Вернуться к списку статей

Младеновтің соңғы мүмкіндігі немесе «Қайсар» қай жерден қателесті?

Футбол
1K
Младеновтің соңғы мүмкіндігі немесе «Қайсар» қай жерден қателесті?
Премьер-лиганың төртінші туры қызылордалықтар үшін шешуші болмақ. Егер түзде «Жетісудан» жеңілер болса, бас бапкері Стойчо Младенов қызметінен кетуі әбден мүмкін. Жалпы, биыл «Қайсардың» маусымды сәтсіз бастауы неліктен? «Қасқырлар» қай жерден қателесті?

Биыл «Қайсарға» 50 жыл. Былтыр Премьер-лигаға орала салып, бірден үздік алтылықтан көрінген Сыр командасына биыл кем дегенде 5-ші орын алу тапсырмасы жүктеліп отыр. Бұл жанкүйерлерінің қалауы және облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың қадап тапсырғаны.

Дегенмен, маусым қызылордалықтар үшін өте сәтсіз басталды. Алғашқы үш турдан кейін Стойчо Младенов шәкірттері небәрі 1 ұпаймен турнир кестесінде 10-шы орында тұр. Ал дәл осы уақытта былтыр Сыр командасы 100 пайыздық көрсеткішпен чемпионат көшін бастап тұрған. Биыл «Қайсардың» қауқарсыздық танытуына не себеп?

Ойындар кестесі ауыр болды деуге келмейді. Үшінші турды түзде «Астанаға» қарсы өткізгені болмаса, алғашқы екі матчта өз алаңында «Ақтөбе» мен «Ақжайықты» қабылдады. Онда да «ақтөбеліктер» Қызылордаға қосалқы құрамымен барып ұтып кетті. Ал оралдықтармен болған кездесуде бірінші болып гол соққанымен жеңісті есепті ұстап тұра алмады.

Демек, сәтсіздікті ойындар кестесінен іздеудің қажеті жоқ. Ендеше гәп неде? Сәл кейін шегініп, маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындарына оралып көрейік. Жерорта теңізінің жағалауында екі жаттығу жиынын өткізген Стойчо Младенов шәкірттері осы аралықта 10 спаррингтік кездесу өткізген. Төртеуінде жеңіске жетіп, бесеуінде ұтылып, біреуінде тең түскен. Жақсы нәтиже деп айта алмайсың, жаман да емес. 10 ойында небәрі 11 гол соқты демесеңіз,  Алайда, 10 ойын үшін 11 голың – Премьер-лигада үздік бестікті көздеген команда үшін аздау екені түсінікті.

Енді құрамына көз жүгіртіп көрелік. Стойчо Младенов командадағы басты лидерлерінің барлығын сақтап қалды. Иә, Алексей Мулдаров кетті. Бірақ, оның орнына Ұлттық құраманың кандидаты Александр Марочкинді алды. Руслан Сахалбаевты жіберген еді, бұл шепке Асқат Тағыберген келді. Бурундилік Саиди Нтибазонкизаны жанкүйерлер қимай шығарып салған. Алайда, ол былтыр жарақаттан көз ашпай, бар болғаны 10 кездесуге қатысты. Оның орнына келген кениялық Пол Вереге де үлкен үміт артылып отыр. Былтыр шабуылда өнер көрсеткен Елжас Алтынбеков пен Милан Бойовичтің орнында Дәуренбек Тәжімбетов пен мартиникалық Иоанн Аркин ойнап жүр. Яғни, клуб басшылығы командадан кеткендердің орнына лайықты ойыншылар шақыра білген.


Тек бапкерлер алқасында ғана өзгеріс бар. Младеновтың көмекшісі болған Александр Москаленко бүгінде «Астана» футбол клубында еңбек етіп жүр. Ал сол Москаленко «Қайсардың» футболшылары арасында ең құрметті жаттықтырушылардың бірі болған деседі. Младенов қаншалықты жұмсақ болса, соншалықты қатал болып, футболшылармен тең дәрежеде сөйлесе білген деседі. Шамасы, қазір командаға Москаленконың темірдей тәртібі жетпей жатқан секілді.

Енді ертең «Қайсар» үшін маңызды матч. «Не бел кететін, не белбеу кететін» ойын. Егер осы жолы жеңілер болса, Қызылорда облысының әкімі Стойчо Младеновті кешірмеуі де мүмкін. Таяқтың бір ұшы клуб басшылығына да тиіп кетуі ғажап емес. Онсыз да қазір Сыр елінде болгар бапкерінің қызметінен кетуін талап етіп жатқан жанкүйерлер жетерлік. Көңілі толмағандар былтыр да болған. Бірақ, биыл олардың саны тіптен көбейді. Сондықтан, ертең «қасқырларға» қалайда жеңіс керек.

Жалпы, «Қайсардың» қазіргі жағдайы Дмитрий Огайдың Қызылордадағы екінші маусымын көз алдыңа әкеледі. Премьер-лигаға енді ғана оралған команданың ойынын Дмитрий Алексеевич те бірден түлетіп, 2014 жылы 5-ші орынға шығарған. Алайда, келесі жылды сәтсіз бастаған. Алғашқы үш турдан кейін 2-ақ ұпай жинады. Одан кейін жанкүйерлер де дүрлікті. Автобусты таспен атып, базаға баса көктеп кіретін болды. Онсыз да ойындарда жолдары болмай жүрген футболшылардың психологиясына бұл жағдай қатты әсер етіп, өз алаңындағы ойындарда допты да қорқып тебетін жағдайға жетті. Ақыры «Қайсар» Премьер-лигадан ұшып бір-ақ тынды.

Сондықтан, дәл қазір көп нәрсе жанкүйерлерге де байланысты. Иә, расымен де солай. «Жығылғанға жұдырық» деп онсыз да сәтсіздіктен көз аша алмай жатқан командаға қысым көрсете берсе, футболшыларға кері әсер ететініне көз жеткен. Команда қазір жанкүйерлердің қолдауына зәру. Жанкүйерлер жеңіске жеткен кезде ғана емес, қиын сәттерде де клубпен бірге болулары қажет.       

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика