Вернуться к списку статей

Конференция лигасы: «Астана» қарсыласын ірі есепен жеңіп, плей-офф кезеңіне шықты

Футбол
3K
Футболдан UEFA Конференция лигасының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан елорданың «Астанасы» турнирдің плей-офф сатысына жолдама алды. Үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Румынияның «Корвинул» командасын 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Румыниядағы екі команда арасындағы алғашқы матчта «Астана» қарсыласынан жеңіліп жатып, 2:1 есебімен жеңісті жұлып алған еді. Кездесудің 37-минутында алаң иелерінен Антонио Манолаке мергендік танытса, «Астана» сапынан 62-минутта Усман Камара таразы басын теңестірді. Ал 80-минутта Джеффри Чинеду өз командасын есепте алға шығарып қана қоймай, тамаша камбэк жасады.

Осы жеңістен кейін қазақстандық футбол жанкүйерлері «Астана» футболшылары өз еліміздегі матчта 2:1 есебімен сақтап қалуға тырысады деп болжаған еді. Алайда «Астана» ойыншылары жанкүйерлерге ұнайтын ойын көрсетіп, Румыниядан келген қарсыластарының қақпасын алты гол соқты.

Алматыдағы «Орталық» стадионда өткен қарымта кездесудің бірінші таймы «Астананың» аздаған басымдығымен өтті. Өйткені алғашқы 45 минутта Григорий Бабаян шәкірттері «Корвинул» қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, небәрі бір ғана гол соға алды. Жалғыз голды 13-минутта Джеффри Чинеду еншісіне жазды.

Ал екінші таймда «Астана» футболшылары гол соғудан тартынып қалған жоқ. 57 және 76-минутта Марин Томасов, 63-минутта Джеффри Чинеду екіннші голын соғып, дубльдің авторы атанды. Ал 73-минутта Назми Грипши, 84-минутта Эльхан Астанов өз аттарын бір мәртеден таблоға жаздартты. Ал «Корвинул» сапынан жалғыз жұбаныш голын 78-минутта Михай Велисар соқты. Осылайша «Астана» қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата жеңіп, плей-офф сатысына шықты.

Енді «Астана» клубы Конференция лигасының топтық кезеңіне шығу үшін «Сент-Миррен» (Шотландия) мен «Бранн» (Норвегия) клубтарының жеңімпазымен сарапқа салады. Бұл командалардың ойыны бүгін түнде өтеді.

Матчтан кейін «Астананың» бас бапкері Григория Бабаян «Корвинулмен» өткен ойын туралы пікір білдіріп, екі кездесуді қорытындылады.

«Есепке қарасаңыз, ойын оңай болғандай түйілуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде матч өте қиын болды. «Корвинул»  – мықты қысым көрсететін команда. Біз алғашқы минуттардан-ақ қысым болатынын білдік, сондықтан матч басталысымен ойынды жеңілдетуге тырыстық. Бар күш-қуатымызды қажет ететінін түсіндік, бірақ алғашқы 30 минутқа төтеп бергіміз келді. Сонымен қатар бірінші таймдағыдай қарсыласқа басымдық бергіміз келмеді. Гол соққанымыз жақсы болды, екінші таймда түзетулер енгіздік, бос орын көбірек болатынын білдік, бізде деңгей бар және оны пайдамызға асыруымыз керек болды. Осы айтылғандарды екінші таймда іске асырып, көп гол соғып, лайықты жеңіске жеттік. Өкініштісі, ойыншылар жарақаттанып қалды, кеше жаттығу барысында Ннамди, бүгін Марочкин мен Ян Вороговский ойын барысында жарақат алды. Белгілі бір кадрлық мәселелер бар, біз Еуропада басқа ырғақ, басқа жылдамдық бар екенін білеміз, жиі ұшатынымыз тағы бар. Оның үстіне, «Елімаймен» матч өткізіп, бір топ аяқдопшылар Семейге ұшып кеткендіктен, дайындық тығыз болды, толықтай жаттыға алмадық. Екінші таймда сапалы футбол көрсеткен жігіттерге рахмет. Бізді қолдаған жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді, осындай керемет атмосферада ойнаудың өзі бір ғанибет», - деді Григорий Бабаян.

 
«Астана» (Қазақстан) – «Корвинул» (Румыния) – 6:1
 
«Астана»: Йосип Чондрич (В) – Алекса Аманович, Кипрас Кажуколовас, Александр Марочкин (Бранимир Калайца 49) – Ян Вороговский (Марат Быстров 81), Назми Грипши (Исламбек Қуат 76), Макс Эбонг,  Карло Бартолец – Усман Камара (Эльхан Астанов 81), Марин Томасов, Чинеду Джеффри (Рамазан Кәрімов 76);

«Корвинул»: Штефан Лефтер (В) – Рожер (Ион Кэрэруш 66), Антонио Манолаке (Дорин Поп 46), Виорел Ликэ, Антонио Браду (Михай Велисар 66) – Денис Хрездак, Александру Някша (Александру Гырбицэ 85), Десли Уббинк – Николае Пырвулеску, Серджиу Буш, Мариус Лупу;
Яндекс.Метрика