Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы спорт кешенінде өткен бірінші ойында біздің жігіттер азулы Испания құрамасымен жолығып, 1:1 есебімен тең ойнады. Кездесудің небәрі бесінші секундында Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов есеп ашып, Қазақстанның әлем чемпионаты тарихында соққан ең жылдам голының авторы атанды. Жалпы, бәсеке Қазақстан ұлттық құрамасы үшін ұтымды шабуылдармен, сәтті қорғаныстармен жоғары деңгейде өтіп жатқан еді. Алайда, ойынның 8-минутында төрешілер ойын ережесін бұзғаны үшін Дәурен Тұрсағұловқа қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Осылайша, шабуылшы Ливиямен өтетін ойынға қатысу мүмкіндігінен айырылды.
Осыдан кейін жерлестеріміз екі минут алаңда бір футболшы кем болып ойнап, испаниялықтарға гол соғуға мүмкіндік бермеді. Өкінішке қарай, бірінші таймның аяқталуына үш минут қалғанда Испания құрамасының ойыншылары таразы басын теңестіріп кетті. Мергендігімен Хесус Гордильо көзге түсті. Екінші таймда екі ұжым да гол соғып, таразы басын өздеріне аударуға тырысты, бірақ матч тең нәтижемен аяқталды. Сөйтіп, бірінші турдан Қазақстан мен Испания құрамалары бір ұпайдан иеленді.
Кездесу қорытындысы бойынша матчта 21 сейв жасаған Қазақстан құрамасының қақпашысы әрі капитаны Лео Игита ФИФА нұсқасы бойынша үздік ойыншы болып танылды. Ал топтағы екінші ойында Ливия құрамасы Жаңа Зеландия футзалшыларын 3:1 есебімен жеңіп, топта 3 ұпаймен көш бастады.
Матчтан кейін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака 2024 жылғы әлем чемпионатында Испаниямен (1:1) өткен алғашқы ойынды қорытындылады.
"Әрине, ойыннан кейін эмоция қалды. Өйткені, әлем чемпионаты енді басталып жатыр. Бүгін біз әдемі ойын өрнегін көрсете алмағанымызбен, командалық үйлесімділікпен ойнадық. Біздің бір ғана мақсатымыз бар – қай жерде жүрсең де Қазақстан намысын қорғау. Менің ойыншыларым бүгін соны дәлелдей алды. Ойын нәтижесіне қанағаттанбаймын, өйткені жеңіске жетеміз деп келдік. Дегенмен, ойында болған жағдайларға байланысты тең нәтиже жаман емес. Ең бастысы, шәкірттерімнің ойынына көңілім толады. Олар бүгін қиын ойынды алып шықты. Бүгін ойын алдында командаға жанкүйерлердің көп болатынын айттым. Қолдау мен қысымның айырмашылығын ұғыну керек. Бірақ қысым кез келген командаға ауырлық түсірмейді. Сол себепті оны артықшылық деп түсінген абзал", – деді ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Араға үш күн салып, Қазақстан құрамасы топтың көшбасшысы – Ливиямен жолықты. Бұл кездесуде біздің жігіттерге жеңіске жетіп қана қоймай, қарсыласты ірі есеппен жеңу тапсырмасы жүктелді. Өйткені топтық сайыста алғашқы бірінші және екінші орындарды кім алатыны тек ұпай санына ғана емес, соғылған мен өткізіп алған голдарға да байланысты болмақ. Сондықтан біздің футболшылар көп гол соғып, қақпамызға мейілінше аз гол өткізіп алуға тиіс еді.
Ойынның алғашқы минутында біздің футзалшылар жылдам гол соғуға тырысып, қарсылас құраманың қақпа маңайында жиі торуылдады. Кей сәтте біздің жігіттердің жолы болмай жатса, енді бірде қақпашы қырағалық танытты. Дегенмен, ойындағы бірінші голды біздің жігіттер соқты.
Кездесудің 15-минутында Ақжол Дәрібаев қарсылас қақпасынан саңылау тауып, ойынның есебін ашты. Алайда қазақстандық футзалшылардың да, жанкүйерлердің де қуанышы ұзаққа созылмады. Араға екі минут салып, Ливия сапынан Хамис таразы басын теңестірді. Дегенмен, Қазақстан құрамасының ойыншылары тез жинақталып, Біржан Оразов таблодағы есепті 2:1-ге өзгертті. Бірінші тайм аяқталуға екі минут қалғанда Жаһангир таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді. Ал екінші таймның 35-минутында Альберт Ақбалықов гол соғып, ойынның нүктесін қойды.
Ливияға қарсы матчтан кейін Пауло Рикардо Кака ойын туралы пікір білдірді.
«Егер сіз фаворит бола тұра, бірінші орынға шыққыңыз келсе, жеңістен бөлек, гол айырмашылығы да көп болуы керек. Сондықтан көш бастау оңай емес. Бірақ бүгінгі ойында жігіттердің көзқарасы, жеңіске деген талпынысы жоғары болып, барлық қиындықты жеңе алды. Олар тапсырманы толығымен орындады. Дегенмен, кейде біздің тактикамыз бен ойыншылардың көңіл-күйі сәйкес келмей қалды: кейде асығыстық таныттық, көп жағдайда гол соғуды қатты қалап, соңында түксіз қалып жаттық. Сапалы да, саны да көп шабуыл жасадық, бірақ соның көбін жүзеге асыра алмадық. Біздің басты мақсатымыз – жеңіске жету екенін ұмытпаған абзал. Егер әлдекімдер біз бір ойында 10 гол соғуымыз керек деп ойласа, қатты қателеседі. Әлбетте, футзал болғандықтан, бәрі де мүмкін. Бүгінгі ойында тағы да екі соғатын сәтіміз болды. Бірақ жүзеге асыра алмадық. Меніңше, нәтиже әділ», - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері.
Испания екінші турда Жаңа Зеландия құрамасымен кездесіп, 7:1 есебімен қарсыластарының тас талқанын шығарды. Сөйтіп, Қазақстан құрамасымен бірдей 4 ұпай жинап, гол санының айырмашылығы бойынша топта көш бастады.
Енді Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойынын 21 қыркүйек күні Ташкентте Жаңа Зеландияға қарсы өткізеді.