Вернуться к списку статей

Еуропа лигасы: “Қайрат” түзде “Теутаны” тізе бүктірді

Футбол
2K
«Теута» (Албания) – «Қайрат» (Қазақстан). Фото: fckairat.kz
Алматының «Қайраты» Еуропа лигасының 2016/2017 жылдар маусымын жеңіспен бастап, түзде Албания клубын тізе бүктірді.

«Қайрат» Албанияның Дуррес қаласындағы «Нико Дована» стадионында жеңіске жетті. Әу баста-ақ мамандардың барлығы дерлік «Қайраттың» «Теутадан» басым түсетіндігіне сенімді болған. Алайда Албания клубы оңайшылықпен берілмеді.

«Қайрат» 70 минут бойы алаң иелерінің қорғанысын бұзып-жарып өте алмады. Қорғанысынан өтсе де, қақпашысынан айлаларын асыра алмай, қара терге түсті. Сондықтан көбінесе қақпаны алыстан нысанаға алуға көшті.

Алайда «Теутаның» қақпашысы тәжірибелі жігіт екен. Алыстан бағытталған соққыларды да дарытпады. Осылай бірінші тайм аяқталды.

Екінші таймда да «Қайрат» алаң иелерінің қорғанысын піспектеумен болды. 70 минутта оң қапталмен Бауыржан Исламхан алға қарай ентелеп, қақпаға тікелей тартып келе жатқан Аршавинге допты көлбеулете ысыра қойды. Андрей тоқтатпай теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.

Іле-шала алаң иелерінің таразы басын теңестіретін тамаша мүмкіндіктері болды. Алайда «Теута» футболшысының тепкен добы қақпа бағанасына тиіп, кері серпілді. Ойын соңында Асеведо да есепті еселей алмай, өз мүмкіндігін мүлт жіберді.

Әйтсе де, «Қайрат» түзде жеңіске жетіп, Қазақстан жанкүйерлерін қуантты. Енді Алматы клубының Еуропа лигасының келесі кезеңіне шығатындығына ешкім де күмән келтірмейді. 7 шілде күні алматылықтар бұған Алатау бөктерінде куә болып, көз жеткізе алад деп ойлаймыз.

«Теута» (Албания) – «Қайрат» (Қазақстан) – 0:1

Гол: Аршавин, 70.

«Теута»: Мочка, Шкала, Ходжа Р., Ходжа, Котобелли, Цюрбя, Лена (Ламця, 65), Хиля, Муста, Ходо (Грипши, 82), Магани (Ррабошта, 76).

«Қайрат»: Плотников, Қуантаев, Лунин, Маркович, Тесак, Тимощук, Бакаев, Аршавин (Асеведо, 78), Исламхан, Исаэль (Қуат, 80), Гоу (Тавамба, 92).

Бас төреші: Василис Димитриу (Кипр).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика