Вернуться к списку статей

Эриксеннің магиясы. Дания наурыздағы камбэктің есесін қайтарды

Футбол
224

Қазақстан ұлттық құрамасы үшін Берлинге апаратын жолдағы шешуші ойындар басталды. 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатының күзгі іріктеу ойындары аясында Адиев шәкірттері Копенгагенде Даниямен жолықты.

Алаң иелерінің көңіл күйі матч алдында түсінікті еді. Наурызда Астанадағы кездесуде 2:0 есебімен ұтып тұрып, жеңістен айырылып қалғаны бар. Қазақстанның камбэгі жақын арада ұмтыла қоймас. Айтпақшы, сол ойындағы Асхат Тағыбергеннің голы Пушкаш сыйлығына ұсынылды.

Енді Копенгагендегі матчқа тоқталсақ, Қазақстанның бас бапкері Ян Вороговский мен Асхат Тағыбергенді қосалқы құрамға қалдырды. Соңғысының екі сары қағазы бар. Егер тағы біреуін алғанда Финляндиямен ойында алаңға шықпас еді. Бәлкім бас бапкер «сақтықта қорлық жоқ» деген болар.

Алғаш рет Адиев шабуыл шебінде Абат Айымбетов пен Максим Самородовты ойнатты. Бұған дейін Ақтөбе футболының қос түлегі бірінші минуттан бірге шығып көрмеген.

«Дат динамиті» Қазақстан қақпасынан саңылау таба алмай, біраз қиналды. Тіпті, Эриксен бастаған жігіттер білгендерінен жаңылысып, пастары түзу жетпей жатты. Бірінші таймның орта тұсында Данияның екі бірдей орталық қорғаушысы сары қағаз алды. Бұл жағдай алаң иелерінің жүйкесіне әсер еткені жасырын емес. Одан кейін тағы бір сәтте қарсылас Айымбетовті қақпаға жақын тұста құлатты. Қауіпті айып соққысын Бактиер Зайнутдинов орындады. Бірақ «Бешикташ» жартылай қорғаушысы биік тепті. Осындайда капитан Асхат Тағыберген болғанда ғой деп қалдық.

Бұдан кейін Дания футболшылары қарқындарын үдетіп, 36-минутта дегендеріне жетті. Көзге түскен Йонас Винн. «Вольфсбург» шабуылшысы айып соққысынан кейін мергендік танытты. Ал үзіліске шығар тұста Роберт Сков Қазақстан қорғаушыларының қателігін тиімді пайдаланды.

Екінші таймның басында алаңға Асхат Тағыберген мен Ян Вороговский шықты. Олар Абат Айымбетов пен Тимур Досмағамбетовті алмастырды. Алайда 48-минутта Дания футболшылары есепті 3:0-ге жеткізді. «Манчестер Юнайтед» жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксен бір паспен-ақ Роберт Сковты қақпашымен жеке-дара шығарды.

Арада 10 минут өткенде Асхат Тағыберген ұйымдастырған шабуыл өз жемісін берді. Ол оң қапталдағы Бағдат Қайыровқа асырса, «Тобыл» қорғаушысы Ян Вороговскийдің гол соғуына жағдай жасады. Сөйтіп, есеп айырмасы бір допқа қысқарды. Қайыровтың өзінің де гол соғатын мүмкіндігі болған. Бірақ басымен ұрған добы сәл қиыс кетті. Осы есеп ойын соңына дейін сақталып қалды.

Евро-2024. Квалификация. 7-тур. Н тобы

Дания –Қазақстан– 3:1

Голдар: Винн, 36 (1:0). Сков, 45+2 (2:0). Сков, 48 (3:0). Вороговский, 58 (3:1).Қазақстан: Шацкий, Әліп, Марочкин, Быстров,Досмағамбетов (Вороговский, 46), Бейсебеков (к) (Қуат, 62), Зайнутдинов (Дарабаев, 75), Қайыров, Самородов (Чесноков, 80), Айымбетов (Тағыберген, 46), Оразов.

Дания:Шмейхель, А. Кристенсен, Кьер (к), Андерсен,Сков (Р. Кристенсен, 69), Эриксен, Хейбьерг, Мехле, Хейлунн (Линдстрем, 90+1), Винд (Нёргор, 83), Дольберг (Поульсен, 69).

Бас төреші:Оливер (Англия).

Копенгаген, «Паркен». 37 000 мың көрермен.


Словения – Финляндия – 3:0

Голдар:Шешко, 16 пенальти (1:0). Шешко, 28 (2:0). Янжа, 90+2 (3:0).

Солтүстік Ирландия – Сан-Марино – 3:0

Голдар:Смит, 5 (1:0). Мадженнис, 11 (2:0). Макменамин, 81 (3:0).


Енді алда үш ойын бар. Алдымен 17 қазанда Финляндияға қонаққа барамыз. Ал қарашада Сан-Мариноны қабылдап, Словениямен сырт алаңда кездесеміз.

Н тобының қалған ойындары:

17 қазан

Финляндия – Қазақстан, Солтүстік Ирландия– Словения, Сан-Марино – Дания;

17 қараша

Қазақстан – Сан-Марино, Финляндия – Сев. Ирландия, Дания – Словения;

20 қараша

Словения – Қазақстан, Солтүстік Ирландия– Дания, Сан-Марино – Финляндия.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика