Вернуться к списку статей

Аида ГАЙСТЕНОВА – «Енисейден» кейін Еуропаға кеткім келеді

Футбол
1K
Аида ГАЙСТЕНОВА – «Енисейден» кейін Еуропаға кеткім келеді
Еркебұлан Сейдахметтен кейін Ресей чемпионатына тағы бір футболшымыз аттанды. Бұл жолы бұрымды аруымыз. Өткен маусымда Алматының «Барыс» командасында ойнаған Аида Гайстенованың Ресейдің «Енисейімен» келісімшартқа отырғанын естіп, Красноярскіге қоңырау шалған едік.

– Аида, құттықтаймын! «Енисейге» қалай жол түскенін айтып өтсеңіз!

– Құттықтауыңызға рахмет! Соңғы кездері футболдағы карьерама өзгеріс енгізгім келіп жүрген. Ұлттық құрамамыздың Түркиядағы оқу-жаттығу кезінде шетелге кетуге құлшынысым қатты артты. Содан өзімнің менеджерім Динара Жағыпароваға хабарласып, өтінішімді айттым. Көп уақыт өтпей Босния және Герцеговина чемпионатынан, сондай-ақ Ресейден екі вариант шығып тұрғанын айтты. Біріншісі «Чертаново», екіншісі осы «Енисей». Көп ойланбай «Енисейді» таңдадым. Маған бапкерлер алқасы, ойыншылары ұнады. Бір аптадай жаттықтырушылар сынағынан өттім де, командаға қабылдандым.

– Неліктен Боснияға тартып кетпедіңіз?

– Олар мені ешқандай сынақтан өткізбей-ақ бірден келісімшартқа қол қоюды ұсынды. Бір емес, бірнеше рет хабарласты. Алайда, ол жақтың менталитеті таңсық көрінді. Оның үстіне, жаңа тіл жағынан қиындық туа ма деп сескендім. Жарайды, тілді меңгеріп аламыз ғой. Бірақ, спорттық тұрғыдан алғанда өзіме Ресей чемпионаты қызықтырақ көрінді. Ресейде әйелдер футболы бәрібір де Босния мен бізге қарағанда жақсы дамыған.

– Жалпы, «Енисей» жайлы не айтасыз? Қандай команда?

– Клуб Ресейдің Жоғарғы чемпионатында өнер көрсетеді. Маған команданың аурасы бірден ұнады. Футболшылар да жылы қабылдап, бірден сіңісіп кетуіме барлық жағдайды жасады. «Енисейде» әзірге менен басқа легионер жоқ. Үш футболшысы Ресей ұлттық құрамасында ойнайды. Екі апта бұрын команда тізгінін 90-шы жылдары Ресей чемпионатының үздік сұрмергендерінің бірі болған Олег Гарин ұстаған екен. Өте білікті маман екені көрініп тұр. Жаттығулары қызықты өтеді.

– Бұған дейін Қазақстан чемпионатында Астана мен Алматы қалаларының командаларында доп тепкен едіңіз. Ал Красноярск қаласы қалай екен?

– Әзірге қаланы аралауға уақыт болған жоқ. Дегенмен, бір көргенде Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі қалаларға ұқсаттым. Күн суық, бірақ адамдардың жүздері жылы.

– Аида, сізді қазақтың қаракөз нәзік қызы ретінде білеміз. Ал Ресей футболындағы қыздар ірілеу келеді. Олармен тайталасу қиын болады деп қорықпайсыз ба?

– Қорықсам мұнда келмес едім. Өзім ешқашан алаңда аяғымды тартып қалған емеспін. Айқастан қорықпаймын. Сол үшін де өзім шабуылшы болғаныма қарамастан ескерту қағазын көп алатындардың қатарынанмын. Сондықтан, маған осындай мәнердегі футбол керек болды. Қалағаным осы. Ресей чемпионатында шеберлігімді бұрынғыдан да арттырып қайтамын деп ойлаймын.

– «Шетелге кетуді қаладым, кетіп қалдым» деп жатырсыз. Сонда Қазақстан футболшыларына Ресей чемпионатынан команда табу оңай ма?

– Ең бастысы, адамда ынта мен ниет болу керек. Егер қатты қаласаң, бәріне де қол жеткізуге болады. Дегенмен, ынтаң мен ниетің шеберлігің мен еңбегіңе лайық болуы тиіс.

– «Ресей чемпионатынан команда табудың жолын айтып жіберші» деп қазақстандық футболшылар хабарласып жатқан жоқ па?

– Хабарласып жатқан қыздар көп. Бәрі де жылы лебіздерін білдіріп, сәттілік тілеп жатыр. Олардың барлығына рахмет! Егер Ресей чемпионатына келіп жатса, бәріне қуанышты боламын. Алайда, әзірге жөн сұрап, өтініш айтқандар жоқ.

– Соңғы кездері сізді қазақстандық жанкүйерлер Еркебұлан Сейдахметпен жиі салыстырып жүр. Ол туралы естуіңіз бар ма?

– Еркебұлан туралы бір-екі рет естіп қалдым. Бірақ танымайды екенмін. Енді интернеттен видоларын қарап көрмесем. Ол қай шепте ойнайды?

– Тура сіз секілді. Шабуылда және жартылай қорғаныстың оң қапталында.

– Иә, расымен де ұқсастығымыз бар екен. Қарап көрейінші. Жалпы, командадағы қыздар Қазақстан футболы жайлы біледі. Дегенмен, мойындауымыз керек, дәл қазір Ресей чемпионатының деңгейі біздікінен гөрі әлдеқайда жоғары.

– Енді Ресей чемпионатында қанша уақыт ойнауды жоспарлап отырсыз?

– Әзірге бір маусымға келісімшартқа қол қойдық. Одан кейінгісін көре жатармыз. Бір-бірімізге ұнап жатсақ, онда келісімшартты ұзартуға болады. Алайда, алдағы уақытта «Енисей» арқылы Еуропаның еңселі клубтарына кетсем деген мақсатым бар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика