Өткенге шегініс
Руслан Мәдиев жуырда Irfin Promotions промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен Алматыда өткен бокс кешінде 66,7 кг салмақта өнер көрсетіп, WBA Asia чемпиондық белдігін жеңіп алды. 10 раундқа жалғасқан айқаста ол ресейлік Тигран Согояннан (7-1-1, 4 КО) төрешілердің шешімі бойынша басым түскен болатын – 98:92; 99:92; 100:90.
Алматыдағы бокс кешіне WBA Asia өкілдері, атап айтқанда, бокс қауымдастығының Бас хатшысы Вон Ким және төрешілер комитетінің басшысы Чарлем Прайадсаб қатысты. Чарлем Прайадсаб Мәдиев пен Согоян арасындағы титулдық жекпе-жектің төрешісі болса, Вон Ким супервайзер ретінде қызмет етті.
WBA Asia соншалықты қатал ма?
Алматыдағы чемпиондық жекпе-жекте Руслан Мәдиев әуелі WBA Asia чемпиондық белдіктің иесі таиландтық Киттисак Клинсонмен (8-1, 5 КО) үміткер боксшы ретінде жұдырықтасуға тиіс еді. Алайда кездесуге санаулы күн қалғанда WBA Asia аталған салмақтағы белдігін вакантты деп жариялап жіберді. Өйткені чемпиондық белдіктің иесі Киттисак Клинсон сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалған.
Әдетте ұйымдар чемпион боксшылары жарақат алған жағдайда жекпе-жектің уақытын шегеруді жөн көреді. Бірақ WBA Asia Киттисак Клинсонның жағдайына қарамастан, бірден чемпиондық атағын тартып алды.
WBA Asia ұйымының белдікті қорғау шарттары қандай?
WBA Asia қауымдастығының ресми мәлімдемесінде белдікті қорғау тәртібі былай көрсетілген:
– Ережеге сәйкес, жеңімпаз титулды жеңіп алғаннан кейін 90 күн ішінде белдігін қорғауға міндетті, егер мерзім ұзартылмаған болса. Егер чемпион титулды жеңіп алған күннен бастап 150 күн ішінде белдігін қорғамаса, онда сол белдік вакантты болып жарияланады.
Мәдиев чемпиондық белдігін қашан қорғауы мүмкін?
Егер ережеде айтылған 90 күнді алатын болсақ, Руслан Мәдиев белдігін осы жылдың соңында қорғауға тиіс. Ал ұйымнан мерзімді 150 күнге ұзартуды сұраса, онда ол 2025 жылғы ақпанның соңына дейін жекпе-жек өткізуге тура келеді.
Ringkz порталының ақпараты бойынша, Irfin Promotions компаниясы келесі жылдың қаңтар айында Руслан Мәдиевтің WBA Asia чемпиондық титулын қорғау жекпе-жегін өткізуді жоспарлап отыр. Жекпе-жек өтетін негізгі орын ретінде Мәдиевтің туған қаласы – Қарағанды қарастырылуда. Ал Русланның өзі жекпе-жекке дайындықты бастап кеткен.
ТОП-10 қарсылас
Қай уақытта болса да Руслан Мәдиевтің WBA Asia белдігін қорғайтыны анық. Бірақ қарсылас кім болады? WBA Asia қауымдастығының ережесіне сүйенетін болсақ, Руслан аталған ұйым рейтингінің алғашқы ондығында тұрған боксшылардың бірімен жұдырықтасуы мүмкін.
Олар:
1.Вадим Мұсаев (9-0, 5 КО), Ресей;
2. Жанқош Тұраров (28-0, 20 КО), Қазақстан;
3. Джо Нойнай (23-5-2, 11 КО), Филиппин;
4. Джофер Монтано (15-5,13 КО), Филиппин;
5. Шахкабас Махмудов (9-0, 8 КО), Ресей;
6. Кудратилло Абдукахоров (20-3, 12 КО), Өзбекстан;
7. Мин Нюо (8-4, 4 КО), Қытай;
8. Усман Вазиир (8-0, 5 КО), Пәкістан;
9. Ю Саб Шин (7-0, 7 КО), Корея;
10. Жан Месси (7-1, 4 КО), Камерун.