Бокс кеші алдында Әлішер ringkz.com сайтына шағын сұхбат беріп, дайындығы, алдағы жоспары, жекпе-жекке дайындығы туралы айтып берген еді.
– Әлішер, 21 қыркүйекте өтетін бокс кешіне дайындық қалай жүріп жатыр?
– Жекпе-жекке дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Бірте-бірте спорттық бабым жақсарып келеді. Қазіргі таңда Тараз қаласында жеке бапкеріммен жаттығып жатырмын. Спарринг-серіктестерім де жақсы көмек көрсетіп, үлкен көмектерін тигізіп жатыр. Кездесу алты раундқа жоспарланғандықтан, жаттығу барысында өзімнің физикалық мүмкіндігімді дамытуға көп көңіл бөлдім.
– Қарсыласың туралы не айта аласың? Бұрын-соңды естуің бар ма? Қандай артықшылығы немесе кемшілігін білесің?
– Қарсыласыммен бұрын-соңды таныс емес екенмін. Менің білуімше, ол әуесқой бокста мүлде жұдырықтаспаған. Карьерасын бірден кәсіпқой бокстан бастаған боксшы. Иракли Геранашвилидің (16-15-6, 8 КО) жасы 30-да. Осы уақытқа дейін 37 кездесу өткізіп үлгерген. Кәсіпқой бокста тәжірибесі мол, әбден төселген боксшы деп айтуға болады. Барлық жекпе-жегін интернеттен қарап, аяқ алысына байқады. Ең кейінгі айқасында франциялық Седрик Витумен (48-5-1, 19 КО) өткізіп, ұпай саны бойынша басым түскен. Дегенмен, мен де өз жерімде намысты қолдан бермей, жеңіске жету үшін бар күшімді саламын.
– Irfin Promotions ұсынысын қалай қабылдадың? Irfin туралы не айта аласың?
– Irfin Promotions компаниясының болашағы зор екені бірден байқалды. Шымкенттегі алғашқы бокс кешінде-ақ компания өзінің ұйымдастыру деңгейін, қарсылас таңдау сапасын және адамдармен қарым-қатынас орнату қабілетінің жоғары деңгейде екенін көрсетті. Болашақта жақсы ұсыныстар түсіп жатса, бірге жұмыс істейміз деп үміттенемін.
– Алматыдағы бокс кешіне қатысуға келісім беруге не себеп болды?
– Irfin Promotions маған үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Өзімді әуелден кәсіпқой бокста сынап көріп, шетелдерде жұдырықтасқым келетін. Сол аралықта промоутерлік компанияның басшысы Бағдәулет Төреханов ағамыз кездесуге ұсыныс білдірді. Ұсынысты еш ойланбастан қабылдадым, өйткені өзімді көрсететін тамаша сәт туып тұр. Алдыңғы кездесуде жарқын жеңіске жетіп, осы промоутерлік компанияның екінші бокс кешінде тағы да өзімді көрсету мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын.
– Алдағы жоспарларың қандай?
– Алда көптеген жоспарлар бар. Ең алдымен 21 қыркүйекте өтетін бокс кешінде жеңіске жетіп, кәсіпқой бокста тұрақтап қалғым келеді. Сондай-ақ жақын арада білікті мамандармен жұмыс істеп, үлкен жекпе-жектерге қатысуға ұмтыламын. Және де жерлестерімді жеңісімен қуантқым келеді.