Вернуться к списку статей

Футзал: Әлем чемпионатында ұлттық құраманың мүмкіндігі қандай?

Футзал
596
Ертең Өзбекстанда футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Биыл оныншы мәрте ұйымдастырылып жатқан доп додасына 6 құрлықтың 24 құрамасы қатысады. Әлемнің ең үздік құрамалары қатысатын жаһандық сайыста Қазақстан футзалшылары доп тебеді. Әр төрт жылда бір рет өткізілетін дүбірлі додаға Кака бастаған біздің жігіттер осымен төртінші, ал қатарынан үшінші мәрте қатысқалы жатыр. Бұған дейін біздің футзалшылар Гватемала, Колумбия және Литвада өткен әлем біріншіліктерінде бақ сынаған.

Кейінгі жылдары Қазақстанда футзал спорты қарқынды дамып келеді. Осыдан үш жыл бұрын Литваның Вильнюс, Каунас және Клайпеда қалаларында өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз жаһандық біріншіліктің тарихында болмаған нәтиже көрсетіп, 4-орынға табан тіреді. Қола жүлде үшін өткен бәсекеде бес дүркін әлем чемпионы – Бразилия құрамасына тартысты матчта жол берді.

Өзбекстандағы әлем чемпионатында Кака шәкірттері үш жыл бұрынғы жетістікті жақсартуға тырысатыны анық. Оған Қазақстан құрамасының толық мүмкіндігі жетеді деп есептейміз. Өйткені жерлестеріміз әлем біріншілігіне жолдама беретін іріктеу кезеңінде де, дайындық кезеңінде де өте жоғары ойын көрсетті.

Іріктеу кезеңінде іркілген жоқ

2024 жылғы әлем чемпионатының элиталы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы А тобында Нидерланд, Румыния және Әзербайжанмен бір топқа түсті. Үшінші элиталы раундын қыркүйекте сырт алаңда Нидерланд құрамасымен бастап, 0:2 есебімен жеңіске жетті. Эдсон мен Тұрсағұловтың голдары құрамаға алғашқы үш ұпайды сыйлады.

Кейінгі турда өз алаңымызда Румынияны қабылдап, тартысты өткен ойында 4:3 есебімен тізе бүктірдік. Үшінші турда Әзербайжанды 2:4 есебімен жеңіп, төртінші турда Астанада өткен қарымта ойында 3:2 есебімен тағы да жеңіске жеттік. Осылайша ұлттық құрама әлем чемпионатына бір табан жақындай түсті. Ал желтоқсан айында Нидерланд құрамасымен өткен ойында біздің жігіттердің мерейі тағы да үстем болып, мерзімінен бұрын әлем біріншілігіне жолдама алды. Соңғы турдағы Румынияға қарсы ойында Кака шәкірттері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша алты матчта 100 пайыздық нәтиже көрсетіп, біздің жігіттер 18 ұпаймен А тобында бірінші орынға жайғасты. Қарсыластар қақпасына 17 гол соғып, өз қақпасына небәрі жеті гол өткізіп алды.

Әлем чемпионатына дайындық

Қазақстан ұлттық құрамасы Астана мен Алматы қалаларында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, бірнеше елдің футзалшыларымен жолдастық матч өткізді. Алдымен Астанада биылғы әлем біріншілігіне алғаш рет қатысқалы жатқан Тәжікстан ұлттық құрамасымен екі мәрте шеберлік байқасты. Бірінші ойын 3:0 есебімен жерлестеріміздің сенімді жеңісімен аяқталды. Голдарды Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов және Ақжол Дәрібай салды. Арада екі күн өткенде қос құрама футзалшылары қайта жолығып, бұл жолы да біздің жігіттер үстемдік танытты – 4:3. Құрама  сапынан Азат Валиуллин дубль авторы атанса, Арнольд Кнауб пен Дуглас бір голдан соқты.

Тәжікстаннан кейін ұлттық құрама өкілдері 2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия құрлығының 12 дүркін жеңімпазы Иран командасымен де екі мәрте жолдастық матч өткізді. Алғашқысында біздің жігіттер 4:1 есебімен басым түсті. Команда сапынан Жахангир Рашит, Дуглас, Ақжол Дәрібай мен Шыңғыс Есенаманов көзге түсті. Ал екінші кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Ұлттық құрама сапынан Біржан Оразов мергендік танытты.

Ал Алматы қаласындағы оқу-жаттығу жиынында 2016 жылғы әлем чемпионы, 2021 жылғы біріншіліктің күміс жүлдегері Аргентинамен ойнады. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайындағы кездесуде Қазақстан құрамасы Оңтүстік Америка өкілін 3:2 есебімен тізе бүктірді. Матчта Дәурен Тұрсағұлов, Ақжол Дәрібай, Арнольд Кнауб мергендік танытты.

Осындай нәтижемен Қазақстан ұлттық құрамасы 11 қыркүйекте әлем чемпионатына қатысу үшін Өзбекстанға аттанды.

Әлем чемпионатындағы қарсыластарымыз кімдер?

Биылғы 26 мамырда Өзбекстанның Самарқанд қаласында футзалдан әлем чемпионатының жеребесі тартылды. Қазақстан ұлттық құрамасы жеребе қорытындысы бойынша «D» тобына түсті. Қарсыластары – Испания, Жаңа Зеландия және Ливия құрамалары. Топтық кезеңдегі ойындарымыз 15, 18 және 21 қыркүйекте Әндіжан мен Ташкентте өтеді.

Испания – әлем чемпионатына 1989 жылдан бері қатысып келеді. 2000 және 2004 жылдары қатарынан екі дүркін әлем біріншілігінің жеңімпазы атанса, екі рет екінші орын, бір рет қола жүлде алған. Қазақстан Испания құрамасымен бүгінге дейін бес мәрте кездесіп, бесеуінде де жеңіліп қалған. Екі құрама ең кейінгі рет 2018 жылғы Еуропа чемпионатының жартылай финалында ойнаған. Сол кезде біздің жігіттер негізгі уақытта тең түсіп (5:5), пенальти сериясында жеңіліп қалған.

Ливия – биылғы әлем біріншілігіне екінші мәрте қатысқалы жатыр. Алғаш рет 2008 жылы Бразилияда өткен чемпионатта сынға түскен. 4 матчтың үшеуінде жеңіліп, Уругваймен 3:3 есебімен тең ойнаған. Сондай-ақ 2008 жылы Африка чемпионы атанған. Қазақстан мен Ливия бүгінге дейін бірде-бір мәрте кездеспеген.

Жаңа Зеландия – әлем чемпионатының дебютанты. Мұхит аймағы бойынша ұйымдастырылған іріктеуде Таити құрамасын 5:0 есебімен тізе бүктіріп, алғаш рет әлемдік додаға жолдама алды. Қазақстан құрамасы Жаңа Зеландиямен бірде-бір турнирде, жолдастық кездесуде ойнамаған.

Ұлттық құрама сапында қімдер бар?

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака 2024 жылғы Әлем чемпионатына шақырылған ойыншылардың қорытынды тізімін жариялады. Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында 14 ойыншы барады. Нақты тізімге 2 қақпашы мен 12 алаңдағы ойыншы енді. Қазақстан құрамасының құрамы:

Қақпашылар – Нарун Серіков, Игита
Алаңдағы ойыншылар – Арнольд Кнауб, Ринат Төреғазин, Ақжол Дәрібай, Әбдірәсіл Абдуманапұлы, Азат Валиуллин, Лео, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Жахангир Рашит және Дуглас Жуниор.

Қай қүні қай құрамамен ойнаймыз?

Қазақстан құрамасының ойындар кестесі:
15 қыркүйек
Испания – Қазақстан – 17:30
Әндіжан әмбебап спорт кешені, Әндіжан
 
18 қыркүйек
Ливия – Қазақстан – 17:30
Әндіжан әмбебап спорт кешені, Әндіжан
 
21 қыркүйек
Қазақстан – Жаңа Зеландия – 17:30
«Хумо Арена», Ташкент
Яндекс.Метрика