– Бүгін екі түрлі тайм көрдік. Екінші таймға қанаттанып шығатындай үзіліс кезінде футболшыларға не айттыңыз?
– Лиссабонға жақсы көңіл-күймен кетіп барамыз. Астанаға келген командалардың көбі не тең түсіп, не ұтылып қайтатынын білетінбіз. Бірақ, біз жеңіске жете алдық. Бірінші таймда алаң иелерінің қарқынына төтеп беру қиын болды. Алайда, үзілістен кейін өз ойынымызды таптық.
– «Астана-Аренаның» жасанды алаңына қаншалықты үйрене алдыңыздар?
– Бірінші таймда нашар ойнауымызға жасанды алаңның қатысы жоқ. Мұндай алаңда доп тез жүгіреді. Оның үстіне, алаң иелерінің де қарқыны қатты болды. Біздің де жігіттер дұрыс ойнамады. Абырой болғанда екінші таймда естерін жиып, өз ойынымызды көрсете алдық. Ең бастысы, өзімізге қажетті есепке жеттік.
– Кеше «Порту» өз алаңында «Ливерпульден» 0:5 есебімен жеңілді, ал «Спортинг» Қазақстанда «Астананы» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл жағдай командалардың алдағы ойындарына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Әлбетте, қарсыласқа деген құрметім зор. Дегенмен, «Астана» мен «Ливерпульді» салыстыруға әсте болмайды. Ал алдағы ойындарда, әлбетте, «Спортинг» жақсы көңіл күйде болады.
– Фабио Коэнтрауды алмастыруыңыздың себебі неде? Жағдайы жақсы ма?
– Бірінші ретте Думбия жайлы айта кеткім келеді. Соңғы кездері ол жақсы ойнап жүр. Бүгін гол соқты, жақсы шабуылдар ұйымдастырды. Енді Коэнтрау туралы. Бірінші таймда «Астана» Коэнтраудың қапталынан көп шабуылдады. Фабио жақсы шыдас берді. Үзіліс кезінде өзгеріс енгізейін деп ойлағанмын. Алайда, оның көп еңбектенгенін ескеріп, екінші таймның басында ауыстыруды жөн санадым.
– Жалпы, «Астананың» ойыны жайлы әсеріңіз қандай? Ойынын ұнатқан қандай да бір ойыншыңыз болды ма? Ойын барысында сізді не таңғалдырды?
– Астананың аязын сезген жоқпыз. Өйткені, стадионның іші жылы екен. Ең қиыны жасанды алаңда доп тебу болды. Ал матчтағы атмосфера керемет. Бұл үшін жанкүйерлеріңізге алғыс айтуларыңыз қажет.
– «Астана» сізді несімен таңғалдырды? Қақпаңызға гол жіберіп алғанда қандай әсер болды?
– «Астананың» ойыны ерекше екен. Еуропалық командаларға ұқсамайды. Тактикалық ойыны жақсы қойылған. Әсіресе, оң қапталындағы ойыншылары біздің жігіттерді біраз терлетті. Коэнтрауды да шаршатқан сол қаптал. Сол үшін біз Фабионы ауыстыруды дұрыс санадық.
– Енді бір аптадан кейін қарымта матчта «Спортинг» алаңға екінші құрамын шығаруы мүмкін бе?
– Сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіске жетіп отырмыз. Бұл жақсы нәтиже. Дегенмен, «Спортингте» негізгі құрам, резервтегі ойыншылар деген түсінік жоқ. Барлық футболшыларыма бірдей қараймын. Ал Лиссабонда команда құрамын өзгертуім мүмкін. Алайда, 100 пайыз өзгеріс көрмейсіздер.