22 шілде (сенбі)
«Астана» – «Тобыл» – 3:1
Екі ұжым 11-турда тең түсіп (1:1), бір ұпайды қанағат тұтқан болатын. Премьер-лиганың тобын бастап келе жатқан Стойловтың оғландары өз алаңында қалайда жеңіске жетуді көздейтіні анық. УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің 3-сатысына өткен «Астана» үшін ел біріншілігінде топ басынан түспеу де – аса маңызды.
Қостанайлық клуб ойыншылары 20-турды өз алаңында өткізіп, Оралдың «Ақжайық» клубын 2:0 есебімен ұтқан. Матч 3:0 есебімен аяқталуы тиіс еді. Қапталдағы төреші 89-минутта соғылған голды есепке алған жоқ. Қостанайлықтардың үшінші голын қапталдағы төреші «жеп қойғанын» футбол федерациясында төрешілерге бас-көз болатын департамент басшысы Николай Левниковтың өзі айтты. Астанада өтетін матч елордалықтар қанжығасына үш ұпай байлайды.
«Оқжетпес» – «Тараз» – 0:0
Көкшетауда өтетін бұл матч тең аяқталуы мүмкін. Премьер-лига тартысында қою шаңның арасында бір-бірімен іркес-тіркес келе жатқан екі ұжым үшін де ұпай ауадай қажет. Өз алаңында өткізген ойындарының дерлігінде жеңіліске ұшыраған «Оқжетпес» футболшылары жанкүйерлерінің алдында тағы да жанарымен жер сүзбес үшін барын салары анық. «Тараз» футболшылары да Әулиеатаға қомақты ұпай бөктере кету үшін келетіні белгілі.
«Ақжайық» – «Ордабасы» – 0:2
21-турда «Ақжайық» Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдайды. 11-турдағы екі клубтың ойыны 3:0 есебімен бітіп, «Ордабасы» ойыншыларының еншісіне үш ұпай жазылған болатын. Бұл жолы қалай болмақ? Турнир кестесінде үштікті түйіндеп тұрған «Ордабасы» бұл жолы да жеңістен үмітті. Оралға жүрердің алдында бас бапкер Алексей Петрушин футболшыларына аздаған демалыс беріп, бір сергітіп алды. Саудаға салынған ұжым ұта ала ма? Ұтады деп ойлаймын...
«Ақтөбе» – «Қайсар» – 1:2
Премьер-лигага қайта оралған Қызылорданың «Қайсары» жүлдеден үмітті. Ал көш соңындағы «Ақтөбе» өз алаңында өткізген ойындарда тек «Атырауды» ғана ұтты. Басынан дау арылмаған, бұрынғы басшысы істі болған «Ақтөбе» клубының турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес.
Қызылордалық клуб 11-турды өз алаңында өткізіп, «Ақтөбе» футболшыларын 3:2 есебімен ұтқан болатын. 20-турда «Атырау» командасын ұтқан қызылордалықтар премьер-лиганың әр турынан ұпай еншілеп, жоғары өрлеуді ойлайды. Сондықтан бұл жолы да жеңіске жетуге бар күштерін салары анық.
23 шілде (жексенбі)
«Ертіс» – «Шахтер» – 1:0
Павлодарда өтетін ойын бір доп айырмасымен «Ертіс» ойыншыларының жеңісімен аяқталуы мүмкін. Сербияның бас қаласы Белградта Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі ойынын өткізіп, ерсоқты болып қайтқан Димитар Димитровтің футболшылары Еурокубок додасынан шығып қалды. Енді олар премьер-лигада өз жанкүйерлерін қуантып, жеңіске жетуді көздейді.
«Қайрат» – «Атырау» – 2:1
Алматының «Қайратының» ел чемпионатында жеңіске сынық сүйем жетпей тоқтап жүргеніне – бірнеше жыл. Биыл да ел чемпионы атанудан басты үміткердің бірі – осы клуб. Кахабар Цхададзенің жігіттері 11-турда кеткен есені қайтара ала ма? Есе қайтарудың маңыздылығы сонда «Қайрат» биылғы ел чемпионатында 18 матч өткізді. Соның ішінде тек бір ойында ғана ұтылды. Биылғы біріншілікте «Қайратты» ұтқан жалғыз команда – әзірге «Атырау» ғана.
Албанияның «Скендербеу» клубына қарсы қарымта ойында есе жіберген (2:0) «Қайрат» үшін де Еуропа лигасының биылғы маусымы аяқталды. Ел чемпионы атанып, УЕФА Чемпиондар лигасында бақ сынауды көздейтін алматылық клуб футболшылары үшін премьер-лиганың әр турынан үш ұпайды түгелдей алу – маңызды.
Нағидың екі ұпайын төреші “жеп” қойды...
Өткен ХХ турдың төрт ойынына "KazFootball.kz" республикалық ақпараттық футбол порталының директоры Нағи Бақытбеков болжам жасаған болатын. Төмендегі кестеден әріптесіміздің болжамы мен төрт ойынның нақты нәтижесін салыстарып көре аласыздар. Ал осы турдың көктемде өткен екі ойынына берген болжамын мына сілтеме арқылы өтіп, көруге болады.
Негізі, Нағи «Тобыл» – «Ақжайық» кездесуінің де нәтижесін дәл тапқан. Бірақ төреші қостанайлықтардың үшінші голын есепке алмады. «Тобылдың» ештеңесі кеткен жоқ. Үш ұпайын былай да алды. Ал біздің болжамшымыз екі ұпайынан қағылды...
Нағи Бақытбековтің ХХ турға берген болжамының қорытындысы
Ескерту:
* – Негізі, Нағи Бақытбеков екі ойынның нәтижесін дәл тапқан. Бірақ төрешілердің қателігінен екі ұпайынан айырылды. Фархат Әміренов бір матчтың нәтижесін дәл тауып, бір-ақ ойынның есебінен жаңылысты. Әділжан Үмбет бір матчтың нәтижесін дәл тауып, екі ойынның есебінен жаңылды. Ал Уәлихан Қосанбай бес ойынның жалпы есебін (екі ойынның доп айырмасын) болжап шықты.
** – Тұрлыжан Әйтенов бес ойынның жалпы есебін тапты, ал Асқар Ағатаев үш ойынның есебін (екі ойынның доп айырмасын) шешті.
*** – ХV турдың бір ойыны кейінге шегерілген.
**** – VІІІ турдың бір ойыны кейінге шегерілген.