«Ордабасы» Сербия клубына бір-ақ тайм төтеп берді. Рас, бірінші таймда Мұхтаров ойын ережесін бұзып, төреші пенальти берді. Алайда Пиасентиннің 11-метрлік нүктеден тепкен добын Бойченко ұстап алды. Бұл Шымкент командасының ойыншыларын жігерлендіре түссе керек еді.
Көп ұзамай Мұхтаров алаңның орта тұсында (қақпа маңында да емес) Исмаэль Фофананы “баудай” түсіріп, екінші рет ескерту алды да, дөрекі ойнағаны үшін алаңнан қуылды.
Екінші таймның басында алаң иелері қыспаққа алып, қысылтаяң сәтте Адырбеков те ойын ережесін бұзды. Төреші де қоймайды екен, тіпті батыл дерсіз, ойланбастан екінші рет «Ордабасы» қақпасына пенальти берді.
Бұл жолы 11-метрлік айып соққысын Пиасентин емес, екірнші таймда алаңға шыққан Матич орындап, Бойченконы қапы қалдырды. Осыдан кейін «Ордабасы» футболшыларының ұнжырғалары түсіп кеткендей болды. Ал «Чукарички» тізгінін тартпай, таңы екі гол соқты.
«Ордабасы» биылғы ел чемпионатын да қызыл-сары қағаздармен бастаған. Алғашқы төрт турда үш ойыншысы алаңнан қуылған болатын. Міне, Еуропа лигасында да қорғаушысы алаңнан қуылып, “одыр мінез” команда екенін дәлелдеп отыр.
Әрине, бір сағат кем құрамда ойнау оңай емес. «Ордабасы» сапындағы тәжірибелі ойыншылардың қайсарлық пен сабырлық танытқанның орнына алаңның бел ортасында дөрекі ойнап, таң қалдырды.
Керек десеңіз, бұл «Ордабасы» командасының Еурокубок додаларындағы ең ірі жеңілісі екен. Енді, 7 шілде күні есе қайтара ала ма? Күмәніміз басым... Әйтсе де, жеңіс күтеміз. Жай ғана жеңіс емес, ірі жеңіс!
«Чукарички» (Сербия) – «Ордабасы» (Қазақстан) – 3:0
Голдар: Матич, 49-пенальтиден (1:0). Каевич, 52 (2:0). Матич, 68 (3:0).
7-минутта Пиасентин пенальти соға алмады (қақпашы тойтарды).
29-минутта Мұхтаров алаңнан қуылды.
«Чукарички»: Стеванович, Пиасентин, Янкович (Доцич, 60), Стойкович, Джурич, Каевич, Живкович, Лагатор, Кнежевич (Машович, 71), Фофана, Мандич (Матич, 46).
«Ордабасы»: Бойченко, Төлебек (Гейнрих, 59), Мұхтаров, Абдулин, Адырбеков, Чатто (Бейсенов 86), Диакате, Симчевич, Гогуа, Тұңғышбаев, Касалица (Қожабаев, 84).
Бас төреші: Фабиу Вершшиму (Португалия)