Вернуться к списку статей

Какау – Қазақстаннан ақша үшін кетіп бара жатқан жоқпын

Футбол
1K
Какау – Қазақстаннан ақша үшін кетіп бара жатқан жоқпын
Футзалдан Люблянада өткен Еуропа чемпионаты мәресіне жете сала ұлттық құрамамыздың бас бапкері Какау Қазақстан футзал қауымдастығының баспасөз қызметіне сұхбат беріп, елден неге кетіп бара жатқанын айтып берді.

Әр ойыншыға рахмет айтып, оларды Қазақстанның қаһарманы деп есептейтіндігін айтқан бас бапкер елден кетуінің басты себебін атап өтті.

«Менің Қазақстанда жүргеніме 11 жылдай болды. Шаршадым. Ал кетуіме себеп болған басқа құрамам, басқа командам жоқ. Әзірге екі-үш жылға кеткім келеді. «Қайратқа» да, ұлттық құрамаға да қазір басқа бапкер керек. Мен өзімнің бар максимумымды көрсеттім. Ойыншыларға және маған қолдау көрсеткен барша жандарға алғыс айтамын. Бес жыл бойы менің капитаным болған Дінмұхамбет Сүлейменовке, қақпашымыз Игитаға рахмет! Өз жұмысымыздың дұрыс болғанына сенемін. Барлық ойыншыларыма рахмет! Олар – Қазақстанның батырлары», – деді Какау.

Заманауи маман әлеуметтік желілерді де оқып отырады екен. Оған Қазақстаннан кетпеуін сұрап, талай жанкүйер хат жазыпты. Дегенмен, Какаудың өзі ұлттық құрама мен «Қайратқа» жаңа бапкер керек екенін айтып отыр.

«Шынын айтқанда, instagram, facebook әлеуметтік желілерінен «Какау – жарайсың», «Какау, кетпеші», «Какау – біздің қаһарман» деген сөздерді оқығанда қатты толқимын, іштей қиналамын. Кетпеуімді сұрап, пікір жазып жатқандар өте көп. Бірақ мен ақша үшін кетіп бара жатқан жоқпын. Басқа елде мені күтіп тұрған басқа жұмыс жоқ. Ал Қазақстанға жаңа, менталитеті өзгешелеу, мәдениеті басқа, тактикасы бөлек, менен де білікті бапкер керек деп ойлаймын. Қазақстан құрамасы үшін солай дұрыс болуы тиіс», – деді біздің қаһарман.

Ал сөз соңында Какау ұлттық құрамамыздың Еуропа чемпионатындағы жетістігін қорытындылап, алдағы уақытта бас командамыздың «Кәртамыс құрлық» додасының финалында ойнайтынына сенім білдірді.

«Бұл біздің ұлттық құрамамыз үшін жақсы нәтиже. Еуропаның үздік төрттігіндеміз. Әлбетте, жартылай финалда пенальти сериясында жеңіліп қалуымыз – бәрімізге өте ауыр тиді. Ал одан кейін бір-ақ күн үзіліс алып, бірден қола үшін Ресеймен таласуға алаңға шықтық. Біздің жігіттердің барлығы – батыр! Бізді словениялық көрермендер де қолдап отырды. Қазақстандағы жанкүйерлерге де жалынды сәлем! Маған «инстаграмда» «Какау, Қазақстандағы жұмысыңыз үшін рахмет!», - деп жазып жатыр. Мен де «Өздеріңізге рахмет, Қазақстан – менің отбасым» дегім келеді. 11 жыл бойы қолдау білдіріп келесіздер. Алғаш рет ойыншы ретінде 2004 жылы келдім, одан кейін бас бапкер ретінде 2013 жылы қайта оралдым. Осы кездің барлығында қолдау көрсетіп, көмегін аямаған барша жандарға алғыс айтамын. Екі рет Еуропа чемпионатының үздік төрттігінен көрінуіміз – соның нәтижесі. Ал ең бастысы, бірінші рет өз тарихымызда Испания футзалшыларымен тең түстік. Біздің командамыз әлі жас. Екі рет Еуроға қатысып, біріншісінде үш, екіншісінде төртінші орынды еншіледік. Күндердің күнінде Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатының финалында ойнайтынына сенемін, - деді осы сұхбаты арқылы Қазақстан ұлттық құрамасының ЭКС-бас бапкері болғанын растаған Какау.

Естеріңізге сала кетейік, Еуропа чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы жартылай финалға дейін жетіп, төртінші орынды еншіледі.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика