Келесі жылдың 16-30 маусымы аралығында Италия мен Сан-Маринода өтетін жастар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне 12 команда қатысады. «Скуадра Адзурра» бұл турнирге тікелей жолдама алып қойған. Іріктеу кезеңіне қатысып жатқан Сан-Марино өз тобында соңғы орында. Финалдық кезеңге өтетін ешқандай мүмкіндігі қалған жоқ. Қалған 11 жолдамаға 36 команда таласып жатыр. Арасында Қазақстан жастары да бар.
36 команда 9 топқа бөлінген. Регламент бойынша, топ үздіктері финалдық кезеңге тікелей жолдама алып, Италия жастарына қосылады. Қалған екі жолдаманың иесі електік кезең арқылы анықталады. Ал електік кезеңге өз топтарында екінші орын алғандардың ішінен көрсеткіші жоғары төрт үздік команда өтеді.
Енді Қазақстанның шамасын байқап көрейік. Люксембургты екі рет ұтып, Черногориямен бір рет және Болгариямен екі рет тең түскен жастарымыздың еншісінде дәл қазір 9 ұпай. Көш басындағы Францияда 21 ұпай. Оларға енді ешкім жете алмайтындықтан Талғат Байсуфиновтың командасы екінші орын үшін еншісінде 10 ұпайы бар Словениямен таласады. Ал алдағы ойындар кестесіне көз жүгіртіп көрер болсақ, біздің жастарымызды словениялықтармен екі ойын және черногориялықтармен бір матч күтіп тұр. Өз кезегінде словениялықтар бізден бөлек, Болгария және Франциямен кездеседі.
Ал енді өзге топтарда екінші орындарда тұрған өзге командалардың ұпайларын санап көрейік. Хорватия (7 ойын) мен Ресейде (7 ойын) 16 ұпайдан, Швецияда (6 ойын) 14, Дания (6 ойын), Португалия (6 ойын) және Ирландияда (6 ойын) 13 ұпайдан, Словакияда (7 ойын) 12, Нидерландыда (6 ойын) 11 ұпай. Яғни, өз тобымызда Словенияны артқа тастап, екінші орын алғанның өзінде Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығу мүмкіндігіміз өте көмескі.
Дегенмен, Талғат Байсуфиновтың жастары қалған үш ойында да жеңіске жетіп, 18 ұпай еншілейді және өз топтарында екінші орын алған командалардың ішінде көрсеткіші жоғары төрт ұжымның қатарынан орын алады деп сенеміз. Ал електік кезеңде бәрі де футболшылардың психологиясына байланысты болмақ.