Вернуться к списку статей

Астанада Junior аула лигасы мәресіне жетті

Футбол
1K
Жаздың басында басталған шағын футболдан Junior аула лигасы мәресіне жетті. Бас жүлденің иесі тек пенальти сериясының қорытындысы бойынша ғана анықталып, финалда «Отандастар» командасын жеңген «Седьмой континент» жеткіншектері жеңімпаз атанды.

9-12 жастағы балдырғандар арасында өткен турнирдің ашылу салтанаты маусым айының басында Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өткен болатын. Барлығы 12 команда жиналған. Әр аула командасына кәсіпқой жаттықтырушылар бекітіліп, командалар алты-алтыдан екі топқа бөлінді. Командалар қарсыластарымен өз алаңында және түзде бір-бір ойыннан өткізді. Осылайша финалдық кезеңге «А» тобынан «Қыран» және «Отандастар» командалары жолдама алса, «В» тобынан «Замандас» және «Седьмой континент» жеткіншектері үздік шықты.

Жартылай финал текетірестері еліміздің бас аренасы «Астана-Аренада» өтті. Астана футбол федерациясының бапкері Александр Черников жаттықтыратын «Отандастар» командасы 2:1 есебімен «Замандасты» тізе бүктірсе, екінші жартылай финалда «Седьмой континент» еш мүмкіндік берместен «Жас Қыран» балаларын 2:0 есебімен ұтты.


Джуниор аула лигасының финалы

Финал. «Отандастар» мен «Седьмой Континент». Черников шәкірттері матчты қарқынды бастады. Үзіліске дейін есеп ашылмаған болатын. Екінші таймда «Отандастар» алға шықты. Дегенмен, кездесудің соңына таман «Седьмой Континент» таразы басын теңестіріп кетіп, матч пенальти сериясына жетті. Лотереялық кезеңде сәттілік «Жетіншінің» жеткіншектері жағында болды.

Junior аула лигасының марапаттау рәсіміне «Астана» футбол клубының ойыншылары да қатысып, жеткіншектер өздерінің сүйікті ойыншыларымен суретке түсіп мәз-мейрам болысты.

Junior аула лигасы

Жартылай финал

Отандастар – Замандас 2:1

Седьмой Континент – Жас Қыран 2:0

Финал

Отандастар – Седьмой Континент 1:1, 1:2-пен. 


Үздіктер

Үздік қақпашы - Мирас Қайратов

Үздік қорғаушы - Әмірхан Исенов

Үздік сұрмерген – Аян Сейтжапаров

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика