Қазақстан Премьер-лигасының регламенті бойынша клубтар өз құрамына сегіз легионерге дейін тіркей алады. «Ақжайық» та әзірге алты легионер. Қалған екі орын да Андрей Шевченконың отандастарына бұйыратын секілді. Олай дейтініміз, сол елдің өкілдері Александр Воловик пен Максим Фещук та командамен бірге жаттығып жүр екен. Бұлардың қатарына Қазақстан азаматтығын алып алған қақпашы Сергей Ткачукті қосыңыз. Сонда оралдықтардың құрамында тоғыз украиналық болады деген сөз ғой?.. Шеваның өзі келсе қуанар едік, бірақ бұл футболшылардан қайыр бар ма?
Ендеше «Ақжайық» сапындағы алты украиналық легионердің әлеуеттерін саралап көрейік.
Евгений Боровик (қақпашы) – 33 жас
Нарықтағы бағасы 300 мың евро болғанымен «Ақжайыққа» тегін келген. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жоқ. Бойы да қақпашылар үшін аса ұзын емес, небәрі 184 см. Киев футболының түлегі болғанымен алғашқы кәсіпқой командасы 2003 жылы Мәскеудің «Торпедо-Металлург» клубы болған екен. Бірақ ол жақта бір жылдың ішінде алты-ақ ойынға қатысып, қақпасына алты гол жіберіп алған. 2004 жылы өз еліне оралып, әуесқой командада ойнады. Содан 2017 жылға дейін Украинадан шыққан жоқ. Былтыр Болгарияның «Черно Море» клубына ауысып, ол жақта үш-ақ ойын өткізген. Міне, сол қақпашы биылғы маусымда «Ақжайықтың» соңғы шебіне жауап бермек.
Юрий Путраш (қорғаушы) – 28 жас
Бір кездері өз елінде ең талантты қорғаушыларының бірі болған Юрий Путраш, тіпті Украина жастар құрамасына да шақыртылған. Жолдастық кездесулерде гол да соққан. Трансферлік нарықтағы бағасы 700 мың евроға дейін жеткен. Алайда, кейінгі кездері жолы болмай кетті. Соңғы екі маусымын Украина Премьер-лигасындағы «Александрияда» өткізіп, екі жылда небәрі 11 матчқа қатысқан. Қазір бағасы шамамен 200 мың евро көрінеді.
Сергей Басов (қорғаушы) – 31 жас
«Александриядан» келген тағы бір футболшы. 31 жасар қорғаушы бұл клубта 2012 жылдан бері доп тепкен екен. Алайда, өткен жылдың соңында клуб басшылары бұл ойыншымен келісімшартты ұзартудан бас тартып, Сергей Басов еркін агент ретінде «Ақжайыққа» өткен. Келісімшарт осы маусымның соңына дейін жарамды. Жалпы, тәжірибелі ойыншы. «Александрияның» негізгі қорғаушыларының бірі болған. Бірақ, соңғы кездері қосалқы құрамда жиі қалып қойып отырған. Сондықтан болар, «Ақжайықтан» түскен жайлы ұсынысты бірден қабыл алып, Мазярдың қанатының астына «тығылған». Нарықтағы бағасы – 400 мың евро.
Андрей Ткачук (жартылай қорғаушы) - 30 жас
«Ақжайықтың» легионерлерінің ішіндегі ең сапалысы осы шығар. Нарықтағы бағасы – 600 мың евро. 2014 жылдан осы кезге дейін «Ворсклада» ойнаған. Бірақ, ешқашан полтавалықтардың негізгі ойыншысы болмаған көрінеді. Төрт маусымда 69 ойын өткізіп, 3 голдың авторы атанған. Статистикасын «Ақжайықта» түзей ала ма?
Игорь Худобяк (жартылай қорғаушы) – 33 жас
Ақпан айының соңында «Ақжайықтың» украиналық Игорь Худобякпен келісімшартқа отырғаны туралы ақпарат жарық көрді. Бір кездері Дмитрий Чигринский, Артем Милевскийлермен қатар Украинаның ең талантты ойыншыларының санатынан болған. Тіпті, 2013 жылы Ресейдің «Ростовына» ауысып, Ресей кубогын да жеңіп алған. Украина ұлттық құрамасына да шақырту алған. Сол кездері нарықтағы бағасы 1,3 миллионға дейін жеткен екен. Қазір бар болғаны 200 мың евро тұрады. Бір рет Ресейге барып қайтқаны болмаса, 2005 жылдан бүгінге дейін Украинада «Карпатыдың» намысын қорғап келген. Қорғанысқа тірек болар шепте де, шабуылға жақын тұста да ойнай алады.
Адеринсола Эсеола (шабуылшы) – 26 жас
Италияны көріп қайтқан шабуылшы. Төрт жылдай D сериясында доп теуіпті. Ал қазір Украина Премьер-лигасындағы «Звезда» футбол клубының ойыншысы. «Ақжайыққа» бір маусымға жалға берілген. Былтыр Киевтің «Арсеналында» өнер көрсетіп, 11 матчта 7 гол соққан екен. Трансферлік нарықтағы бағасы – 250 мың евро.
Міне, «Ақжайықтың» дәл қазіргі легионерлері осылар. Қазақстанның емес, Украинаның командасы секілді көрінетін оралдықтар бұл маусымда қандай межені бағындыра алар екен?
«Ақжайық» футбол клубының 2018 жылғы Премьер-лигаға тіркеген құрамы:
Қақпашылар:
№1. Сергей Ткачук (1992) «Каспий»
№66. Евгений Боровик (1985, Украина) «Черно Море» (Болгария)
Қорғаушылар:
№4. Владимир Покатилов (1982) «Жетісу»
№6. Сергей Кейлер (1994) «Оқжетпес»
№12. Еркін Тапалов (1993)
№13. Мирам Сапанов (1986)
№18. Руслан Хаиров (1990) «Алтай»
№20. Әуез Балтабек (1997)
№30. Әлібек Сәкенов (1991) «Атырау»
№44. Юрий Путраш (1990, Украина) «Александрия»
№77. Берік Шайыхов (1994) «Астана»)
№87. Сергей Басов (1987, Украина) «Александрия» (Украина)
Жартылай қорғаушылар:
№5. Иван Антипов (1996)
№8. Шыңғыс Сапарбекұлы (1994)
№10. Еркебұлан Нұрғалиев (1993) «Верея» (Болгария)
№17. Андрей Ткачук (1987, Украина) «Ворскла» (Украина)
№19. Азат Ерсәлімов (1988)
№23. Игорь Худобяк (1985, Украина) «Карпаты» (Украина)
Шабуылшылар:
№11. Едіге Оралбай (1997) «Мақтаарал»
№45. Адеринсола Эсеола (1991, Украина) «Арсенал-Киев» (Украина).