Смақовтың кәсіпқой деңгейде 21 жыл доп тепкенін, сол аралықта сегіз команда алмастырғанын, еліміздің алты дүркін чемпионы екенін, төрт рет Қазақстанның үздік ойыншысы болғанын баршаңыз да «Уикипедиядан» оқып білген боларсыздар. Сондықтан, оның жетістіктеріне, сіз біле бермейтін деректеріне тоқталуды жөн көрдік.
1. Алғашқы ойын, алғашқы гол
Ел чемпионатындағы алғашқы ойынын Самат Смақов 1997 жылы 18 жасында сол кездегі Жоғарғы лиганың дебютанты Шортандының «Автомобилистіне» қарсы өткізді. Жоғарғы чемпионаттағы алғашқы голын да сол жылы «Автомобилист» қақпасына соқты. Бұл 2 қыркүйек болатын. Шортандылықтардың қақпасын тұңғыш рет 15 жастағы Давид Лория қорғап шыққан.
2. Алғашқы айлығы – 50 доллар
Самат Смақовтың кәсіпқой футболдағы алғашқы айлығы 50 доллар болыпты. Бұл ақшаға ол кроссовка, костюм сатып алып, қалғанын әке-шешесіне берген.
– 1997 жылы «Елімайда» алғашқы айлығымның жартысын ғана берді. Бірақ сол 50 доллардың өзі маған көп көрінді. Керегімді сатып алдым, жартысын әке-шешеме бердім. Өзімде тағы ақша артылып қалды. Қайда жаратарымды білмедім, - деп еске алады бұл туралы футболшының өзі.
3. Ресей чемпионатына саяхат
Ол кезде де қазіргідей қазақ футболшыларының Ресей чемпионатына ауысуы нағыз сенсация болатын. 1999 жылы Азия Чемпиондар лигасына дайындалып жатқан «Ертіс» Ресейдің «Ростсельмашымен» жолдастық кездесу өтікізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бір голды Смақов соққан. Ойыннан кейін ростовтықтардың басшылығы Саматқа бірден ұсыныс жасап, Азия Чемпиондар лигасынан кейін жартылай қорғаушы Ресей чемпионатына ауысты. Үш жылға келісімшартқа отырған. Алайда, «Ростсельмашта» екі маусымын өткізді. 2000 жылы Ресей чемпионатында 24 ойын өткізіп, Интертото кубогында Францияның «Осеріне» қарсы екі рет алаңға шықты. Тағы жеті рет «Ростсельмаш-2» үшін ойнап берді. Келесі жылы клубтың бас бапкері ауысып, Анатолий Байдачный келді. Ол Смақовқа аса сене бермейтін. Самат Ресей чемпионатында 15 ойын өткізіп, Ресей кубогында бір ойынға қатысты. Бірақ, маусым соңында Байдачный командаға өз ойыншыларын әкелгендіктен Смақов Қазақстанға оралуға мәжбүр болды.
4. «8-ші нөмірлі аңыз»
Ресей хоккейінде әйгілі Валерий Харламовты «№17 аңыз» деп жатады. Тіпті, ол туралы кино да түсірген. Дәл осындай теңеуді Самат Смақовқа да пайдалануға болады. Оның нөмірі – 8. Қайда командаға барса да сол нөмірді таңдауға тырысады. Рас, басқа нөмірмен ойнаған кездері де болған. Мәселен, футболағы карьерасын «Елімайда» 2-ші нөмірмен бастады. «Елімайға» екінші рет оралғанда 20-нөмірлі жейдені киді. Ұлттық құрамада да екінші, төртінші, оныншы нөмірмен ойнаған кездері болған. Бірақ, түбі 8-ші нөмірді өзіне қайтарып алып жүрді. «Ертісте» де солай, «Ақтөбе», «Қайрат», «Ордабасы» да сол нөмірді өзіне алды. Тек Түркияның «Ризеспорына» барғанда бұл нөмір бос болмай, 18-ші нөмірмен доп тепсе, 2013 жылы «Қайратта» жарты маусым 88-ші нөмірде өнер көрсетті.
5. «Мерс Е240» және «семейлік банда»
2002 жылы «Ростсельмаштан» «Жеңіске» ауысқан Самат Смақовқа клуб директоры «Мерс Е240» автокөлігін сыйлады. Ол кезде мұндай көлік, еліміздің басқа өңірлерін айтпағанда елордамыздың өзінде өте сирек кездесетін. Бір күні Астананың сотқарлары Саматтан көлікті тартып алыпты. Ол бірден «семейлік жігіттерге» телефон шалып, көлігін сол жерде-ақ қайтарып алған.
6. Ең ауыр жарақат
2002 жыл Смақов үшін өте сәтсіз маусым болды. Шілденің 3-і күні Атырауда өткен ойынның 28-ші минутында бұрыштамадан асырылған допқа бірінші болып Смақов жеткен еді. Алайда, ойлы-шұқырлы алаңда доп дәл алдына келгенде секіріп кетеді де, Самат бар күшімен жерді тебеді. Жарақат ауыр болды. Футболшы алаңнан дәрігерлердің көмегімен кетіп, оның орнына Травин шықты. Сол маусымда Смақов алаңға қайта оралған жоқ. Ал «құлан-таза айықтым» деген кезде оны «Ростсельмаш» қайта шақырды. Бірақ, оқу-жаттығу жиынында аяғын қайта ауыртып, елге қайтуға мәжбүр болды. «Өте қиын жыл болды. Ақша таусылып, телефонға бірлік салатын да тиын таппаған кездер болды. Кімнің кім екенін сол кезде түсіндім», - деп еске алды кейін футболшының өзі.
7. Ең қымбат қазақ футболшысы
Transfermarkt.de сараптамалық сайты бойынша 2008 жылдың желтоқсанында бағасы 1 миллион евроға жетіп, Самат Смақов ең қымбат қазақ футболшы атанды. Ол кезде оның жасы 29-да болатын, «Ақтөбеде» ойнады. Алайда, содан кейін оның бағасы төмендей беріп, 2017-нің желтоқсанында 50 мың евроға дейін түсті.
8. Жалақысы қанша екен?
Бізде футболшылардың жалақылары өте құпия, «жеті қат жердің астында жасырулы». Өткен маусымда «Ордабасыда» қанша айлық алғанын білмейміз. Бірақ, 2016 жылы «Ақтөбеде» айлығы 6 миллион теңгені құрапты. Ол кезде доллардың бағасы 380 теңгеден асып кеткен кез еді. Ал 2012 жылы «Ақтөбеде» жылдық жалақысы 600 мың доллар болған деседі. Ол уақытта доллардың бағасы 148 теңге еді. Дегенмен, Түркияның «Ризеспорында» екі есе айлық алды деген де сыбыс бар. Бірақ, «Ризеспормен» бірге Түркия Суперлигасына жолдама алғанда сыйақыға қосымша 30 мың доллар алған.
9. Ұлттық құрамадағы рекорд
Ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын 2000 жылдың 31 наурызында Катарда Йорданияға қарсы өткізген Самат Смақов бас командамыздың жейдесін алаңға 76 кездесуде киіп шыққан. Бұл ұлттық құрамамыздың рекорды. Екінші орында 73 ойынмен Руслан Балтиев тұр. Соққан голы екеу. Екеуі де пенальтиден. Біріншісін 2007 жылы Алматыда Бельгия қақпасына соқса, екіншісінде 2014 жылы Стамбулда түріктерді «ренжітіпті». Ұлттық құрама сапындағы соңғы ойынын 2016 жылдың қазан айында Астанада Румынияға қарсы өткізген. Дегенмен, Смақов бас командамен екі рет қоштасты. Бірінші рет 2011 жылдың тамызында Астанада Сириямен болған жолдастық кездесуден кейін жастарға орын босатанын мәлімдегенімен үш жылдан кейін, яғни 2014 жылы бас командаға қайта оралды.
10. «За родину всех порву»
2007 жылдың 24 наурызында Қазақстан ұлттық құрамасы Алматыда УЕФА аясындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Басқа-басқа емес, Еуропаның сол кездегі азулысы Сербияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ойыннан кейін Смақовтың журналистерге «За родину всех порву» деген сұхбаты бірден қанатты сөзге айналып, бүкіл отандық телеарналарда бірнеше реттен қайталап көрсетілді.
11. Шторкпен қалай өштесті
2009 жылдың қыркүйегінде ұлттық құрамамыздың бас бапкері болып Германиядан келген Бернд Шторк бекітілді. Екі аптадан кейін жерлестерімізді «Уэмблиде» Англияға қарсы айқас күтіп тұрған. Бастапқыда Шторк тізімге Смақовты да қосқан көрінеді. Бірақ, ел чемпионатындағы ойындардың бірінде Самат жарақаттанып қалды. Бұған неміс маманы сеніңкіремей, араларынан қара мысық жүгіріп өткен. Көктемде Беларусьқа қарсы ойынға шақырғанымен Алматыда 1:5 есебімен жеңіліп қалғаннан кейін бұдан былай Смақовты ұлттық құрамаға жолатпай қойған. Шторк кетіп, арада екі жыл өткенде ғана Самат 11 ойыннан кейін бас команданың жейдесін қайта киді.
12. Жолшиевті қалай тәртіпке салды
2015 жылы Пльзеньде ұлттық құрамамыз Чехиядан 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін Самат Смақов бар ашуын Бауыржан Жолшиевтен алып, киім ауыстыратын бөлмеде командаласын біраз «тәртіпке салған» деген әңгіме бар. «1:0 есебімен жеңіп жатқанбыз. Бауыржан Жолшиев Баторикпен (Бауыржан Исламхан) бірге қақпашымен жеке-дара шықты да, ұрымтал сәтте пас бермей қойды. Егер сол сәтті голға айналдыра алғанымызда жеңуіміз де мүмкін еді. Ойыннан кейін Жолшиевпен жақсылап тұрып әңгімелестім», – деп еске алады бұл туралы Смақовтың өзі.
13. Футболдағы арманы
«Футболдағы арманым және мақсатым – ұлттық құраманың бас бапкері болу. Күндердің күнінде мұндай мүмкіндік туып жатса, футболымызды өрге сүйреу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Алайда оған дейін Владимир Муханов немесе Алексей Петрушиннің бапкерлер алқасында болып, тәжірибе жинағаным дұрыс шығар», – дейді Самат Смақов.
14. Жарты миллион долларға ойын сату
Самат Смақовқа «ойын сат» деп 500 мың доллар ұсынған кездер де болған екен. Бұл туралы футболшының өзі бір сұхбатында былай деп еске алған: «Тіпті, ұлттық құрама деңгейінде де мұндай жағдайлар кездескен. Маған келіп, «осы ойыннан пайда табуға болады» деп жарты миллион доллар ұсынған. Мен олардың бәрін «үш әріпке» жіберетінмін».
15. «Қайраттан» қалай қуылды
2014 жылдың қазанында «Астана-Аренада» алаң иелерінен 1:5 есебімен ойсыра ұтылған Алматының «Қайраты» «ойынды сатты» деген айыппен бес футболшыны жаттығулардан аластатып, кейін командадан біржола қуған. Арасында команда капитаны Самат Смақов та бар еді. «Не болғанын кейін арнайы сұхбатымда ашып айтамын» деген капитан сол күйі үнсіз қалуды жөн көрді.
16. Кумирі – Ривалдо, сүйікті клубы – «Барселона», құрамасы – Бразилия
Самат Смақовтың футболдағы пір тұтар ойыншысы бразилиялық Ривалдо болыпты. Ойын мәнерінен бөлек, өр мінезді қасиеті де ұнайды екен. Ал сүйікті клубы – Испанияның «Барселонасы» болса, әлем чемпионаттарында Бразилияның жанкүйері. Жеке музейінде Ривалдоның арнайы беріп жіберген жейдесі де бар.
17. Үш баланың әкесі
Смақов өте жас үйленген. Өмірлік жары Умамен 17 жасында танысыпты. Ол кезде Самат «Елімайдың» жастар командасына енді ғана бой үйретіп жүрген. Ал 15 жасар Ума Семейдегі талантты балериналардың бірі болған екен. 1998 жылы отау құрғанда футболшы әлі 20-ға да толмаған еді. Биыл екеуінің танысқанына, міне 20 жылдан асты. Үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкені қыз. Көркем гимнастикамен айналысатын 11 жасар Самира спорт шеберлігінен үміткер. Ортаншысы Аламгир «Қайрат U-10» командасының капитаны. Ал кенжесі Данияр үш жаста.
18. Тайландтағы туған күн
Самат Смақов 1978 жылдың 8 желтоқсанында дүниеге келген. Айтпағымыз бұл емес, оның туған күні үнемі еңбек демалысымен сәйкес келіп жатады. Бұл уақытта ол отбасымен бірге Тайландта демалуды дәстүрге айналдырған. Туған күнін де әрдайым сол жақта өткізеді және сол жақта демалып жүрген барлық қазақстандықтарды өзінің туған күніне шақырады.
19. Смақовтың инстаграм парақшасы
Самат Смақов инстаграм желісінің белсенді қолданушысы. 2013 жылдың қыркүйегінде тіркелген. Содан бері төрт жылдан астам уақытта парақшасына 442 жазба қалдырыпты. Оның парақшасына 27 мыңнан астам адам тіркелген.
20. Мальдини сияқты бола алмады
2009 жылға дейін кәсіпқой деңгейде доп тепкен Паоло Мальдини футболмен 41 жасында қоштасқан. Өзінің сұхбаттарында Смақов та Мальдини секілді осы жасқа дейін жасыл алаңнан кетпеймін деуші еді. Алайда біздің бүгінгі кейіпкеріміз 39 жасында бутсасын шешіп, үстіне костюм киді. Енді ол Самат Қабірұлы. Біз оның алдағы карьерасына тек сәттілік тілейміз!