Вернуться к списку статей

«Тақтар таласы» мен Қазақстан футбол федерациясының арасында қандай ұқсастық бар?

Футбол
1K
«Тақтар таласы» мен Қазақстан футбол федерациясының арасында қандай ұқсастық бар?
«Тақтар таласы» – сценарист Джордж Мартиннің «Мұз бен от әуені» романдар желісі бойынша жазылған фэнтези жанрындағы драмалық телесериал. Қазақстан футбол федерациясы – ... бір сөзбен айтқанда, арасында ұқсастық көп.

Расыменде, әлемдегі нөмірі бірінші телетуындыға айналып кеткен «Тақтар таласымен» Қазақстан футбол федерациясында болып жатқан жағдайлар бір-біріне қатты ұқсайды. Қырғын көп, аяқтан шалу жетерлік, бірақ істеліп жатқан жұмыстар өте аз. Оқиғалар желісі де шым-шытырық. Бір сериясы екіншісінен өтеді. Келесі сериясында не боларын да топшылап біле алмайсың. 

Қазақстан футбол федерациясындағыдай «Тақтар таласында» да басты актер деген жоқ. Бүгін басты рөлде ойнаған кез-келген актеріңді Джордж Мартин келесі сериясында-ақ «өлтіріп» немесе «солтүстікке» аттандырып жібереді. Мәселен, кезінде Қазақстан футбол федерациясына президент болып Ерлан Қожағапанов келеді деп кім ойлаған? Оның қай әрекетін болмасын, болжау мүмкін емес еді ғой. Одан кейінгі кезең ше? ҚФФ президенті Сейілдә Байшақов болғанымен ел футболын оның бас хатшысы Қаныш Әубәкіров басқарған жоқ па? Қарап тұрсаң, тура «Тақтар таласындағы» жағдайлар секілді. Ал бұл екеуінің ойда жоқта бірінен соң бірінің кетіп қалуы көпшіліктің жағасын ұстатпаса да, таңдайларын қақтырғаны жасырын емес. Осы жерде де, шынын айтқанда, көпшілік футбол жанкүйерлері Әубәкіров кеткенімен Байшақов кемі күзге дейін президент болып, ел футболындағы өзгеріс жыл соңында өтетін Кезекті конференция кезінде болады деп топшылағаны рас. Бірақ, біздегі «Тақтар таласы» осынымен қызық. Бәрі аяқ астынан өзгеріп, Кезекті конференция келесі айдың 10-ы күні өтетін болып шешілді. Енді «Тақтар таласының» 2019 жылдың көктемінде шығатын сегізінші маусымын талқылағандай, футбол жанкүйерлері де ҚФФ-да болатын келесі айдағы өзгерістерді жан-жақты болжап, сол датаны асыға күтіп отыр.  

Осы орайда, «анау – мынау актер, мынаныкі ананың рөліне келеді екен» демей-ақ қояйық, біздің футболда да өзінің Джон Сноулары мен Дейенерис Таргариендері, Серсеялары мен Тириондары жетерлік. Тіпті, көңілдес Шая, қулығы зор Петир Бейлиш пен маңызды сәттерде естен танып, «арқасы ұстап кететін» Ходорларды да кездестіресің.

Ең бастысы, біздегі «Тақтар таласы» ертерек аяқталса екен деген ниет бар. Әйтпесе, «қыс жақындап қалды».

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика