Чемпиондар лигасы 1/8-финалының тағы екі жауапты кездесуі өтті. Клубтар арасында ширек финалға «Монако» мен «Атлетико» жолдама алса, «букмекерлер» арасында Асқар Ағатаев пен Мадина Асылбектің бағы жанды.
МОНАКО – МАНЧЕСТЕР СИТИ
(Сәкен Дөнесов VS Асқар Ағатаев)
«Эттихад» стадионындағы голдан жаңбыр жауған ойында «Манчестер Сити» француздарды 5:3 есебімен ұтқан болатын. Сол кездесуден Сәкен Дөнесов еншісіне бір ұпай жазса, Асқар Ағатаев қателескен. Монакодағы ойында алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалдың жолдамасын жұлып алды. Матчтың дәл есебін таппаса да Асқар Ағатаев алаң иелерінің 2:0 есебімен жеңіске жететініне бәс тігіп, гол айырмашылығын тапқаны үшін еншісіне екі ұпай жазған. Ал Дөнесов бұл жолы тең есепке болжам жасап, қатты қателесті. Нәтижесінде, 2:1 есебімен ақтаулық спорт журналисі Асқар Ағатаев ширек финалда.
АТЛЕТИКО – БАЙЕР
(Мадина Асылбек VS Жан Ахмадиев)
Германияда 4:2 есебімен қонақтар жеңіске жеткен. «Висенте Кальдерондағы» матч тыныш өтті. Нәтижесінде бірінші кездесуде гол айырмашылығын дәл тауып, екі ұпай еншілеген Мадина Асылбек ширек финалға шықты.
Сонымен, ширек финалға Ермұхамед Мәулен, Думан Балықбаев, Серік Досманбетов, Ая Өміртай, Еркін Шәкір, Дидар Сыдықбек және Асқар Ағатаев пен Мадина Асылбек жолдама алды. «Болжам-бәйгенің» келесі кезеңінің жеребе тарту рәсімі дүйсенбі күні өтеді.
Еурокубок болжам-бәйгесінің плей-офф кезеңіндегі ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.