Вернуться к списку статей

Григорий Лория – Қазақстан футболшыларының «араны ашылып», легионерлерден де асып тұр

Футбол
1K
[17:20, 19.2.2018] +7 777 248 7787: Григорий Лория – Қазақстан футболшыларының «араны ашылып», легионерлерден де асып тұр
Араға тоғыз жыл салып «Қызыл Жар» Премьер-лигаға қайта оралды. Жаңа маусым қарсаңында клуб президенті Григорий Лориямен кездесіп, команданың қазіргі жайы туралы және бюджеті жөнінде біраз сұхбаттасқан едік.

– Үлкен футболдың Қызылжарға қайта оралғанына қуаныштымыз. Осы күнді 2009 жылдан бері сарыла күттік. Соңғы үш-төрт жылда бізге сәл ғана сәттілік жетіспей қалып жүрді, - деп бастады Григорий Отарович. – Дегенмен, оның барлығынан тиісті қорытынды шығардық. Біраз футболшылар тәрбиеледік. Қазір Петропавл футболының алты түлегі Қазақстанның әртүрлі құрама командаларында ойнап жүр. Қазір де команда да 5-6 жергілікті ойыншылар бар. Оларға да үлкен үміт артып отырмыз.

– Ал команданың алдына қандай мақсат қойып отырсыздар?


– Біз Премьер-лиганы тоғыз жыл күттік. Енді келе салып, қайта кетіп қалғымыз келмейді. Басты мақсат – Премьер-лигадағы орнымызды сақтап қалу. Жанкүйерлерімізді жақсы ойынымызбен қуантқымыз келеді. Бір маусым анда, бір маусым мұнда секірмей, ұзақ жылдар бойы Премьер-лигада өнер көрсетуді көздейміз. Әзірге команданың алдына осындай тапсырма қойылып отыр. Ал болашақта одан да жоғары межелерді бағындыруға тырысамыз.

– Соңғы жылдары «Қызыл-Жарды» Бірінші лигада отандық маман Владимир Фомичев жаттықтырып келді. Бірақ биыл оның орнын болгар бапкері Никола Спасов тапсыруды жөн көріпсіздер...

– Ешкім Фомичевтің біліктілігіне күмән келтірмейді. Өте жоғары деңгейлі маман. Владимир Александровичке тек алғыс айтамыз. Біз оны ешқайда қуған жоқпыз. Өткен жылдың соңында келісімшарты аяқталып, жеке әңгімелескенбіз. Сонда денсаулығы жарамай жүргенін айтқан. Жүйкесіне аз салмақ түсіретін жұмысқа ауысуды жөн көрді. Сондықтан, біз де басқа бапкер іздеп, Никола Спасовқа сенім арттық. Ал Фомичевке тек сәттілік тілейміз!

– Григорий Отарович, жалпы қалай ойлайсыз, биыл Қазақстан Премьер-лигасында чемпиондыққа «Астана» мен «Қайраттан» басқа тағы қандай командалар таласуы мүмкін?

– Егер басты бәйге «Астана» мен «Қайрат» арасында жүреді десеңіздер, қателесіздер. «Ордабасы» жақсы команда жасақтап жатыр. «Тобылдың» құрамы күшейген. «Ертістің» де ойындарын көрдім, маған ұнады. «Ақтөбенің» жаңа жас басшылығы да үздіктер қатарынан көріну үшін барын салып жатыр. Самат Смақов жаман команда жинамайды деп ойлаймын. Негізі, өткен жылғы чемпионат өте қызықты өтіп, бас жүлденің иесі соңғы турда ғана анықталды. Бұл да Кәсіпқой футбол лигасының дұрыс жұмыс жүргізгендігін білдірсе керек.


– Ұзақ жылдар бойы Петропавлдың стадионы сын көтермей келген еді. Қазір Премьер-лигаға дайын ба?

– Стадион 90 пайызға маусымға дайын. Тек аз-кем реттейтін шаруалары қалды. Ал шөбін өткен жылы ауыстырып, жаңа алаң төсегенбіз. Трибунасын ауыстырып, жаңа орындықтар орнатқанбыз. Әлбетте, қыстан кейін қайта бір баптап алуға тура келеді. Жалпы стадион үшін біз ұялмаймыз.

– Әдетте, бұл жайында ресми деректер айтыла бермейді. Десек те, клуб бюджеті қалай болып тұр?

– Нақты цифрді көрсетпей-ақ қояйын. Бірақ біздің бюджетіміз өте аз. Сіз ойлағаннан да аз.

– Тіпті, Бірінші лигадағы «Тараздың» бюджетіне де жетпей ме?

– Мен олардың бюджетінен хабарсыз екенмін. Бірақ, жетпейді-ау. Ештеңесі жоқ, соны да бірнәрсе қылып маусымға жеткізерміз.

– Жете ме сол қаржы?

– Ақша ешқашан ешкімге жеткен емес қой. «Көрпемізге қарай көсілерміз», басқа амал жоқ. Ал бюджетіміз қомақты болса, өзіміз қалаған ойыншылардың барлығын алдыртар едік. Шынтуайтына келгенде, Аршавин, Твумасилерді «Қызыл-Жардың» бюджетіне ала алмайсың. «Астана» мен «Қайраттың» қатарына қосылу үшін қалтаңда сонша ақша болуы қажет.

– Жетпей қалып, маусым ортасында облыс басшылығынан қосымша қаржы сұрап жүрмейсіздер ме?

– Оны уақыт көрсетеді ғой. Қазір бар ақшаны жеткізуге тырысамыз. Ал ары қарай қалай боларын уақыт көрсетеді. Жалпы, бізде облыс әкімі спортқа үлкен көңіл бөліп отыр. Футболға көңілі алабөтен. Өзі де қолы қалт екенде біздің ойындардан қалмауға тырысады. Стадионға келіп, жанкүйер болады. Еліміздегі бірінші жабық манеж біздің аймақта салынды. Рас, стандартқа сай емес. Алайда жеткіншектер жазда ғана емес, қыста да футбол ойнауға мүмкіндік алды. Облыс әкімі дәл осындай тағы бір манеж салу туралы мәселе көтерді. Қазір футбол орталығында 300-ден астам бала жаттығады. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 500 жеткіншек футболмен айналысады. «Қызыл-Жардың» жастар командасы пайда болды.

– Әлбетте, мұндай мәселемен команданың бас бапкері айналысады ғой. Дегенмен, ел чемпионатына дейін қай шептерді күшейту керек деп есептейсіз?

– Бірінші жиынды өткіздік қой. Сонда байқағаным, легионерлерден ешқандай проблема жоқ. Біздің қаржыға өзіміз қалаған легионерді сатып ала аламыз. Ал біздің ақшаға қазақстандық жақсы ойыншыларды табу қиын.

– Енді олар үлкен жалақыға үйреніп қалды ғой...

– Иә, өз сұрағыңызға өзіңіз жауап бердіңіз. Біз Петропавлдың түлектерін командаға қайта жинағымыз келген. Алайда, олардың арандары дәу болып шықты. Сұраған айлықтарын төлей алмаймыз. Басқа да қазақстандық футболшылармен келіссөздер жүргіздік. Бірақ, көп жалақы сұрайды. Шынтуайтына келгенде, біздің футболшылардың легионерлерге қарағанда шеберлік деңгейліктері төмен. Бірақ, көп айлық алғысы келеді. Осы жағы бізді қатты алаңдатады.

– Григорий Отарович, сұхбатымыздың соңында ҚФФ басшылыған Әділбек Жақсыбековтың қайта оралуы туралы не дейсіз?

– Біріншіден, Әділбек Рыскелдіұлының қайта оралуына қуаныштымын. Ол ел футболын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

– Бірақ, бұрын сіз Жақсыбековтың кезінде футболдан біраз уақытқа шет қалған едіңіз ғой...

– Шет қалғаны несі?

– Енді мәжбүрлі үзіліс алған едіңіз ғой.

– Біріншіден, әр үзілістің өз пайдасы болады. Ойланып, өткенге көз жүгіртіп, жаңа өмірді қайта бастауға мүмкіндік туады. Ал Әділбек Жақсыбековтың ел футболын жаңа деңгейге көтеретініне расымен де сенемін. Ол жарнаманы қажет етпейтін адам. Футболға ғана емес, басқа да спорт түрлеріне құштарлығы зор. Марафон жүгіретінін де білеміз. Сондықтан, оның футболға қайта оралуы туралы жаңалықты бірінші болып қуана қабылдағандардың бірі менмін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика