«Ақтөбе» екінші рет қатарынан Шымкентте ойнады. Өткен турда құрамында жұлдыздары көп «Қайратпен» тең түскен. Сондықтан, бүгін «Ордабасы» клубымен де тайталасып бағар деп ойлап едік. Алайда, бұл ойында алаң иелерінің былтырғы қақпашысы екі мәрте жаза басты...
Матчтың басында, яғни 14-минутында алаң иелері допты ойынға бұрыштан қосқан. Әуелеп ұшып келе жатқан допқа қонақтардың қақпашысы Рамиль Нурмухаметов атылып, оны кері тойтарып жібере алмай, жаза басты. Темірлан Ерланов қақпашыдан кері ұшқан допты қақпаға тоғытты. Гол!
«Ақтөбе» футболшылары естерін жинап үлгере қойған жоқ еді. Тимур Досмағамбетов фантастикалық гол соғып, қонақтарды сеңдей соғыстырды. Ол әуелеп ұшып келе жатқан допты тоқтатпай теуіп һәм доғаша иіп, қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Доп қақпа бағанасына тиіп, еніп кетті. Қақпашы тағы да допқа жете алмай, қапы қалды...
Кім біледі, дәл осы екі голдан кейін, Самат Отарбаевты ойлаған «Ақтөбе» жанкүйерлері аз болмаған шығар. Ал бас бапкері Владимир Муханов матчтан кейін жас қақпашысы Игорь Трофимецті есіне алып, жарақатынан айығып қалғандығын, көп ұзамай қатарға қосылатындығын тілге иек етті. Ал Рамиль Нурмухаметов өзінің бұрынғы клубымен кездескенде... қателесті.
«Ақтөбе» «есін» бірден жия алмады. Әйтсе де, бірінші таймның аяғында есепті қысқартты. Хрвое Милишевич Италияның «Пескара» клубында тектен-тек ойнамағандығын дәлелдеп, алаң иелерінің қорғанысын «тесіп» өтіп, екі қорғаушысын алдап кетіп, қақпаны алыстан дәл көздеді. Бұл да жанкүйерлердің айызын қандыратын әдемі гол болды.
Екінші таймда екі команда да шектен тыс сақ ойнады. Екеуі де гол жіберіп алмауды көп ойлағандай болды. «Ақтөбе» клубының ойыншылары өз мүмкіндіктерін кәдеге асыра алмады. Әйтеуір, гол соғуға болатын бірлі-жарым сәттерде қателесті. Ойыншыларының деңгейі немесе шеберліктері төмен болды деп айта алмаймыз.
Иә, бәріне тек өздері кінәлі. Ал «Ордабасы» клубының бас бапкері Георги Дерменджиев дер кезінде алаңға Факундо Бертольоны алаңға шығара қойды. Ол шыға сала, ойлы да, сайлы пасымен «Ақтөбенің» үш бірдей қорғаушысын дәрменсіз күйде қалдырды. Ал Иван Нагаев қақпашымен бетпе-бет шықса, алыстан да гол соға алатындығын дәлелдеді.
Негізі, осыдан кейін «Ақтөбе» бір гол соққан. Саша Марьянович та алаңға шыға сала гол соққан. Бірақ төрешілер «офсайд болды», яғни Сербия ойыншысы қорғаушылардан бұрын алға шығып кетті деп, бұл голды есепке алмады. Егер осы доп есепке алынғанда, ойын одан бетер қыза түсер де ме еді?..
«Ордабасы» – «Ақтөбе» – 3:1 (2:1)
Голдар: Ерланов, 14 (1:0). Досмағамбетов, 17 (2:0). Милишевич, 44 (2:1). Нагаев, 66 (3:1).