Думан бірінші ойыннан бері – бірінші орында. Алайда бұл жолы оны футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Максим Жалмағамбетов қуып жетті. Әрі бір ойынның нәтижесін дәл шешті (МТК –«Ақтөбе» – 2:0).
Қазақстан футболшылары кәсіподағының басшысы Әйгерім Сабралиева ер-жігіттерден қалысар емес. Бірінші ойындардың да, қарымта матчтардың да қорытындысы бойынша төрт ұпайдан еншілеп, екінші орынға орнықты.
Бұл жолы Айдын Қожахмет «қамшыны» басты. Бес ұпай еншілеп, үшінші орыннан бір-ақ шықты. Ербол Каиров та – алдыңғы лекте. Бірақ Айдын «Қайрат» – «Теута» кездесуін 3:0 есебімен аяқталады десе, Ербол алматылықтар екі гол ғана соғады деген. Яғни Қожахметтің болжамы – бір табан болсын жақындау.
Есен Елеукен футболды мамандардан бір мысқал да кем білмейтіндігін дәлелдеп келеді. Бұл жолы бір ойынның нәтижесін айна қатесіз шешті.
Даңқты қақпашымыз Құралбек Ордабаев бұл жолы қолы тимей жатып, өз болжамын асығыс берген еді. Әйтпесе бірінші ойындардан кейін көшбасшылар қатарында болатын. Құрал-аға алдыңғы лектегілерді әлі-ақ қуып жетер. Оған күмән келтірмейміз.
Әміржан Мұқанов – нағыз сұңғыла маман. Екі турдағы алты ойынның біреуінде ғана ұпай ала алмады. Қалған бесеуінде кемі бір ұпайдан еншілеп отырды. Ойын есебін тура таппады демесеңіз, жалпы болжамдарының тұзы татиды.
Бәйгемізге осы жолы ғана қосылған Әнуар Әбдірахмановтың да болжамдары түйден түскендей. Бұл қарқынымен көшбасшыларды қуып жетулері де ықтимал.
Ал Мұрат Сүймағамбетов пен Ілияс Омаров «елден қалып қоямыз-ау» деп өздерін ойламайды. Кейбір Қазақстан командасының жеңілетінін іштей біліп тұрса да, «жеңеді» деп шығады. «Ордабасы» мен «Ақтөбені» ренжітпейміз деп, қаншама ұпайдан қағылды. Екеуін тек «Қайрат» қана жерге қаратпай келеді.
Енді екі турдан кейінгі қорытынды кестемізге назар аударыңыздар (бірінші турдың қорытындысын мына сілтеме бойынша таба аласыздар):