Вернуться к списку статей

Алғаш рет ҚПЛ клубтарының қатысуымен «Winter Cup» турнирі өтеді

Футбол
146

Түркияның Белек қаласында алғаш рет футболдан Қазақстан клубтары арасында «Winter Cup» турнирі өтеді. Оған еліміздің «Ордабасы», «Тобыл», «Ақтөбе» және «Елімай» клубтары қатысады.

Бұл жөнінде Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мәлім етті.

Жаңа маусым алдындағы турнир барысында 100 миллион теңге сарапқа салынады. Жарыс 17-21 ақпан аралығында Түркияның Белек қаласында өтеді.

Доп додасының жеңімпаз команда 60 млн теңгеге ие болса, екінші орын алған клуб 40 млн теңгеге қол жеткізеді.

Жеребе бойынша бірінші ойында «Елімай» мен «Ордабасы» шеберлік байқасса, екінші кездесуде «Тобыл» мен «Ақтөбе» жолығады. Қос жұптың жеңімпазы финалда ойнайды. Жеңілген ұжымдар қола жүлдені сарапқа салады. Ойындар «Титаник Делюкс» стадионында өтеді.

«Мұндай турнирлерді өткізу Еуропаның жетекші лигаларында қалыпты үрдіске айналған. Оқу-жаттығу жиыны барысында футболшылардың шеберлігі өсіп, жанкүйерлердің қызығушылығы артқанын байқап отырмыз», - дейді Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян.

Жартылай финалдық ойындар 17 ақпан күні 15:00 және 20:00-де өтеді. Ал 3-орын үшін кездесу 21 ақпан күні 15:00-ге, ал финалдық ойын сол күні 20:00-ге белгіленген.

Ойын уақыттары Астана уақытымен көрсетілген. Ойындарды «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика