Вернуться к списку статей

«Шахтер» мен «Жетісу» Астанада ұпай бөлісті

Футбол
1K
Фото: fc-zhetisu.kz
Қарағандының «Шахтері» үшінші турдағы ойынын Астанада өткізіп, Талдықорғанның «Жетісуымен» тең түсті.

Бұл ойын аса жоғары қарқында өткен жоқ. Бірінші таймда тіпті жетіулықтар көп шабуылдады. Кеншілердің қақпашысы Игорь Щацкийге бірнеше рет өзінің шапшаңдығы мен шеберлігін паш етуге тура келді. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері Станимир Стойлов көрсе, жақсы болар еді.

Ойынның 45-інші минуты түгесілуге айналғанда, «Шахтер» қарсы шабуыл ұйымдастырды. Ал «Жетісу» ойыншылары үзіліске шығуды ойлады ма, көбісі қорғаушыларына көмекке ұмтылмады. Кеншілердің бірнеше ойыншысы талдықорғандықтардың бір-екі қорғаушысын ортаға алып, допты бір-біріне беріп, оларды шатастырды.

Содан Александр Мигунов сол қапталмен алға ұмтылып, алдынан жүгіріп шыққан қақпашы Андрей Шабановты да алдап өтті. Әрі допты көлбеулете теуіп, қақпа алдындағы Сергей Шаффтың аяғына салып берді. Алдында қорғаушы тұрғанымен, оған мүлт кету мүмкін емес те еді. Шафф қақпаны асықпай көздеп, есеп ашты.

Екінші таймның басым бөлігінде «Шахтер» допты өзінде ұстап, бір-біріне қақпақылдап, жетісулықтарды зыр жүгіртті. Бәрін қадағалап, жеңісті есепті уыстарынан шығармайтындай да болып көрінген. Бірақ матч соғына қарай жылдамдықтары бәсеңсіп қалғандай болды...

Ал «Жетісу» жасымады. 80 минутта шабуыл ұйымдастырып, Сабыржан Ибраев сол қапталда Михил Габышевті алдап өтіп, допты қақпа алдында тұрған Олег Хромцовтың басына салып берді. Ол басымен қақпаны дәл көздеді. «Шахтердің» қорғашылары оған бөгет жасауға үлгермей, кеш қалды.

Сөйтіп, есеп теңесті. Кеншілер клубы бірден алға қарай лап қойып, «Жетісудың» қақпасын торуға тырысқандарымен, олардың шабуылдары аса қауіпті болмады. Матч соңында тіпті кейін шегінулеріне де тура келді. Осылай жеңісті есепті уыстарынан шығарып алып, екі ұпай жоғалтты.

Ал «Жетісу» биылғы маусымдағы алғашқы голын соғып, алғашқы ұпайына қол жеткізді. Бұған дейін өз алаңында «Тобыл» мен «Астанадан» ұтылған талдықорғандықтар түзде бір ұпай олжалады. Енді алдағы сенбіде ойыны қожырап жүрген «Қайсарды» қабылдайды.

«Шахтер» – «Жетісу» – 1:1 (1:0)

Голдар: Шафф, 45 (1:0). Хромцов, 80 (1:1).

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика