«Астана» футбол клубы бас бапкері Станимир Стойловпен келісімге келді. Енді болгар маманы осы аптада қызметіне кіріседі. Ал келесі айда елордалықтар Еуропа лигасының 1/16-финалында Португалияның «Спортингімен» кездеседі. Яғни, маусымға дайындықты қазірден бастаған маңызды. Дегенмен, жаңа ойыншылар алу үшін алдымен артықтарынан арылу қажет. Алғашқысы кетті. Асқат Тағыберген «Қайсармен» келісімшартқа отырыпты. Асқаттан бөлек,, «Астана» сапындағы тағы 6 артық ойыншыны ұсынамыз.
Александр МОКИН (36 жас) қақпашы
Рас, былтыр Мокин ел чемпионатында басты бәсекелесі Ненад Эричтен екі жарым есе көп ойын өткізді. Дегенмен, бұған жол беріп қойған Эричтің өзі. Егер маусымды сәтті бастап, Шымкентте қателіктер жібермегенде серб қақпашысын ысырып тастау қиын болар еді. Алайда, Глазгода «Селтиктен» бес гол жіберіп алғаннан кейін бас бапкер Станимир Стойлов Мокиннің еурокубок деңгейіндегі қақпашы емес екеніне көзі жетіп, тек ішкі чемпионатта ғана пайдаланатын болды. Рас, дәл қазір Александр Мокин Ненад Эричтің дублері болуға жарайтын шығар, алайда сербиялыққа бәсекелес бола алмайды. Сондықтан, Мокинге жаңа клуб іздеп, орнына басқа жастау қақпашы алған жөн секілді.
Берік ШАИХОВ (23 жас) қорғаушы
2014 жылдың соңында «Астанамен» келісімшартқа отырған «Оле Бразил» академиясының түлегі өзіне берілген мүмкіндікті барынша пайдалана алған жоқ. Рас, елордалықтар бұл жартылай қорғаушымен көзінің әдемілігі үшін емес, оған дейін «Жетісуда» жақсы ойнағаны үшін алған. Бәлкім, Шаиховқа команда ауыстырған дұрыс шығар. Әйтпесе, оның дарынды ойыншы екенін жанкүйерлер жақсы біледі.
Сергей МАЛЫЙ (27 жас) қорғаушы
Биыл «Астананың» басты орталық қорғаушылары қызметін Юрий Логвиненко мен Марин Аничич атқарды. Ал екеуінің бірі қандай да бір себепке байланысты ойынға қатыса алмай қалған жағдайда Станимир Стойлов оның орнына Евгений Постниковты шығарып жүрді. Ал Сергей Малый өткен маусымда ел чемпионатында үш ойын өткізсе, Еуропа лигасында екі рет алаңға шыққан. Онда да оның біреуінде 84-ші минутта ғана ойынға қосылды.
Ласло КЛЯЙНСХАЙСЛЕР (23 жас) жартылай қорғаушы
Венгр футболшысын «Астана» еурокубок ойындарында көмектеседі деп шақырған. Расымен де, шеберлігінде мін жоқ еді. Ел чемпионатында төрт ойын өткізгенін айтпай-ақ қояйық, Еуропа лигасында да елордалықтардың негізгі ойыншысына айналып, Срджан Граховацты қосалқы құрамда отырғызып қойды. Алайда, «Астана-Аренада» Шотландияның «Селтигіне» қарсы кездесудің 13-ші минутында жарақат алып қалды да, маусым соңына дейін саптан шықты. Жарты жыл доп теппеген оның қазір қаншалықты бабында екенін айту қиын. Тәуекелге бармай-ақ, орнына басқа ойыншы іздеген дұрыс шығар.
Аздрен ЛЛУЛЛАКУ (29 жас) шабуылшы
Албания ұлттық құрамасының шабуылшысынан «Астана» үлкен үміт күтті. Джуниор Кабанангаға жақсы серіктес болып, екеуі бірге еурокубок ойындарында атой салады деп күтті. Оның үстіне, Ллуллаку елордалықтарға дейін екі маусым Румынияның «Газ-Метан» командасында ойнап, Қазақстанға Румыния чемпионатының үздік сұрмергені ретінде келген. Алайда, Аздреннің «Астанадағы» адаптациясы тым ұзаққа созылып кетті. Гол соғатын түрі де көрінбегендіктен Станимир Стойлов оны сол қапталда пайдаланып көрді. Ақыры «Астана» сапында 17 ойын өткізіп, бір ғана гол соққан шабуылшыны «Тобылға» жалға берді. Бірақ қостанайлықтар сапында да мергендігімен көзге түскен жоқ. 13 матчта қарсылас қақпасына бірде-бір гол соқпапты.
Джордже ДЕСПОТОВИЧ (25 жас) шабуылшы
«Астанаға» әр ойында гол соғатын, қарсылас қорғаушыларын үнемі қыспақта ұстайтын кемі Жерар Гоу мен Джуниор Кабананга секілді шабуылшы қажет. Серб легионері мұндай талаптарға жауап бере алмайды. 2016 жылы аз да болса алаңға шығып жүрген Деспотович былтыр маусымды «Тобылда» бастады. Жарты маусымда 16 ойын өткізіп, 3 гол соқты. Одан кейін елордалықтар қайтарып алды. «Астана» сапында ел чемпионатында 7 ойын өткізіп, бір рет қана қарсылас қақпасынан саңылау таба алған. Ал Еуропа лигасында екі рет алаңға шыққан. Онда да біреуінде 8 минутқа, екіншісінде 2 минутқа. Ендеше «Астанаға» осы қыста басқа мықты шабуылшы іздеу қажет секілді.