Вернуться к списку статей

«Ел-Класикода» елордалық ұжым жеңіске жетті

Футбол
1K
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 18-тур ойындарында күтпеген тосын нәтижелер тіркелді. Топ басында келе жатқан төрт команданың үшеуі ұпайдан шашау шығарса, екі ұжымның бапкері төмен нәтижесі үшін жұмыстан қуылды.
 
«Тобыл» (Қостанай) – «Атырау» (Атырау) – 1:1
Голдар: Николай Сигневич, 12 (0:1). Ислам Чесноков, 71 (1:1)
 
Чемпионатты тәуір бастаған қостанайлық ұжым біріншілік мәресіне таяғанда болдырып қалды. Өйткені «Тобыл» футболшылары кейінгі матчтарының көбін сәтсіз өткізіп жатыр. Мәселен, өткен турда Алматыда «Қайратпен» тең ойнаса (2:2), бұл жолы өз алаңында «Атыраумен» ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Матчты «Атырау» ойыншылары өте белсенді бастады. Виталий Жуковский шәкірттері Стас Покатилов қорғаған қақпаға бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, кездесудің 12-минутында ақыры өз дегендеріне жетті. Беларусь футболшысы Николай Сигневич отандасы Игорь Стасевичтен тамаша пас алып, айып алаңы ішінен қақпаны дәл көздеді. Ойынның бірінші таймы дәл осы есеппен аяқталды.

Екінші кезеңде де қонақтар алаң иелеріне қарағанда белсенді болды. Допқа иелік ету бойынша «Тобыл» футболшылары алда болғанымен, қауіпті соққылар жағынан «Атырау» ойыншылары бәрібір басым болды. Дегенмен 71-минутта Ислам Чесноков мергендік танытып, «Тобылды» жеңілістен құтқарып қалды. Сөйтіп екі команда да бір-бір ұпайдан еншіледі.
 
«Қайсар» (Қызылорда) – «Ордабасы» (Шымкент) – 2:1
 
Голдар: Игорь Пластун, 16 (0:1). Думан Нәрзілдаев, 65 (1:1). Виталий Приндета, 70 (2:1).

Қызылорданың «Қайсары» бұл турадағы үш сенсацияның бірін тіркеді. Өз алаңында былтырғы ел чемпиондарын қабылдап, «Ордабасы» клубын жеңді. Шымкенттік жанкүйерлер Игорь Пластунның бірінші таймдағы голынан кейін «Ордабасының» жеңісіне сенімді болған.

Алайда екінші таймда Виктор Кумыков шәкірттері ойынға түбегейлі өзгеріс енгізіп жіберді. Алдымен 65-минутта былтыр «Ордабасы» сапында ойнап, негізгі құрамға іліне алмаған соң «Қайсарға» қайта оралған Думан Нәрзілдаев таразы басын теңестірсе, арада 5 минут өткенде Виталий Приндета «Қайсардың» екінші голын соқты. Осылайша қызылордалықтар тамаша камбэк жасап, турдың сенсациясын тіркеді.
 
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Елімай» (Семей) – 1:3
Голдар: Әлібек Қасым, 3-пенальтиден (1:0). Сэмюэль Одеоибо, 31 (1:1). Аслан Дарабаев, 53 (1:2). Роман Мұртазаев, 90+4 (1:3).

18-турдағы екінші ірі сенсацияны Семейдің «Елімай» клубы жасады. Ақтөбеге қонаққа барған Андрей Каропвич шәкірттері Қобыланды батыр стадионында жергілікті команданы өз жанкүйерлері алдында ірі есеппен жеңді. Кездесудің басы ақтөбеліктерге сәтті басталғандай еді. Ойынның үшінші минутында Әлібек Қасым пенальтиден есепті ашты. Голдан кейін қонақтар белсенді ойнап, басымдықты өз қолдарына ала бастады. Нәтижесі де көп күттірмеді. Бірінші таймның белортасынан асқанда Сэмюэль Одеоибо мергендік танытып, таразы басын теңестірді.

Екінші таймды да Андрей Каропвич шәкірттері өте қарқынды өткізді. 53-минутта Аслан Дарабаев «Елімайды» есепте алға шығарды – 1:2. Алаң иелері матч соғына дейін таразы басын теңестіруге қанша тырысса да, гол соғуға шамалары жетпеді. Есесіне матч аяқталуға жақын қалған тұста Роман Мұртазаев «Елімайдың» үшінші голын соғып, ойынның нүктесін қойды. Осы жеңілістен соң «Ақтөбе» бас бапкері Дмитрий Парфенов қызметінен кетті.
 
«Қайрат» (Алматы) – «Астана» (Астана) – 0:1
Гол: Марин Томасов, 81 (0:1).

Өткен аптада «Астана» футболшылары үшін сәтті өтті деп айтуға болады. Бейсенбі күні Конференция лигасының плей-офф кезеңінде Норвегияның «Бранн» командасын 3:0 есебімен жеңіп, топтық кезеңге жолдама алса, жексенбі күні отандық жанкүйерлер «Ел-классико» деп айдар таққан ойында Алматының «Қайратын» өз алаңында жеңді.

Бұл матч екі команда үшін де маңызды ойындардың бірі болатын. Және екеуіне де бір-бірінен жеңілуге болмайды, әсіресе, «Қайратқа». Өйткені олар өз алаңында ойнап жатыр және чемпионатта көш бастап келеді. Бірақ осындай басымдығына қарамастан, сол күні «Астананың» қарқынына төтеп бере алмады. Әрине, бұл матчта «Астана» футболшылары алаң иелеріне қарағанда жақсы ойнады деп айта алмаймыз. Тек бір ғана футболшының шеберлігі матч тағдырын шешіп кетті.
 
«Жетісу» (Талдықорған) – «Тұран» (Түркістан) – 0:0
Чемпионаттың кейінгі турларында сүреңсіз ойын көрсетіп жатқан «Жетісу» мен «Тұран» 18-турда бір-бірімен кездесіп, голсыз матчта ұпай бөлісті. Талдықорғандықтар осы матчқа дейінгі бес ойынның үшеуінде тең ойнап, екеуінде жеңілсе, түркістандықтар бір ойында жеңіске жетіп, екеуінде жеңіліп, екеуінде тең ойнаған.
 
«Шахтер» (Қарағанды) – «Жеңіс» (Астана) – 0:0

Турнир кестесінде көршілес орналасқан қос команда арасындағы ойында да жеңімпаз анықталмады. Қарағандылықтар бұл матчта ресми түрде алаң иелері саналғанымен, «Жеңіс» те осы маусымдағы ойындарын «Шахтердің» стадионында өткізіп жүр. Сондықтан екі команда да бірдей жағдайда ойнады және нәтиже де соған сай болды деп айтуға болады. Жеңіс былай тұрсын, бірнеше айдан бері ұпай ала алмай келе жатқан командалар осы турда бір-біріне ұпай сыйлады.
 
Турнир кестесі
Команда О Ж Т Ж Д-а Ұпай
1 «Қайрат» 18 9 5 4 27-16 32
2 «Ақтөбе» 18 8 7 3 29-19 31
3 «Елімай» 18 8 7 3 30-22 31
4 «Ордабасы» 16 8 6 2 26-14 30
5 «Қайсар» 17 6 7 4 18-19 25
6 «Тобыл» 16 6 6 4 23-17 24
7 «Атырау» 16 5 8 3 16-11 23
8 «Астана» 14 6 3 5 15-12 21
9 «Жетісу» 18 4 8 6 14-20 20
10 «Қызылжар» 17 5 8 8 17-17 18
11 «Тұран 15 3 4 8 11-22 13
12 «Жеңіс» 16 2 4 10 9-25 10
13 «Шахтер» 17 2 3 12 7-28 9
 
Яндекс.Метрика