Вернуться к списку статей

Қаңтардан қалып қойсаң, сапалы легионер табу қиын

Футбол
1K
Қаңтардан қалып қойсаң, сапалы легионер таппайсың
Ресми түрде жаңа жылдан кейін ашылған Еуропа чемпионаттарындағы трансферлік терезе 31 қаңтарға дейін жалғасады. Біздің клубтарға да өздеріне қажетті легионерлермен осы аралықта келісімшартқа отырып алған дұрыс шығар. Неге дейсіз ғой? Өйткені, сапалы легионерлер қаңтардан қалмайды.

Жаңа жылды атап өте салысымен Қазақстан клубтары жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Кейбірі оқу-жаттығу жиындарын өз жерінде бастаса, кейбірі Жерорта теңізінің жағалауын жағалап жүр. Алғашқы трансферлік жаңалықтарды да ести бастадық. Бірақ көбісі қазақстандық футболшыларға қатысты. Ешқайсысы әлі легионерлермен толыққан жоқ. Бірақ, біздіңше қазақстандық клубтарға өздеріне қажетті жақсы легионерлермен қаңтар аяқталғанша келісімшартқа отырып үлгерген дұрыс секілді. Неге дейсіз ғой?


Еуропа елдерінде трансферлік терезе жаңа жылдан кейін бірден ашылып, 31 қаңтарда жабылады. Міне, сапалы легионерлер де осы кезге дейін өздеріне жаңа команда тауып үлгеруге тырысады. Біздің клубтар да дәл осы аралықта алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, негізінен Түркияның Анталиясында болады. Небір футбол агенттері де сол жақта. Кез-келгенімен келіссөздер жүргізіп, сапалы легионерлерді тартуға да мүмкіндік бар. Бірақ, біздің клубтардың бір ауруы бар. Легионерлерді ұзақ қарайды. Екі-үш апталап ұстайтындары да жоқ емес. Сөйтіп, бірінші жиында бір шешімге келе алмай, «келесі жиында міндетті түрде келісімшарт жасасамыз» деп тарқасады. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген бар емес пе? Дегенмен, келесі жиынға дейін күтіп отыра берсін бе, сапалы легионер өзіне басқа клуб тауып ала қояды да, көп жағдайда «таңдаған тазға жолығадының» кебін киіп жатамыз. Сондықтан шығар, өткен маусымда ел чемпионатында Руслан Мухаметшин, Сергей Политыло, Преслав Йорданов сынды легионерлер аз болған жоқ. Ал сапалы легионерлердің көбі Қазақстанға қаңтарда келген. Мәселен, «Шахтерде» өзінің алғырлығын дәлелдеп, «Астанаға» ауысқан серб Марко Становичпен қарағандылықтар былтыр келісімшартқа қаңтар айында отырған. Сол секілді, «Шахтер» үшін 10 гол соққан жартылай қорғаушы да 31 қаңтарға дейін келген ойыншы. «Астанадағы» Иван Маевский, «Ертістегі» Родриго, «Қайраттағы» Иво Иличевич те солай.


Болгар шабуылшысы Преслав Йорданов "Ордабасы" сапында 17 ойында 4-ақ гол соқты

Сондықтан, сапалы легионер іздесең, қаңтардан қалмау керек шығар. Оның үстіне, 2-3 апта қаралымда ұстай бермей, тәжірибелі, шебер екенін байқасаң, бірден келісімшарт ұсынған жөн болар. Қанша дегенмен, білікті бапкер сапалы ойыншыны бір көргеннен-ақ анықтай білуі тиіс. Тіпті болмаса, қазір қажетті ойыншың туралы керекті ақпараттың барлығын алдыңа жайып салатын сараптамалық сайттар жетіп жатыр.

Ал қаңтарда үлгермесең, жақсы легионерлерді жазда қараған жөн-ау. Өйткені, маусым айында Еуропа елдерінде жазғы трансферлік терезе ашылып, тамыздың соңына дейін жалғасады. Осы аралықта да «Кәртамыс құрлықтан» сапалы ойыншыларды табуға болады. Мәселен, Патрик Твумаси, Жуниор Кабананга, Жерар Гоу, Исаэл сынды мықтылардың барлығы қазақ футболына жазда қосылған жампоздар.

Әлбетте, бұл қаңтардан кейін сапалы легионер іздеп әуре болма деген сөз емес. Мысалға, «Астана» венгриялық Сержан Граховацпен маусым басталуға жақын қалғанда танысқан. Дегенмен, ең бастысы, қаңтарда қателеспей, хас легионерлерді негізінен осы аралықта қарастырған жөн сияқты.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика