Қазақстандық клуб Чемпиондар лигасының алғашқы кезеңінде Молдованың «Петрокуб» командасына қарсылас атанды. 1999 жылы құрылған молдовалық ұжым бір мәрте ел чемпионы атанып, екі рет күміс, үш рет қола жүлдені жеңіп алған. Сонымен қатар екі рет ел кубогінде үздік шыққан. Еурокубок бәсекелеріне 2018 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Ең үздік көрсеткіші – Конференция лигасының үшінші сатысы.
Ал 75 жылдық тарихы бар «Ордабасы» клубы былтыр өз тархиында тұғыш рет Қазақстан чемпионы атанды. Екі рет ел кубогін жеңіп алды. Әр жылдары Еурокубок ойындарына қатысып тұрады.
Атақ жағынан да, тарих жағынан да «Ордабасы» клубы қарсыласынан алда тұрса да, екі ойын қорытындысы бойынша «Петрокубтан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Сөйтіп шымкенттік команда Конференция лигасына түсіп қалды.
Аталған турнирдің екінші кезеңінде «Ордабасы» Люксембургтің «Дифферданж 03» командасымен күш сынасты. Сырт алаңдағы алғашқы ойында қарсыласына 1:0 есебімен жол берсе, Шымкенттегі аса тартысты өткен қарымта матчта ойыннан кейінгі пенальти сериясында жеңіске жетті. Кездесудің негізгі уақыты 4:3 есебімен аяқталып (екі матчтың қорытындысы бойынша 4:4), 11 метрлік лотореяда шымкенттіктердің бағы жанды – 4:3.
Сөйтіп Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Ордабасы» армениялық «Пюник» клубымен шеберлік байқасты. Армения чемпионатында 16 мәрте топ жарып, 8 рет ел кубогін ұтқан «Пюник» Еурокубок бәсекесінде де жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Армениялық ұжым 2022/23 жылғы маусымда клуб тарихында тұңғыш рет Конференция лигасының топтық кезеңінде сынға түсті. Швейцарияның «Базель» (1:2, 1:3), Чехияның «Слован» (2:0, 1:2), Литваның «Жальгирис» (2:0, 1:2) командаларымен бір топта ойнап, 6 ұпаймен үшінші орынға тұрақтаған еді.
«Ордабасы» мен «Пюник» арасындағы алғашқы матч Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, қонақтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз голды 56-минутта Юсуф Отубанджо соғып, командасына өз алаңында өтетін жауапты кездесу алдында басымдық сыйлаған болатын.
Араға апта салып Еревандағы Вазген Саргсян атындағы стадионда өткен қарымта матчта да алаң иелері мықтылық танытып, бұл жолы да 1:0 есебімен жеңіске жетті. Голдың авторы – Юсуф Отубанджо. Екі ойында да мергендік танытқан Юсуф «Пюникті» Конференция лигасының плей-офф сатысына шығарды.
«Ордабасы» клубы матч барысында армениялық клубтың қақпасына бірнеше шабуыл ұйымдастырғанымен, қарсыласының осал тұсын таба алған жоқ. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша 2:0 есебімен жеңілген шымкенттік клуб Еурокубок ойындарымен қоштасты.
Енді аталған турнирде қазақстандық командалардан жалғыз «Астана» клубы ғана қалды. Елордалық ұжым Конференция лигасы үшінші іріктеуінде Румынияның «Корвинул» командасын (2:1, 6:1) жеңіп, плей-офф сатысына шыққан еді. Топтық кезеңге жолдама беретін матчта «Астана» Норвегияның «Бранн» командасымен кездеседі. Алғашқы матч 22 тамыз күні Норвегияда, қарымта матч 29 тамызда Алматыда өтеді.
«Пюник» – «Ордабасы» матчынан кейін шымкенттік клубтың бас бапкері Александр Седнев ойын туралы пікір білдіріп, клубтан кететінін мәлімдеді.
«Ең алдымен, «Пюникті» жеңісімен құттықтаймын. Өте қызықты матч болды. Ойынның соңын есептемегенде, бізде бірнеше мүмкіндік болды. Өйткені біз тәуекелге бардық. «Пюник» футболшылары қорғаныстағы қателікті пайдаланып, гол соғып кетті. Футболшылар ойын алдында қатты уайымдаса да, жақсы ойнап шыққаны үшін алғыс айтқым келеді. «Пюниктің» оңай қарсылас емес екенін түсінсек те, жеңісімізге сенімді болдық. Өкінішке қарай, алдымызға қойылған міндеттің бірін орындай алмадық. Мен басшылық пен футболшыларға клубтан кететінімді айттым. Бұл шешімді матчқа дейін қабылдап қойғанмын. Ешқандай эмоцияға байланысты емес. Командаға жаңа леп, жаңа көзқарас керек. Қазіргі уақытта «Ордабасы» чемпионатта көш бастап келеді. Жыл соңында команда тағы бір міндетті орындайды деп сенемін», - деді Александр Седнев.