Бүгін Қазақстан Премьер-лигасы ХХІV тур ойындары басталады. Матчтардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын бірінші кезеңде 4 ұпай жинап, финалға шыққан Сыр өңірінің спорт журналисі Әділ Жақанов ұсынады.
Қайрат – Ақтөбе 3:0.
Әр кездесуді финалға теңеген алматылықтардың бас бапкері Кахабер Цхедадзе бұл матчта да ұпай жоғалтпауы тиіс. Оның үстіне, үздік алтылықтың аутсайдері «Ақтөбені» қабылдайды. Ойынның тағдырын телефонмен шешетін Дмитрий Васильевтің «Қайратты» сатып алуға қаржысы жете қоймас. Менің ойымша, бұл кездесуде айқын басымдықпен алаң иелері жеңіске жетеді.
Ертіс – Оқжетпес 1:1.
24-ші турдың ең тартысты кездесуі Керекуде өтеді деп ойлаймын. Биыл көкшеліктердің «Ертіске» тісі баптай жүр. Енді Владимир Муханов өткен матчтардан қорытынды шығарып, бұл олқылықтың орнын толтырады деген сенім бар. Бір жағынан теріскейлік команда қаржылық қиындықтарды бастан кешіп жатыр. Сондықтан, бұл ойын тең есеппен аяқталуы әбден мүмкін.
Астана – Ордабасы 1:0.
Астана БАТЭ-мен қарымта матчтың алдында асыра күш жұмсамауы мүмкін. Елордалық клуб шымкенттіктерге қарсы кездесуде бірнеше белді футболшыларына демалыс беретін шығар. Бірақ, өз алаңында қандай құраммен ойнаса да Станимир Стойлов шәкірттері үш ұпайға қол жеткізуге тырысатыны анық. Әйтсе де, «Ордабасы» тең түсіп, жеңіске жетіп, сенсация жасап жатса да таңқалмаймын. Соған қарамастан ел чемпионына бүйрегім бұрып тұр.
Тараз – Атырау 2:1.
Екінші алтылықтың жайы белгілі. Үш ұпай «мұнайшылардан» гөрі жамбылдықтарға ауадай қажет. Премьер-лигада орнын сақтап қалу үшін «Тараз» барын салады. Ал «Атырау» енді қанша жұлқынса да 7 орыннан әрі аса алмайды. Алаң иелері сапында Тәжімбетов мергендігімен көзге түсіп, өз командасына жеңіс әпереді деген сенім бар.
Жетісу – Тобыл 1:2.
Өткен турда Ақжайықтан есе жіберген «Жетісу» енді өз алаңында Тобылдан ақысын қайтаруға тырысады. Бұрын талдықарғандықтарды баптаған Омари Тетрадзе мен шабуылшы Душан Савич үшін де бұл кездесудің маңызы ерекше болмақ. Не дегенмен қостанайлықтар бұл текетіресте жеңіске жетпесе ұтылмайтыны анық.
Шахтер – Ақжайық 3:1.
Жаңа бапкердің келуімен қарағандылық клубтың да ойынына қан жүгіріп, ұпай жинай бастады. Бұл жолы да «шахтерліктер» білгенінен жаңылмаса, жеңіске жетуі тиіс. Ал көш соңында қалған «Ақжайық» ұпай еншілуге тырысатыны белгілі. Бірақ, шамасы жетпейтін секілді.
Ал өткен жолы ел чемпионатының 23-тур ойындарына оралдық спорт журналисі Түгелбай Бисен болжам жасаған. Алты кездесудің нәтижесі бойынша еншісіне 6 ұпай жазды.
Түгелбай Бисеннің ХХІІІ турға жасаған болжамдарының қорытындысы | ||
Ойындар | Т.Бисеннің болжамы | Ұпай |
Астана – Ертіс 3:0 | 2:1 | 1 |
Оқжетпес – Қайрат 1:3 | 0:2 | 2 |
Ақтөбе – Ордабасы 4:4 | 1:0 | 0 |
Шахтер – Тараз 1:0 | 3:1 | 1 |
Ақжайық – Жетісу 1:0 | 2:1 | 2 |
Тобыл – Атырау 0:0 | 2:0 | 0 |
«Болжам-бұрыш» айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.