Қаңтардың 7-сі мен 22-сі аралығында өтетін Жерорта теңізінің жағалауындағы оқу-жаттығу жиынында қостанайлықтар төрт ойын өткізеді. Бірінші ойын бес күндік жаттығудан кейін Түркияның Бірінші лигасында 3-ші орында келе жатқан «Ризеспорға» қарсы жоспарланған. Екінші спарринг қарсыласы «Сивасспормен» 15 қаңтарда кездеспек. «Ризеспорға» қарағанда бұл команда Түркия Суперлигасында өнер көрсетеді. Ел чемпионатында 8-ші орында келе жатқан ұжым. Одан кейін Албанияның Бірінші лигасындағы «Тиранаға» қарсы алаңға шығады. Ал оқу-жаттығу жиынын 22 қаңтарда Ресей Ұлттық лигасында 15-ші орында келе жатқан «Луч Энергиямен» тәмамдайды.
Оқу-жаттығу жиындарының кестесі:
«Ризеспор» (Түркия, Бірінші лига) – «Тобыл» – 12 қаңтар
«Сивасспор» (Түркия, Суперлига) – «Тобыл» – 15 қаңтар
«Тирана» (Албания, Бірінші лига) – «Тобыл» – 18 қаңтар
«Луч-Эненргия» (Ресей, Ұлттық лига) – «Тобыл» – 22 қаңтар
Естеріңізге сала кетейік, өткен маусымда ел чемпионатында 5-ші орынды иемденгеннен кейін «Тобыл» басшылығы бас бапкерін алмастырып, ресейлік Роберт Евдокимовтың орнына отандық маман Владимир Никитенконы тағайындаған. Сондай-ақ, командадан шабуылшы Алексей Щеткин, жартылай қорғаушы Дидар Жалмұқан, қорғаушы Марк Гурман кеткен. Сондай-ақ, албан шабуылшысы Аздрен Ллуллаку да «Астанаға» оралды. Дегенмен, трансферлік нарықта қостанайлықтар қарап жатқан жоқ. Команда құрамын былтыр «Ертіс» пен «Оқжетпесті» сүйреген Аслан Дарабаев пен Максим Федин толықтырды.
– Түркияға біз былтыр команда құрамында болған ойыншылардан бөлек, жергілікті жас футболшыларды да шақырдық. Жиын барысында футболшылардың бабын келтірумен және жаңа маусымға жаңа ойын модельдерін сынақтан өткізіп көреміз. Ойыншылардың әлеуеттерін байқау маңызды. Бір ойыншыны бірнеше шепте тексеріп, оларды жаңа қырларынан тануға тырысамыз. Сонымен қатар, Аслан Дарабаев пен Максим Федин де бізге көмектеседі деп ойлаймын. Басқа да футболшылардың әлеуеттерін байқаймыз. Өзім «Тобыл» мен Қазақстан жастар құрамасын қатар алып жүремін, - деді команданың бас бапкері Владимир Никитенко.