Вернуться к списку статей

Стойловтың сарабдал саясаты және қазаққа қонымды Какау

Футбол
1K
Фото: kff.kz
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы наурыздың аяғында екі ойын өткізіп, дәл қазіргі таңдағы өзінің әлеуетін іс жүзінде көрсетті.

Екі ойында еңсе тіктеу

Жақында ғана Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер болып бекітілген Станиимр Стойлов қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде отандық жанкүйерлерді желпіндіріп, қуанышқа бөледі. Венгрия құрамасын жеңіп кетіп, Болгария футболшыларына дес берген жоқ. Былтыр ғана өз жерімізде Армения құрамасын ұта алмай, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жеңілістен көз ашпаған құрама түлеп сала берді.

Мына қызықты қараңыз, Ресей маманы Александр Бородюк басқарған Қазақстан құрамасы 2017 жылы жеті ойын өткізіп, төрт-ақ гол соқса... Стойловтың командасы Венгрияда өткізген екі жолдастық кездесуінде сонша доп салды.

Стойлов:   Венгрия – Қазақстан – 2:3, Болгария – Қазақстан – 2:1.

Бородюк:   Кипр – Қазақстан – 3:1, Армения – Қазақстан – 2:0, Қазақстан – Дания – 1:3, Қазақстан – Црна Гора – 0:3, Польша – Қазақстан – 3:0, Румыния – Қазақстан – 3:1, Қазақстан – Армения – 1:1.

Стойлов сиқыршы ма?

Сонда қалай, Стойлов сиқыршы ма? Жоқ, әрине. Тек Болгария бапкері – өз ісінің маманы, білікті жаттықтырушы. Ол қазақ футболына 2014 жылы жазда келді. Содан бері бәрін көріп жүр. Біздің футболымызды бүге-шігесіне шейін біледі. Анық білетіні, Қазақстан құрамасы FIFA рейтингінде өз орнында тұрған жоқ. Ұлттық құрамамыздың деңгейі 136-ыншы саты емес!

Мұны Болгария маманы «екі жердегі екім төрттей» жақсы біледі. Сондықтан Қазақстан құрамасының тізгінін қолына алды. Әйтпесе, төрт жылдай қасықтап жинаған абыройын төгіп қайтеді!? Өзі айтқандай, ақымақ емес. Көтере алмайтын шоқпарды қолына алмау керек екенін де түсінеді. Көтере алатындығын сезеді. Сенім артар серкелері, арқа сүйер серіктері бар.

Стойлов әрі UEFA Ұлттар лигасындағы қарсыластарымызды да жақсы біледі. Қазақстан құрамасының тізгінін осы тың жобаның жеребесі тартылған соң алып отыр ғой. Латвия құрамасының қазіргі шама-шарқын бағамдап отырған да болар. Старковтың командасы жақында Гибралтар футболшыларынан да ұтылып қалды (0:1). Андорра құрамасының да әуселесін таразылап алған шығар.

Басты қарсыласымыз Грузия құрамасы болуы тиіс. Бірақ қазір грузин футболының да кежегесі кейін тартып тұр десек, асыра сілтегендігіміз бола қоймас. Баяғы Михаил Месхи, Давид Кипиани, Александр Чивадзе секілді дүлдүлдерінің заманындағыдай емес. Тіпті Каха Каладзенің дәуірін де аңсап, сағынышпен еске алатын – хәлде. FIFA рейтингінде 1998 жылы 52-орынға дейін көтерілсе, дәл қазір 101-орында тұр.

Бүгінде Грузия құрамасының сапына шақыртылып, негізгі құрамында ойнап жүрген футболшыларының бір тобы Қазақстан премьер-лигасында ойнайды. Әрі жеңіске деген жігерлері, рухтары басым «Астана» мен «Қайраттың» сапында емес. Мұның бәрін көзі қарақты, ойы салмақты, кәнігі Стойлов екшеп-жіліктеп, саралап отырған сияқты. Әйтеуір, тәуекелге бел буды...

Команда жасақтау немесе Еркебұландар ерледі

Стойлов Венгрияда өткізген алғашқы жиынына және жоғарыда айтылған екі жолдастық кездесуге өзі жақсы білетін футболшыларды апарды. Өзі бес саусағындай білетін «Астана» клубының жігіттеріне «Қайраттың» сүзіп алар тәуірлерін қосты. «Ордабасыдан» Тұңғышбаев пен Хижниченконы шақырды. Содан соң Ресейде жүрген жас талантымыз Еркебұлан Сейдахметтің томағасын сыпырып, додаға салды.

Осылардың ішінде «Астана» мен «Қайраттың» ғана емес, басқа клубтардың ойыншыларының сенімді ақтап, көзге түскендері маңызды еді. Себебі, сонда Стойлов басқа командалардың ойыншыларына да ілтипатпен көңіл бөлетін болады ғой. «Еуропалық тәжірибелері жоқ» деген райынан қайтуы да ықтимал емес пе?

Мадияр еліндегі екі ойында Еркебұландар ерледі. Сейдахмет бірінші ойында «ойран салса», Тұңғышбаев екінші матчта көсіле шапты. Екеуі де бір голдан соқты. Стойлов енді Қазақстан премьер-лигасындағы басқа командалардың сапынан Тұңғышбаевтай таланттарды іздейді деп үміттенеміз. Әрі олардың бақтарын ашса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бір ғана әттеген-айы...

Өздеріңіз білесіздер, биыл Қазақстан футбол федерациясының басшысы ауысып, ақпан айының басында Әділбек Жақсыбеков отандық федерацияның президенті болып сайланды. Содан кейін Станимир Стойлов ұлттық құрамамыздың бас бапкері болып бекітілді.

Егер Жақсыбеков Қазақстан футбол федерациясына басшы болып келмесе, Стойлов ұлттық құрама тізгінін қолына алар ма еді? Күмәнім бар. Болгария маманы ҚФФ президентіне шүбәсіз сенетін болғандықтан келіп отыр, деп те ойлаймын. Мойнына жауапкершілік алды, енді оны орындау үшін алаңсыз жұмыс істеп, өзі ойын жүзеге асыра алады.

Басқаша айтқанда, ұлттық құрама сапына кімдерді шақырады, қайсысын алаңға шығарады? Оның бәрін негізінен өзі шешеді. Жастар құрамасының ойындары қабаттасып қалса да, жас таланттарымызды өзімен алып кете алады. Қалай десек те, қолы байлаулы, мүмкіндігі шектеулі бапкерге ұқсамайды.

Тек... бір әттеген-айы, енді біздің құрама сапында Қазақстан азаматтығын алған ойыншылар саны көбейіп жатса, таң қалмаймыз. Қазірдің өзінде Ненад Эрич пен Евгений Постников қосылды. Бұл екеуіне Сергей Малыйды үстеуге болады. Ал Георгий Жуковты қосасыздар ма, жоқ па, ол – өз еріктеріңізде.

Келесі кім? «Қайраттың» сапындағы Бразилия футболшысы Исаэль ма? Одан кейін ше? Иә, бұл – әлемде бар тәжірибе. Мысал ретінде, азуы алты қарыс Франция және «неміс мәшинесіне» баланатын Германия құрамаларын көлденең тартуға болады. Бәлкім, бұл жастарға ұнайтын да шығар, орта және ересек буын ғана жақтырмайтын шығармыз...

Стойлов Какаудай бола ала ма?

Жалпы, бұл ретте Станимир Стойловқа футзалдағы Какауды үлгі тұтқымыз келеді. Дәл осы Бразилия маманы секілді қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленсе, мұртын балта шаппайды. Какау – қазақ ұлтына, жалпы біздің салт-дәстүрімізге ерекше сый-құрметпен қарайтын жан. Иә, ұлттық құрама сапын күшейту үшін бразилиялық қас шеберлерді тартты. Бірақ олардың санын көбейткен жоқ. Үш-төртеуімен тоқталды. Әрі қандай ойыншыларды алды?!

Игита – дүние жүзіндегі теңдессіз қақпашы. Екі рет әлемнің үздік қақпашысы атанып (2015 және 2016 жылдары), жылда осы номинация бойынша үміткерлер тізіміне еніп жүр. Дуглас – ұлттық құраманы алға сүйрейтін сыралғы саңлақ. Биыл ХІ Еуропа чемпионатында, UEFA тұжырымы бойынша, Рикардинью Еурододаның ең үздік ойыншысы болып танылғанда, шетелдік мамандардың өздері «неге Дуглас емес» деп, таң қалысты.

Ең бастысы, осындай төрткіл дүниеге танымал жұлдыздармен бірге қазақ жігіттерін ойнатып, халықаралық додада шыңдап, ӨТЕ ЖОҒАРЫ деңгейге көтерді. Сүлейменов, Есенаманов, Жамақұлов, Нұрғожин секілді жанкешті жігіттерімізге Оразов, Тұрсағұлов, Ақбалықов, Иманалин сынды футзалшыларды қосты.

Ал футболда ше? Ненад Эричке дауымыз жоқ дейік. Ал қалғандары ше? «Ұлттық құраманы күшейтеміз» деп алған орталық қорғаушылары өзіміздің Юрий Логвиненкодан аса алмай жатса, өкпелеуіміз орынды емес пе?! Немесе бір-екі ойыннан кейін ұшты-күйлі жоғалып кететіндер не үшін қажет? Стойлов осы жағын ескерсе дейміз...

Түйін

«Балапандарды күзде санаймыз» демекші, енді бәрін қоңыр күзде көреміз. Сол кезде саралаймыз. Егер Станимир Стойлов Қазақстан құрамасымен Ұлттар лигасында нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп, тіпті «D» лигасына бөлінген жалқы жолдаманы жеңіп алса, яғни 2020 жылғы Еуропа чемпионатында бақ сынау құқығына қол жеткізсе, онда айтарға сөз таппаспыз. Десек те, құрама сапынан өз ұландарымызды көбірек көреміз деп үміттенеміз.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика