Вернуться к списку статей

Жасөспірімдер арасындағы УЕФА лигасында ел намысын «Астана» бозбалалары қорғайды

Футбол
1K
«Астана-2000» жасөспірімдер арасындағы УЕФА лигасында бақ сынайды. Фото: kff.kz
Астанада жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінің финалдық додасы аяқталып, УЕФА лигасының жолдамасын «Астана» футбол клубының ізбасарлары жеңіп алды.

Бүгін 2000 жылдан кейін туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының финалдық додасында шешуші ойындар өтті. Әуелі, бұған дейінгі екі матчта да ұтылып қалған «Қайрат» пен «Ертістің» ізбасарлары кездесті.

Былайша айтқанда, бұл қола жүлде үшін өткен матч болды. Осы ойында жеңіске жеткен команда үшінші орынға ие болатын еді. «Қайраттың» жас жеткіншектері қамшыны басып, 5:1 есебімен жеңіске жетті. «Ертістің» ержеткендері бұған дейінгі екі ойында бар күш-жігерлерін жұмсап алған ба, екінші рет ойсырай ұтылды.

Бұдан кейін «Астана-Аренаның» жасанды алаңына «Астана» мен «Ордабасы» клубтарының ізбасарлары шығып, бірінші орынды сарапқа салды. Өйткені, екеуі де осыған дейін өткізген ойындарында жеңіске жеткен болатын. Яғни «Қайрат» пен «Ертістің» бозбалаларын екеуі де ұтқан.

Биылғы ел біріншілігінде топ жарған команда келесі маусымда жасөспірімдер арасындағы Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын болады. Сондықтан финалдық дода, әсіресе соңғы матч тартысты өтіп, жауапкершілік жүгі тым ауыр болды.

Сонымен, соңғы матчта «Астана» бозбалалары «Ордабасы» таланттарын тізе бүктіріп, жеңімпаз атанды. Әрі келесі жылы жасөспірімдер арасындағы УЕФА лигасында бақ сынау құқығына қол жеткізді. Шымкенттен келген шымыр жігіттер екінші орынды қанағат тұтты. Қола жүлде «Қайраттың» қырандарына бұйырды.    

І тур:

«Ордабасы-2000» – «Ертіс-2000» – 4:2
«Астана-2000» – «Қайрат-2000» – 4:2

ІІ тур:

«Ордабасы-2000» – «Қайрат-2000» – 2:0
«Астана-2000» – «Ертіс-2000» – 5:1

ІІ тур:

«Қайрат-2000» – «Ертіс-2000» – 5:1
Голдар: Швырёв (4), Неумывакин – Мұхаметқалиев.

«Астана-2000» – «Ордабасы-2000» – 2:0
Голдар: Төлегенов, Прокопенко.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика