Вернуться к списку статей

Облыс әкімдігін мойындатқан "Ақтөбе" жастары Бірінші лигадан бір-ақ шықты

Футбол
1K
Облыс әкімдігін мойындатқан
Футболдан Қазақстан Бірінші лигасына биыл 12 команда қатысатын болды. Дегенмен, оның бесеуі Премьер-лига жолдамасына таласа алмайды.

Бүгін Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитеті Бюросының мәжілісі өтіп, Бірінші лига командаларының құрамына өзгеріс енгізілді.

Нақтысын айтқанда, Ақтөбе облысы әкімдігінің және «Ақтөбе» футбол клубының өтінішін қарастырған ҚФФ Атқару комитеті Қазақстан Бірінші лигасының құрамына «Ақтөбе-Жас» командасын қосу туралы шешім қабылдады.

Ал Ақтөбе әкімдігінің осылай өтініш білдіруіне, шамасы, Валерий Алемаскин шәкірттерінің Премьер-лиганың алғашқы екі турындағы ойындары себеп болса керек. Олай дейтініміз, Премьер-лиганың алғашқы екі турында "Ақтөбенің" жастары Қызылордаға барып, "Қайсарды" жеңіп қайтса, одан кейін Павлодарға барып, "Ертіске" қарсы ерлік көрсеткен еді.

Дегенмен, «Ақтөбе» футбол клубының құрылымына кіретіндіктен бұл команда Қазақстан Премьер-лигасының жолдамасына таласа алмайды. Жалпы, Бірінші лигада жоғарғы топқа өтуге құқығы жоқ командалардың саны бесеу. «Ақтөбе-Жастан» бөлек, «Байқоңыр», «Жетісу Б», «Қайрат А» және «Шахтер-Болат» командалары да Бірінші лигада қай орынға ие болатынына қарамастан, жоғары көтеріле алмайды. Осылайша, теориялық тұрғыда турнир кестесінде 8-орын алған команда да Премьер-лигаға өтіп кетуі мүмкін. Мәселен, былтыр Бірінші лигада 4-орын алған команда Премьер-лига жолдамасына таласқан.

Дегенмен, командалар санының 12-ге дейін көбейгені қуантады. Өйткені, былтыр небәрі 9 команданың ойынын тамашаладық. Ал 2016 жылы Бірінші лигада тек 10 команда өнер көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, биыл футболдан Қазақстан Бірінші лигасы 1 сәуірде басталады.

Бірінші лига командалары:

«Алтай» (ШҚО),

«Ақтөбе-Жас» (Ақтөбе) – «Ақтөбе» ФК құрылымында,

«Байқоңыр» (Қызылорда) – «Қайсар» ФК құрылымында,

«Жетісу Б» (Талдықорған) – «Жетісу» ФК құрылымында,

«Екібастұз» (Екібастұз),

«Қайрат А» (Алматы) – «Қайрат» ФК құрылымында,

«Каспий» (Ақтау),

«Қыран» (Шымкент),

«Мақтаарал» (ОҚО, Мақтаарал ауданы),

«Оқжетпес» (Көкшетау),

«Тараз» (Тараз),

«Шахтер-Болат» (Теміртау) – «Шахтер» ФК құрылымында.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика