Оны тілінен ешкім тартқан жоқ. «Ақтөбе» венгрлерден өте алмаса, қызметімнен кету жайлы арыз жазамын деген өзі. Ендеше, еркек болса, сөзінде тұрсын.
Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желідегі өзінің ресми парақшасы арқылы осындай мәлімдеме жасаған «Ақтөбе» футбол клубының директоры Дмитрий Васильев егер уәдесіне берік жан болса, Будапешттен келе сала, арыз жазуы тиіс. Дегенмен, ол арызды облыс басшылығы қабылдай ма?
Бірақ, арызды қабылдамай, қайтарып тастайтындай, осы маманға екі қолдап жабысып алатындай Васильев «Ақтөбе» үшін не істеді? Жанкүйерлерді жіліктеп тастады, журналистерді теріс айналдырды. Ал команданың турнир кестесіндегі жағдайы анау: 19 турдан кейін 8-орында келеді. Енді міне, Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінен аса алмай, пұшайман болды. Өз алаңында «МТК Будапештпен» тең түскен Юрий Уткульбаев шәкірттері түзде мадиярлардың алдында тізе бүкті. Әр таймда бір-бір голдан жіберіп, 0:2 есебімен жеңілді. Алдымен Дарко Никач есеп ашса, 84-минутта Бернобаш Беше Отарбаев қақпасына екінші голды соқты. Ал, «Ақтөбе» еш қарсылық көрсете алған да жоқ.
Иә, команданың ойыны үшін бірінші кезекте бас бапкер жауапты. Алайда, «Ақтөбеге» осындай қажетсіз ойыншыларды тартқаны үшін Уткульбаевпен қатар Дмитрий Пантелеевич те жауап беруі тиіс. Мысал ретінде «Ақтөбенің» былтырғы көрсеткішімен биылғы нәтижелерін салыстырып көрелікші. Өткен маусымда 19-турдан кейін команда басты қуғыншысы «Қайратты» 4 ұпайға артта қалдырып, турнир кестесінде бірінші орында келе жатқан болатын. Биыл 19-турдан кейін көшбасшыдан 24 ұпайға артта. Турнир кестесінде 8-орында.
Рас, келісуге болады, бюджеті былтырғыдай емес. Дегенмен, солармен қаржысы шамалас «Оқжетпес» пен «Ертіс» ел чемпионатында әлдеқайда сауатты ойнап жүр ғой. Ендеше «Ақтөбе» үшін өзінің аузынан шыққан сәтті пайдаланып, Дмитрий Васильевпен келісімшартты үзе салған дұрыс-ау.
МТК (Будапешт, Венгрия) – Ақтөбе (Қазақстан) 2:0 (1:0)
Бірінші ойын: 1:1
Голдар: Никач, 7. Беше, 84.
«МТК Будапешт»: Хегедуш, Баки, Гргич, Никач (Хрепко 83), Сотмари (Борбей 62), Торгелле, Беше, Конто (Якоб 90), Поор, Геро, Вошш
«Ақтөбе»: Отарбаев, Ситдиков, Куаджа, Қайыров, Крюков, Жалмұқан, Цвейба, Митошевич, Бочаров, Дао (Голубов 57, Әбдікәрімов 81), Сорокин
Бас төреші: Николай Йорданов (Болгария)