Вернуться к списку статей

Ойды арбап қытымырлық, түлете алмай таланттарды тоқырадық...

Футбол
1K
Фото fcufa.pro сайтынан
Еркебұлан Сейдахмет деген жап-жас футболшымыз Ресейдің «Уфа» клубына барып, ашыла бастағандай...

«Уфа» клубының баспасөз қызметі үлгі көрсетті

Қазақтың жас талантының «Уфа» клубы сапына барғанына бір айдан сәл ғана асқан болар. Әйтсе де, қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде Башқұртстан клубының баспасөз қызметі Еркебұлан Сейдахметті болашақ Жұлдыз ретінде сомдап, жарнамасын күшейтті. Соның арқасында фанаттары санын (қарасын) әжептәуір, тіпті әлдақайда көбейтті. Қазір Қазақ елі жанкүйерлерінің көбісі осы клубтың жаңалықтарын аңдиды...

«Уфа» клубының баспасөз қызметі екі күннің бірінде Еркебұланды бейнероликке түсіреді. Жаттығу кезінде де тілге тартады, соққан голдары мен берген әдемі пастарын да жіпке тізіп шығады. Ізін суытпай, жиі-жиі қысқаша сұхбат та алып отырады. Қысқасы, өз істерін шыр айналдырып, Е.Сейдахметтің атын шығарып, танымалдығын арттыра түсті.

Ал осы бала былтыр өзімізде ойнаған. Жарайды, облыстық деңгейдегі «Монтажник» командасын есепке алмай-ақ қояйық. Ал «Тараз» футбол клубы ше? Өз топырағынан түлеп ұшқан тума талантты дәл осы «Уфа» сияқты әспеттей алды ма? Еркебұланның атын, ойын өрнегін пайдаланып, өздерінің жанкүйерлерінің санын арттыра түсуге тырысты ма?

Еліміздің жасөспірімдер және жастар арасындағы құрамалары сапында ойнаса да, Еркебұланды Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты да «Уфа» клубының баспасөз қызметі секілді «жарнамалай» алмады. Бұл жерде мен әріптестерімді сынап немесе кінәлап отырған жоқпын. Тек бізге үлгі болса деймін. Бәлім, біз бардың қадірін білмейтін шығармыз, жоқтан бар жасай алмайтын шығармыз...

«Уфа» ашты, біз бастық...

Бізде «мақтауға әлі ерте, бірінші өзін-өзі көрсетсін» деген түсінік бар. Бірақ жағдай жасап, мүмкіндік бермесек, жас футболшының өзін қалай көрсетету тиіс екендігіне мән бермейтіндейміз. Әйтеуір «әлі ерте», «әлі жас» деп, еңсесін баса береміз. Сонда, мақтауға да сараңбыз ба?! Жылы сөзбен қанаттандырып, рухтандырып отырмайтын да сияқтымыз.

Ал «Уфа» клубы Еркебұланды жігерлендіре түскендей. Ең әуелі өзіне деген сенімділігін арттыра түсуге тырысып жүр. Мақтап та қояды. Бірде «Қазақтың Мессиі» деп қолпаштаса, көбінесе «Лео» деп те қошаметтейді. Басшының да, бас бапкердің де, баспасөз қызметінің да, тіпті өзімен бірге жүрген футболшылардың да осылай ықыласы түсіп тұрғанда, жас футболшы аянсын ба?! Жоқ, әрине!

Байқайсыздар ма, кейінгі кезде Еркебұлан батыл сөйлеп, өжетсініп келе жатқандай. Кеше ғана «менің АПЛ мен Испания примерасында ойнаған ең бірінші қазақ болғым келеді» деді. Қазақстанда жүрсе, дәл осылай айтар ма еді? Күмәнім бар. Осы сөздерді айтқызып отырғанда да, «Уфа» клубының менеджменті болуы әбден ықтимал...

Ұзын сөздің қысқасы, «Уфа» менеджерлері Еркебұланды қайрап, оны психологиялық тұрғыда да қамшылай түскендей. Олар жастармен жұмыс жасауды біледі. Әне, Украина таланты Александр Зинченконың бір жарым жылдың ішінде әлеуеті жоғары футболшы ретінде паш ете біліп, ағылшынның «Манчестер Сити» клубына сатты.

Гранаткин мемориалының 2017 жылғы додасында біздің Ерекбұланға көздері түссе, 2016 жылы осы турнирде петерборлық Иван Обляковті байқап қалған. Қазір бұл жігіт те «Уфа» сапында ойнайды. Ресейдің жасөспірімдер және жастара арасындағы құрамаларының намысын қорғайды. Айтпағымыз, Башқұртстан клубы шынымен де жас таланттардың бағын аша алатын ұжым сияқты.

Жастардың бағы байлап жүрген өзіміз...

Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан футбол федерациясы жас таланттарымыздың бағын байлап жүргендігіміз туралы тамаша мақала жариялады. Сонда айтылғандай, 2016 жылы жас футболшыларымыз Қазақстан премьер-лигасындағы жалпы ойын уақытының 1%-ын ғана жасыл алаңда өткізген. Сұмдық, бір пайызын ғана! Әлемнің 66 мемлекеті ішінде жастардың бағын байлаудан 3-орын «алғанбыз»...

Шынымен де, біз жастарымызды баса беретін сияқтымыз. Өсіп-өркендеулеріне жол бермейтіндейміз. Айтатынымыз – «жас әлі», «өзін-өзі көрсетсін», «қайда-а, әлі оған», тағысын тағы... Ең аяғы Еркебұландай жастарды дәріптеп, мадақтап мақала жазсаң да, оқырмандардың арасында шырт ете қалатындары көп. Кейбіреулері тіпті жақтырмай да қалады.

«Бауыржан Исламхан да Ресейге барып, қосалқы құрам орындығында отырып-отырып қайтып келген, сондықтан мұны әзір мақтауға болмайды», – өзіңе ақыл айтады. Сонда қалай? Бауыржан Исламхан Ресейде бағы жанбай, қайтып келген деп, бүкіл қазақ ешқайда шықпай, үйде отыруы керек пе?!

Түйін

Неге осындаймыз?! «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» мақалын бәріміз де білеміз. Бірақ мән бермей, ұмытып кететіндейміз. Неліктен өзімізге келгенде, тартыншақтап қаламыз? Осылай, өмір бойы Лионель Месси мен Криштиану Роналду сияқты жұлдыздарға «табынып», ғасырлар бойы Марк Цукерберг пен Илон Маск секілді өнертапқыштарға ғана сүйсініп, жүре береміз бе?! 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика