтуға болады. Бірақ қарсыласқа да мұрын шүйіре қарауға болмайды. Кейбіреулер біздің командамызды мықты деп есептеп, алдағы қарсыласымызды оңай өтеді деп есептейді. Дегенмен, мықтылығымызды жасыл алаңда дәлелдеуіміз қажет. Былтыр «Астана» өзінен бюджеті әлдеқайда көп командалармен кездескен. Сондықтан, бұл жерде қаржы мәселесі рөл ойнамайды. Ал былтыр «Астана» өз әлеуетінен де жоғары өнер көрсетті.

Вальдас Дамбраускас, «Жальгирис» ФК бас бапкері:


– Мұндай ойындарға дайындық барысында Чемпиондар лигасының топтық кезеңі қол созым жерде тұрғандай көрінеді. Бірінші іріктеу кезеңінен өтсек болды, ары қарай топтық турнир туралы армандай беруге болады. Бірақ, ең қиыны алғашқы қадамды адымдау. Біздің жігіттер өз күштеріне сенеді деп ойлаймын. Өйткені, көбісінің ұлттық құрамада, еурокубоктық ойындарда жинаған тәжірибелері зор. Олар өз күштерін жасыл алаңда көрсетулері тиіс.

«Астананың» еурокубоктағы ойындары

Маусым

Дода

Кезең

Қарсылас

Ойындар

Жалпы есеп

2013/14

Еуропа лигасы

1 Q

Ботев (Болгария)

0:1, 0:5

0:6



2014/15



Еуропа лигасы

1 Q

Пюник (Армения)

4:1, 2:0

6:1

2 Q

Хапоэль (Израиль)

3:0, 0:1

3:1

3 Q

АИК (Швеция)

1:1, 3:0

4:1

Плей-офф

Вильярреал (Испания)

0:3, 0:4

0:7




2015/16




Чемпиондар лигасы

2 Q

Марибор (Словения)

0:1, 3:1

3:2

3 Q

ХИК (Финляндия)

0:0, 4:3

4:3

Плей-офф

Апоэл (Кипр)

1:0, 1:1

2:1

С тобы

Бенфика (Португалия)

0:2, 2:2

2:4

С тобы

Атлетико (Испания)

0:4, 0:0

0:4

С тобы

Галатасарай (Түркия)

2:2, 1:1

3:3

2016/17

Чемпиондар лигасы

2 Q

Жальгирис (Литва)

13 шілде/20 шілде


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика