Вернуться к списку статей

"Барселона" мен "Манчестер Ситидің" экс шабуылшысы немесе Гай Ассулин жайлы алты дерек

Футбол
1K
26 жасар шабуылшымен келісімшарт екі жылға жасалыпты. Енді ол туралы деректер.

Бүгін Алматының «Қайраты» израильдік шабуылшы Гай Ассулинмен келісімшартқа отырғаны туралы ресми түрде мәлімдеді. Бұл не қылған ойыншы? Одан не күтуге болады? Sportsffa.kz порталы «Барселонаның» мектебін көрген футболшы жайлы алты дерек ұсынады.

«Барселонадағы» кезең

1991 жылдың 9 сәуірінде Израильдің Хайфа қаласында дүниеге келген Гай Ассулин футболмен алты жасынан бастап шұғылдана бастаған. «Хапоэль» футбол клубының түлегі. 2003 жылы кішкентай Гайды «Барселонаның» скауттары байқап қалып, әке-шешесімен бірге Каталонияға көшіп кетеді. Оның отбасына айлықты клуб төлеп тұрды. 2007 жылы «Барселонамен» кәсіби келісімшартқа отырып, командада 3 жыл доп тебетін болды. Ал оны сатып алу үшін басқа клубтар 20 млн. евро төлеу керек еді. 2008-2009 жылы каталониялықтардың Испания чемпионатындағы хаттамасына еніп, ел кубогының аясында бір ойынға қатысты. Алайда, «Барселонаның» негізгі ойыншысына айнала алмады.

«Манчестер Ситидегі» екі маусым

Иә, Гай Ассулин жас кезінде өзінің ойынымен талайды таңғалдырып, болашағынан көп үміт күттіретін ойыншы болған. «Барселонадан» кейін «Манчестер Ситиге» ауысып, Жерорта теңізінің жағалауынан «Тұманды альбионға» қоныс аударды. Екі жарым жылға келісімшартқа отырған еді. Бірақ, бұл клубта да өз мүмкіндігін пайдалана алмады. «МС» сапында бірде-бір ресми матчқа қатысқан жоқ. Ақыры «Брайтонға» жалға ойнап, Премьер-лига сапында жеті кездесуге қатысып қайтты.

Бір клубта үш голдан артық соға алмайтын шабуылшы

«Манчестер Ситиден» кеткеннен кейін Гай Ассулин Испанияның «Расинг», «Гранада», «Эркулес», «Мальорка» клубтарында доп тепті. Ла лигада да, Сегунда да ойнады. Испанияның Екінші лигасын да (біздіңше үшінші лига) көріп қайтты. Бірақ, ешбір клубта үш голдан артық соқпаған. Мәселен, «Расингте» бір маусымда 25 матч өткізіп, үш голмен шектелсе, «Эркулесте» 32 ойында үш рет қарсылас қақпасынан саңылау таба алған. Ал соңғы клубы «Сабадельде» Испанияның Екінші лигасында екі жыл өнер көрсетіп, 26 матчта үш рет гол соққан.

Израиль құрамасының ең жас ойыншысы

2008 жыл Гай Ассулиннің жұлдызы жанып тұрған кезең еді. 17 жасқа әлі толмағанына қарамастан Израиль ұлттық құрамасына шақырту алып, Чилиге қарсы жолдастық кездесуде доп тепті. Осылайша Бен Шахардың рекордын бұзып, Израиль құрамасының ең жас футболшысы атанды. Бірақ, одан кейін Ассулин бас команда сапына сол күйі шақырту алған жоқ.

Бағасы небәрі 150 мың евро

Transfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша бүгінде Гай Ассулиннің нарықтағы бағасы небәрі 150 мың евроны құрайды. Дегенмен, 2013 пен 2014 жылдың аралығында Гай 600 мың евроға бағаланған.

Гай Ассулиннің ресми сайты

Осыдан бірнеше жыл бұрын Гай Ассулиннің өз ресми сайты болған. Онда жанкүйерлері футболшының өмірімен танысып, әрбір қадамын аңдып отыратын. Алайда, кейінгі кездері Гай бұл сайтқа көңіл бөлмей кетті. Сондықтан, жобаның жетекшілері оны шаш күтіміне арналған сайтқа айналдырып жіберді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика