Вернуться к списку статей

«Ертіс» Давид Лориядан Алмат Бекбаевты артық көрді ме?

Футбол
1K
«Ертіс» Давид Лориядан Алмат Бекбаевты артық көрді ме?
Биыл ел намысын Еуропа лигасында қорғайтын Павлодардың «Ертісі» командаға жаңа қақпашы тапты. Жаңа маусымда Давид Лорияның орнын Алмат Бекбаев басады.

Бұл туралы «Ертістің» ресми сайты хабарлады. Әзірге келісімшарттан толық мәлімет жоқ.

«Қақпашы Шымкент футбол мектебінің тәлімгері болып табылады. Өзінің кәсіби мансабын «Достық» командасында бастаған еді. Кейін «Ақсу-Кент», «Яссы-Сайрам», «Қайсар», «Ақжайык», өзбекстандық «Андижан», «Тобыл» және «Ақтөбе» клубтарында өнер көрсеткен. Дегенмен көпшілікке «Ордабасы» сапындағы ойыны арқылы таныс. Біз Алмат сынды, тәжірибелі голкипердің «Ертіс» қатарына қосылғанына қуаныштымыз! Жаңа маусымда сәттілік тілейміз!», - деп жазады «Ертістің» ресми сайты.

Біз де Бекбаевқа сәттілік тілейміз. Алайда, Алматтың Датодан қай жері артық еді. Лорияны командадан «қуып шыққанда» оның орнына одан да шебер басқа қақпашы алатын шығар деп ойлағанбыз. Шынын айтсақ, Шымкенттен Бекбаев барады деп ойламағанбыз.

Енді екі қақпашының өткен маусымдағы статистикасын салыстырып көрелік. Былтыр «Ордабасының» қақпасын күзеткен Алмат Бекбаев Премьер-лигадағы 33 ойынның 13-інен тыс қалған. Шымкенттік клубтың бас бапкері Алексей Петрушин кей ойындарда одан гөрі Рамиль Нурмухаметовке сенім артқанды жөн көрді. Жалпы, 20 кездесуде алаңға шыққан Бекбаев қақпасына 23 доп өткізіп алған. Ал Давид Лория былтыр жарақатына байланысты соңғы үш ойыннан ғана тыс қалды. 30 ойында 30 гол өткізіп алды. Ұлттық құрамаға шақыртылып, бас командамызды алаңға капитан ретінде бастап шыққан ойындары да болды.

Сонымен, «Ертіс» осындай қызық трансфер жасады. Бекбаевтан бөлек, Павлодардың командасында былтыр Лорияның дублері болған Никита Калмыков бар. Ал Давид Лория бүгінде Түркияда «Ақтөбемен» бірге жаттығып жүр.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика