Вернуться к списку статей

«Ақтөбе» мен «Қайрат» Шымкентте тең түсті

Футбол
1K
Фото: fc-aktobe.kz
«Ақтөбе» «Қайратты» Шымкентте қабылдап, аса тартысты өткен ойын тең аяқталды. Алматы клубы екі ұпай жоғалттты...

ҚФФ мен КФЛ екеуінің бірлескен комиссиясы Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы «Орталық» стадионда премьер-лига ойындарын өткізуге рұқсат бермеген. Аталмыш стадионның жасыл желегі дайын емес. Сондықтан «Ақтөбе» Алматы клубын Шымкентегі Қажымұқан атындағы стадионда қабылдады.

Бірінші тайм аса жоғары қарқында өтті. Екі команда алма-кезек шабуылдап, айылдарын жиған жоқ. Бірінші болып «Ақтөбенің» бағы жанды. Сол қанатта ақтөбелік Жан-Эд Морис осы ойында орталық қорғаушы міндетін атқарған Акош Электі алдап өтіп, допты көлбеулете тепкен. Алға ұмтылған Асланбек Кәкімовтен бұрын қимылдаған Шелдон Бато жаза басып, өз қақпасына гол соғып алды. Негізі, теңбіл допты алаңның сыртына теуіп жібермек болған.

«Қайрат» та қарап қалмады. Көп созбай, таразы басын теңестірді. Сол қанатта Андрей Аршавин еңсегей бойлы Милан Радиннің итермелегеніне қарамай, допты ортаға қарай асырып үлгерді. Оған Исаэль атылып, бәрінен бұрын қимылдап, шірене тартты. Зулай ұшқан доп қақпа ішінен бір-ақ шықты.

Бұдан кейін де екі команданың гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ екі команданың да қорғаушылары жанкештілік танытып, шабуылшылар қақпаны асықпай нысанаға ала алмады. Асығыс қабылданған шешім, қарбалас сәтте бағытталған соққылар нәтиже бермеді. Бірақ екі команда да бір-бірінің қақпасына қауіп төндіріп отырды.

Ойынның екінші жартысы да алма-кезек шабуылмен өтті. Десек те, «Қайрат» көбірек шабуылдап, қарсыласының қақпасын торумен болды. Алайда голды «Ақтөбе» соқты. Бірақ төрешілер оны есепке алмады. Жан-Эд Морис офсайдта болды ма, әлде доп қолына тиіп кетті ме, нақты түсінбей де қалдық. Әйтеуір бас төреші Игоь Алешин басын шайқап, қолдарын екі жаққа сермеп, бұл гол есепке алынбады.

Бұдан кейін екі команданың да жылдамыдқтары баяулай берді. Қарқындары аса жоғары болмады, Кейде тіпті «екі команда да тең ойынды қанағат тұтатындай ма» деп те ойлап қалдық. Қос команданың тыңнан қосылған ойыншылары да соны серпін қоса алмады. Сөйтіп, Шымкентте өткен ойын тең аяқталды.

Осылай, «Қайрат» биылғы маусымда алғаш рет сүрініп, екі ұпай жоғалтты. Ал «Ақтөбе» ше? Негізі, бір ұпай да олжа ғой. Деск те, алғашқы екі ойында үш ұпай еншілеген қосалқы құрамынан ұят болмаса болды. Жалпы, легионерлері әлі спорттық баптарына келе алмаған да сияқты. Тек былтыр «Тараз» сапында ойнаған Гаити және Франция азаматы Жан-Эд Морис қазақ додасына көсіліп қалғанын көрестті.

«Ақтөбе» – «Қайрат» – 1:1 (1:1)

Голдар: Бато, 11-автогол (1:0). Исаэль, 18 (1:1)

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика