Вернуться к списку статей

Төлеубек Әділбекұлы – "Астана" Жетісуда жер сүзеді

Футбол
1K
Спорт сарапшысы Төлеубек Әділбекұлы
Бұл айдар оқырмандар үшін ғана емес, букмекерлерге де таптырмас көмекші.

Ертең Қазақстан Премьер-лигасы 5-туры. Ойындардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын спорт сарапшысы Төлеубек Әділбекұлы ұсынады.

Қазақстан Премьер-лигасы, 5-тур (13.04.2016 ж.)

«Жетісу» (Талдықорған) – «Астана» (Астана) – 1:1

Премьер-лигада көш бастап келе жатқан «Астана» командасы Талдықорғанда ұпай жоғалтады. «Жетісу» футболшылары ел біріншілігін жап-жақсы бастағанымен, соңғы екі турда жеңіліп, турнир кестесінің соңына сырғыды. Егер енді жеңілсе, бас бапкер Алмас Құлшынбаевтың болашағы бұлыңғыр тартады. «Астана» қанша жерден көш бастап келе жатса да, былтырғыдай қарқын жоқ. Бәлкім, біріншіліктің басы болғаннан кейін ойындары үйлеспей жатқан болар. Меніңше, бұл ойын тең аяқталады – 1:1.

«Тобыл» (Қостанай) - «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 2:0

Маусымаралық үзілісте Дмитрий Огайды бас бапкер етіп тағайындаған «Тобыл» командасы әзірге жеңілмей келеді. Бұл жолы да «Ақтөбеден» айласын асыруы тиіс. Екі команда арасындағы соңғы төрт ойында «Тобыл» бірде-бір ұпай алмапты. Дегенмен, биылғы «Ақтөбенің» құрамын бұрынғыдай мықты деп айта алмаймыз. Ал, «Тобыл» болса, керісінше, маусымаралық үзілісте командаға мықты ойыншылар тартып, жап-жақсы ұжым жасақтап алды. Өткен турда «Ордабасының» алаңында бір ұпай алып кеткен Огайдың командасы енді өз алаңында жеңіске жетуге тырысады. Огай ең алдымен қорғанысты ойлайтын бапкер. Меніңше, 2:0 есебімен «Тобыл» жеңеді.

«Оқжетпес» (Көкшетау) - «Атырау» (Атырау) – 3:1

Былтыр үздік алтылыққа кірген «Атырау» футболшылары биылғы маусымда өз ойындарын табар емес. Осыған дейін өткен үш ойыннан бір ғана ұпай алған атыраулықтардың шабуыл шебі ақсап тұр. Бұл жолы олар барын салуы тиіс. Егер жеңілсе, Владимир Никитенконың Атырауда қалу қалмауы екіталай. «Оқжетпесті» осал деп айта алмаймыз. Соңғы екі ойында бес гол соққан көкшетаулықтардың ойыны тур өткен сайын шыңдалып келеді. Менің ойымша, «Оқжетпес» бұл жолы да жеңіске жетеді. «Атырау» ойыншылары ары кетсе бір гол соғуы мүмкін. Бірақ, жеңіс «Оқжетпестің» жағында қалады.

«Ертіс» (Павлодар) - «Ордабасы» (Шымкент) – 2:1

«Ордабасы» Павлодардан ұпай алып қайтады дегенге сеніңкіремей отырмын. Біріншіден, оңтүстікқазақстандық команданың негізгі қорғаушыларының бірі Гафуржан Сүйімбаев «Ертіспен» өтетін ойынға қатыса алмайды. Екіншіден, «Ертіс» биылғы маусымды өте жоғары деңгейде бастады. Жеңілмеуі былай тұрсын, павлодарлықтар өз қақпаларына әлі гол жіберген жоқ. Бірақ, бұл жолы Давид Лория өз қақпасын аман сақтап қалуы екіталай. «Ордабасыда» Эдин Юнузович сынды жоқ жерде гол соғып кететін футболшылар жетіп артылады. Алаң иелері де қарап қалмас, жеңіс үшін барын салады. Менің болжамым – 2:1. «Ертіс» жеңеді.

«Тараз» (Тараз) – «Ақжайық» (Орал) – 1:1

Премьер-лигаға биыл қайта оралған «Ақжайық» Тараздан бір ұпай алып қайтуға мүмкіндіктері бар. Ойын жағынан екі команда деңгейлес. «Тараз» өткен турда «Астанаға» біраз қарсылық көрсеткенімен, ұпай алып қалуға ойыншылардың тәжірибелері жетіспеді. «Ақжайықта» негізінен былтырғы құрам сақталған. «Таразға» қарсы тұрар күш Талғат Байсуфиновтің командасынан табылып қалар. Меніңше, бұл ойында тең ойын тіркеледі – 1:1.

«Қайрат» (Алматы) - «Шахтер» (Қарағанды) – 3:0

«Қайрат» бұл ойында жеңіске жетуі тиіс. Өз алаңында өтетін алғашқы ойын болғандықтан алматылықтар барын салады. Оның үстіне, команданың бас бапкері ауысты. Александр Бородюктің кезінде «ұйықтап» қалған орталық шепке Кахабер Цхададзенің келуімен қайта қан жүгірді. Қазір «Қайраттың» әрбір ойыншысы жаңадан келген бапкердің көңілінен шығу үшін неден болса да аянбайды. Қысқасы, «Шахтерге» бұл ойында бір ұпай да бұйырмайды. «Қайрат» күмәнсіз ұтуға тиіс – 3:0.

Ал өткен жолы ел чемпионатының 4-тур ойындарына спорт шолушысы Есей Жеңісұлы болжам жасаған. Алты кездесудің біреуінде матч қорытындысын тауып, еншісіне бір ұпай жазды.

Есей Жеңісұлының 4-турға жасаған болжамдарының қорытындысы

Ойындар

Е.Жеңісұлы болжамы

Ұпай

Ордабасы – Тобыл 2:2

2:1

0

Шахтер – Ертіс 0:2

1:1

0

Атырау – Қайрат 0:1

2:2

0

Астана – Тараз 2:1

3:1

1

Ақжайық – Оқжетпес 0:2

1:0

0

Ақтөбе – Жетісу 3:2

1:1

0


"Болжам-бұрыш" айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика